Абай мектебінен тәлім, өнеге алып өскен талапты жастардың бірі – Тайыр Жомартбаев. (азан шақырып қойған аты Тайлақбай) Тайыр Жомартбаев – жазушы, драматург 1884 жылы Семей облысы, Абай ауданы, Мұқыр ауылында дүниеге келген.
Әкесі Жомартбай: ескіше сауатты көзі ашық, еллге сыйлы құрметті адам еді. Жомартбайдың бәйбішесінен жеті ұл: Сәрсенбай, Ибраһим, Хасен, Ғабдолла, Шамали, Тайыр және Төлеубай.
Болашақ педагог-ақын Тайыр Жомартбаевтың алғашқы тәлім алған ұстазы – Абайдың ақын шәкірті, адал досы Көкбай Жанатаев болды. Алғашқы білімді Көкбай медресесінен алған Тайыр араб, түркі және орыс тілдерін үйрене бастайды. Тайырдың ағасы Хасен, жақсы көретін інісін Семей қаласына әкеліп, қалада тұратын жақын туыстарының үйіне орналастырып, медресеге оқуға түсіреді.
Семей медресесіндегі оқуын тәмамдаған талапты жас Тайыр өнер-білім қуып, Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде 1908-1911 жылдары оқыған.
«Медресе-Ғалияда» – шығыстану пәндері, логика, философия, тарих, география, математикамен қатар орыс тілі, орыс әдебиеті оқытылған.
Медресені тәмамдаған соң сол медреседе өзімен бірге оқып шыққан Адығия Фахирисламқызына үйленіп, Семей қаласына келеді.
Семейдің қазіргі Жаңа Семей бөлігі ол кезде Заречная слабодка деп аталатын бөлігінде 1910 жылы ашылған Жақия қажы мұсылман мектебінде Тайыр ер балаларға, әйелі Адығия қыз балаларға сабақ береді.
Тайыр жаңашыл мұғалім ғана емес, мәдени-ағарту ісіне белсене ат салысқан, сол кездегі белгілі мәдениет, әдебиет қайраткерлерінің қатарында болған адам.
Тайыр Жомартбаевтың өлеңмен жазылған «Балаларға жеміс» атты кітабы Семей қаласында 1912 жылы «Жәрдем» («Ярдам») деп аталатын баспаханадан басылып шықты.
Бұл кітап жинағында басылған Тайырдың барлық 16 өлеңі, сондай-ақ бұрын баспа бетінде жарияланбаған 14 өлеңі енгізілген. Сондай шығармаларының қатарында «Су болған жаңбыр жаумай», «Тілек», «Ербосынға», «Құранға арнадым», «Масғұтқа», «Сайпеңе», «Бибіжанға», «Қос қыз», «Күмісқасқа», «Оразғалиға», «Есешке» атты арнау өлеңдері мен мақалалары және фелетоны бар. Әйтсе де Тайырдың кейбір өлеңдері мен мақалалары, фельетоны күні бүгінге дейін баспа бетін көрген жоқ.
Ұстаз, ақын жас ұрпақты оқуға шақырып, өнер-білімнің пайдасын, қадір-қасиетін баланың құлағына жағымды, көңіліне қонымды етіп әсерлі көркем суреттеп берді. Ақын өлеңдері: жас буынның сана-сезімін оятып, көңіл көзін ашып, адамгершілікке, ізгілікке, мейірімді, бауырмал болуға, адалдыққа, еңбекке баулып, тәлім-тәрбие жемісін беруге арналған.
Қаламгердің мақалалары мен фельетонында еліміздің ХХ ғасырдың бас кезіндегі күрделі мәселелерді терең толғағандығын, соның бәрінде ол биік тұрғыдан, аса жауапкершілікпен, өмір ағымына бейімділігімен көріне білді. Жарияланған мақалаларының көркемдік дәрежесі, ондағы көтерілген мәселелер өзектілігімен, тағылымдық, өнегелік жағынан құндылығымен ерекшеленеді. Бар өмірін, бар білімін, қажыр-қайратын бала тәрбиесіне, жастарға арнаған Тайырдың әр шығармасынан «халқым», «ұлтым» деп соққан жүрек жылуы, ілтипатты сезімі анық аңғарылады.
Әдебиеттер тізімі:
- Мұхаметханов, Қ. Ақын, жазушы, педагог [Мәтін] : [педагог-жазушы Т. Жомартбаев туралы] / Қ. Мұхамедханов // Қазақ әдебиетi. – 1996. – 23 қаңтар. – Б. 12-13.
- Әбдешев, М. “Осы ма, қазақ, өмiрiң?” [Мәтiн] : Тайыр Жомартбаевтың өмiрi мен шығармашылығы / М. Әбдешев // Айқын. – 2006. – 7 қараша. – Б. 6.
- Әбдешев, М. Ұлт жанашырының талайым тағдыры [Мәтін] / М. Әбдешев // Құқықтық Қазақстан. – 2007. – 30 мамыр. – Б. 2.
- Бердин, Е. Тайыр Жомартбаев [Мәтін] : естелiк / Е. Бердин // Жұлдыз. – 1963. – № 10. – Б. 152-153.
- Жиреншин, Ә. Тайыр Жомартбаев [Мәтін] : [педагог, жазушы] / Ә. Жиреншин // Қазақстан мұғалiмi. – 1964. – 20 ақпан.
- Зұлхаров, Ғ. Қазағым-қандасымда еркелеттім [Мәтін] : [жазушы Т. Жомартбаевтың шығармашылығы туралы] / Ғ. Зұлхаров // Ертіс өңірі. – 2010. – 24 наурыз. – Б. 12-13.
- Зұлқаров Ғ. “Қазағым – қандасымды еркелеттiм” [Мәтін] / Ғ. Зұлқаров // Түркiстан. – 2012. – 22 қараша. – Б. 6.
- Қабышев, Т. Абайдың поэзия дәстүрiн дамытушы Тайыр ақынның өмiрбаянына қатысты тың деректер [Мәтiн] : Т. Жомартбайұлының туғанына 120 жыл / Т. Қабышев // Семей таңы. – 2004. – 26 қараша. – Б. 4.
- Қабышев, Т. Т. Жомартбаев өмірбаянына қатысты тың деректер [Мәтін] / Т. Қабышев // Ұлт тағылымы = Достояние нации. – 2004. – № 2. – Б. 178-183.
- Қабышев, Т. Тайыр Жомартбаев [Мәтiн] / Т. Қабышев // Шәкәрiм. – 2009. – № 1. – Б. 100-105.