Көкбай Жанатайұлы
(1864-1927)

Көкбай Жанатайұлы – ақын, Абайдың ең талантты ақын шәкірттерінің бірі. Көкбайдың өлеңмен жазған «Арап тілінің грамматикасы» еңбегі, «Сабалақ», «Құлынды», «Ғаділ патша», «Арұнрашит» дастандары, Әріп, Кемпірбай, Жүнісхан, Жидебай, Саржандармен айтыс, т.б. шығармалары көпке мәлім.  Абаймен 1880 жылдардан бастап, жиырма бес жыл жолдас, дос болған адам.

Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы, қазіргі Семей облысы, Абай ауданында туған. Тобықты ішінде Көкше руынан. Көкбайдың үшінші атасы — Есбай, Көкше ішіндегі жуан ата саналады. Есбайдың бес баласы: Сарымсақ, Сапақ, Жамантай, Көбентай, Бәйтен. Бұлардың бесеуі де, шетінен ділмар, шешен әрі пысық болып, «Есбайдың бес жүйрігі» атанған. Сапақтың баласы — Қаратай шешен, Құнанбаймен тізелес, Көкшенің ру басы адамы. Жамантайдың баласы — Жанатай. Жанатайдан — Көкбай.

Көкбай он жасынан бастап, он бес жасына дейін, Төлетай деген молладан оқиды. Он бес жасында оқуды тастап, бозбалалық құрып, ойын-сауық, той-думан қуып кетеді. Ән-күйге, өлең-жырға құштар, талапты жас Көкбай, домбыра тартып, ән салып, өлең айтып, ауыл арасының ойын-сауығынан қалмайтын болады. Кісінің мінез-құлқын, жағымсыз қылығын, ұнамсыз жүріс-тұрысын әзіл-қалжың етіп, қолма-қол суырып салып өлең шығаруға жас күнінен бейім болады.

Көкбай 1901 жылы Мұқыр болысына молда болып сайланады. Ұстазы Абайдың ақыл-кеңесімен, рұқсатымен 40 жасынан бастап Тақыр өзенінің бойындағы қорасының қасынан медресе салып, бала оқытуға кіріседі. Көкбай Жанатайұлы ел ортасында медресе ашып, ағартушылық іспен айналысуымен қатар, мұсылманға үлкен сауап болатын құдайдың үйі-мешіт салдырады. Мешіт 1908 жылы Абай қайтыс болғанына төрт жыл болған кезде толық салынып бітеді.

Көкбай ақын 1913 жылы Мекке, Мәдинеге барып өзінің мұсылмандық парызын өтеп қайтады. К.Жанатайұлы Тақырдағы медресесінде әрі ұстаз бола жүріп, сол кезде құрылып жатқан уездік земствоның мүшесі болған. 1920 жылдардан ауырып-сырқай бастаған Көкбай замана талабы сол болғандықтан, Кеңес өкіметінің саясатымен өзге жолмен оқытатын оқу әдісіне, жүйесіне қарсылығын білдірмей, өзінің қаншама жыл ұстаздық еткен, маңдай тері, адал еңбегімен салынған медресесін жаңаша дәріс беретін мұғалімдерге босатып береді. Көкбай медресесі 1901 жылдан 1921 жылға дейін ескіше жұмыс істеген. Жаңа оқу жүйесімен оқытатын мұғалімге босатып берген мектебі 1928 жылға дейін мектеп болады.

Ақын шығармалары шәкірттерінің, ағайындарының, жекелеген жинаушылардың орасан зор еңбегінің нәтижесінде сақталды. Көкбай ақын туралы алғашқы там-тұмдаған пікірлер 1933 жылдан бастап көріне бастады. К.Жанатайұлының Абай тәлімін алған талантты шәкірті екендігіне, ұлы ақынның дәстүрін жалғастырушы болғандығына тұңғыш ғылыми тұрғыда анықтама берген М.О.Әуезов еді. М.Әуезов 1934 жылғы «Абай ақындығының айналасы» мақаласында Абайдың төрт ақын шәкіртінің бірі деп Көкбайды атайды.

Көкбай – Абай мектебінің адал ұлы. Өйткені,  ол – Абайдың ұлағатты принципін мықты ұстанған ақиқатшыл, шыншыл тұлға. Ол құдай берген табиғи дарынының, жаратылыс болмыс бітімінің арқасында Абай салған даңғыл жолдан таймаған ақын. К.Жанатайұлының ақындық талантының ұшталуына, дүниетанымдық көзқарасының кеңеюіне Абайдың, Абай мектебінің зор ықпалы болғаны белгілі. М.Әуезовтің өзі Көкбайдың ақындығы туралы сөз қозғағанда: «Ол кезде Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырып салма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай бұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие ғып шығарады», — деп, Көкбайдың жай ақындардың бірі емес, талантты ақын екендігіне назар аудартады.

Көкбай, біріншіден, импровизатор ақын. Ақынның «Оспанға», «Мұсажанға», «Молдабайға», «Төребайға», «Сараңбайға», «Зағипаға» сияқты өлеңдерінің көпшілігі табан астында дүниеге келген. Ал, олардың көпшілігі бірқақпайлар болып келеді. Олар табан астында шығарылған бір, не болмаса екі шумақ көлеміндегі өлеңдер тобы. Бірқақпайлар көбінесе адам мінез-құлқындағы, не кереғар ісіндегі кемшіліктерді әжуалауға, яки болмаса әзіл-оспақпен келемеждеуге арналған. Көкбай өзі ұнатқан адамы болса пір тұтып, асқақтата, мақтауын асыра жырлаған.

«Ал, кейін Көкбай шығарған өлеңдерді алсақ, бұл жағынан да Абайды үнемі өзіне ұстаз, аға тұтқан Көкбай барын айқын танып отырамыз» ,- деп М.Әуезов айтқандай, Көкбай өлеңдерінен Абай бейнесін үнемі кездестіріп отырамыз. «Семейге Абай келсе, бізге думан», «Абайдан сабақ алдым бала жастан» деп басталатын өлеңдерімен қатар, көптеген шығармаларында Абай ұлылығын жыр етуден таймаған.

Көкбай өлеңдерінің негізгі кейіпкерлері — замандастары, туыс-жақындары мен ауылдастары, бір сөзбен айтсақ өз ортасы. Олардың дені арнаулар. Көкбай арнаулары мазмұн жағынан алғанда мақтау және сынау түрінде туған. Мақтап шығарған өлеңдеріне жоғарыда келтірген Абайға, Оспан мен Молдабайға, Базаралыға, Ә.Бөкейханұлына, Ленинге арналған арнауларын жатқызуға болады.

1924 жылдан бастап Абайдың өмірбаянын жазушыларға және барлық толық жинағын құрастыруға Көкбай барынша зор көмек еткен. Заманында Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырып салма, импровизацияға  ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз.  Сол талантын бағалап, Абай өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие қылып шығарады. Көп өлеңдерін өзі жазып, Көкбай атынан таратады.

Көкбай тек өз ауылдастарының, замандастарының, халқының өміріндегі кездесетін келеңсіздіктерді құр сынаушы ғана емес, оларды мұндай қасиеттерден, әдеттерден арылуға, адамгершілікке, парасаттылыққа шақырушы. Ақын адамгершілік қасиеттерді әрі уағыздаушы, әрі оны бағыт ретінде көрсете білуші. Яғни, ақынның басты мақсаты – кереғарлықты түзету, кемшілікті жою. Көкбай өлеңдерінің түп-төркінінде, негізінде осы мақсат жатыр. Бұл ақынның Абайдан үйренген ізгі қасиеті.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Әуезов Мұхтар. Абай Құнанбаев .- Алматы: САНАТ, 1995.-Б. 312
  2. Бес ғасыр жырлайды. – Алматы: Жазушы,1989.- Б. 305
  3. Қазақстан ұлттық энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы: 2002.-Б. 680-681
  4. 4. Мұхамедханов Қ. Көкбай Жанатайұлы [Мәтін]/ Қ. Мұхамедханов // Абайдың ақын шәкірттері. – Алматы: Дәуір, 1994.- 2-ші кітап. – Б. 38-69.
  5. Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. 4-том. Абай мұрагерлері. Естеліктер.-Алматы «Алаш».-2005.-328 б.