Өлмейтұғын сөз ғана емес, өлмейтұғын ән қалдырған Хакім Абайдың музыкалық мұрасы – абайтану ғылымының бірден-бір сүбелі саласы. Абайдың музыкасы, композиторлық қырының да өзіндік мектебін қалыптастырушы ұстаз деп айтуға толық болады.
Әр түрлі халықтардың мәдени тарихында өз шығармашылығымен әдебиеттің дамуына, сонымен қатар өзінің және кейінгі ұрпақтардың музыкалық өнеріне де үлкен прогрессивті ықпал еткен адамдар көп емес. Қазақ халқында осындай таланттары ұштасқан көрнекті тұлға ақын-ағартушы, композитор Ұлы Абай Құнанбаев.
Ұлы ақын, ағартушы Абай музыка саласында да орасан зор мұра қалдырды. Жазба әдебиетіміздің негізін салған Абай өзінің асыл өлеңдерін, қарасөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа қалдырса, музыка жөнінде оның мұндай мүмкіншілігі болмады. Өйткені Абай өмір сүрген кезеңде қазақта музыканың жазба мәдениеті жоқ еді, халықтық музыка ауыздәстүрлік қалыпта еді. Сондықтан Абай әндері де қазақтың басқа халықтық ән-күйлері сияқты ауыздан-ауызға, заманнан-заманға ауыса отырып жетті.
Абай заманындағы қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайлары, оның қараңғылық пен надандыққа қарсы күресі, оның ағартушылық қызметі, сайып келгенде, музыкалық өнердің халық өміріндегі маңыздылығын түсінуі Абайдың композитор ретінде қалыптасуына ықпал етті.
Оның әндері ақынның музыкалық талантын жан-жақты ашады. Абай халық алдында жалынды ағартушы, дос және тәлімгер, қазақ және орыс халқының достығы мен бауырластығының өкілі. Абайдың музыкалық талғамы XIX ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. Бұл кезде халық музыкалық классикасының қалыптасуы қызу жүріп жатқан және халық музыканттарының орындаушылық қабілеті жалпыға бірдей танылған кез еді.
Абай Құнанбаевтың музыкасын нәрлендіретін дереккөздер – қазақтың, ішінара орыс музыкасы болды.
Абайды зерттеушілердің еңбектерінен, Абайдың бала кезінен халық шығармашылығына қызығушылық танытып, халық поэзиясын, әндерін, күйлерін зерделеп сүйетіндігі белгілі. Ол өзі білетін Біржанның, Ақансерінің, Тәттімбеттің және басқа да көптеген көрнекті халық композиторларының шығармаларын жоғары бағалаған. Ол өмір сүрген ауылда музыка үнемі шырқалып тұрды, оның жақын достарының арасында оның әнін халық арасында таратуда үлкен рөл атқарған ақындар, әншілер мен аспапшылар болды.
Абай заманында музыкалық мәдениеттің дамуында уйде өтетін концерттердің, үрмелі және ішекті оркестрлердің концерттері, орыс және украин театрларының жергілікті сахналарында көрсеткен көрсетілімдерінің маңызы ерекше болды. Осының арқасында орыс және батыс композиторларының әндері, ариялары мен романстары күнделікті өмірге еніп, үй концерттерінде үнемі орындалды. Мұның бәрі Абайдың орыс музыкасына деген қызығушылығының артуына белгілі әсер етті. Абай А.С.Пушкинді, М.Ю.Лермонтовты, И.А.Крыловты оқып, аудара, орыс композиторларының – М.И.Глинка, А.Л. Гурилева, А.А. Алябева А.Г. Рубинштейннің шығармашылығына ерекше қызығушылық танытты.
Абайдың үлкен еңбегі – ол музыкалық өнердің прогрессивті маңыздылығын адамдарды, халықтарды жақындастыратын фактор ретінде терең түсініп, өлеңімен және поэзиясымен осы ұлы іске сәтті үлес қосты.
Абайдың музыкалық мұрасы – қазақ халқының революцияға дейінгі ән мәдениетінің маңызды органикалық мазмұны. Оның мазмұнына академик Б.В. Асафьев терең сипаттама берген. Ол былай деп жазды: «Қазақ әндері эмоционалдылықпен, тазалықпен, сезім айқындығымен және терең көркем шындықпен таң қалдырады. Оларды тыңдай отырып, сіз көп адамгершілікпен, терең шындықпен және көркемдік өлшем мен талғаммен әдемі көрінетін жоғары адамгершілікпен қарым-қатынастың керемет қуанышын сезінесіз.
Абайдың әндері туған халқының музыкалық өнеріндегі сәулелер мен құндылықтарды ғана емес, сонымен қатар бұл дәстүрлерді өз заманының рухына сәйкес шығармашылық тұрғыдан ойластырылған түрде дамыды.
Музыка саласында жазба мәдениеттің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі: олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында. Абай әндерінің өзгешелігі — мелодиялық, ырғақтың жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында. Абай әндері алғашында оның өз айналасына, ауыл-аймағына, кейін жалпы қазақ арасына тарай бастады.
Абай әндері, халықтық негізден нәр алғандықтан, халық әндерімен тамырласып жатқандықтан нотаның жоқ кезінде-ақ, ауыздан ауызға көше отырып, қалың бұқараның игілігіне айналды. Бұған бұрын соңды қазақтың халықтық музыка салтында болмаған жаңа музыкалық өткір тіл мен жаңашыл өлең текстіне құрылуына себеп болды.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қызыл Армияның саяси қызметкері Эльвин Бимбоэс Ақмола ауданында қазақ музыкалық фольклорын жинай бастады, 1927 жылы шыққан алғашқы жазбаларының ішінде Абай әндері пайда болды. Болашақта бірде-бір фольклорист өзінің жеке жинақтарын Абайдың әндерінсіз шығармайтын болды. Олар А.В.Затаевич, А.К.Жұбанов, Л.А.Хамиди, Е.Г.Брусиловский, Б.Г.Ерзаковичтердің жазбаларында.
Абай әндері бізге, автордың өз нұсқасындай өзгеріссіз, қосымшасыз жетті деп айта алмаймыз. Ауыз дәстүрі әрқашан да бұл жағына өз әсерін тигізіп отырады. Орындаушылардың неше алуан ерекшеліктеріне қарай Абай әндерінің өзгеріп отырғандығы да даусыз. Бір ауылдан бір ауылға, бір елден бір елге жеткен сайын түрленіп, құбылып, алғашқы түбірінен алыстай беретін лақаптар сияқты ауыз дәстүрлік қалыптағы әндер де бастағы кейпін өзгерте береді. Абай әндері де, осы айтқандай, бізге көптеген варианттармен жетті.
Баршаға белгілі, Абай ұлы орыс мәдениетінен нәр алып, орыс халқының демократ ақын-жазушыларының шығармаларын оқи, зерттей отырып, қазақ әдебиетінде өзіне дейін болмаған жаңалықтар тудырды. Ол Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын қазақшаға аударып, соларды қазақ арасына жаюшы, насихаттаушы болды. Осылай оқи, зерттей, аудара отырып, Абай өз өлеңдеріне жаңа ырғақ, жаңа өлшем енгіздіМұның өзі оның музыкалық творчествосына да әсер етті.
Жаңа ырғақ – өлшем, жаңа кейіпті мелодия жолы, жаңа үн сөздіктері- осы үшеуі Абай музыкасының жаңалығы болды. Бұрынғы он бір және жеті- сегіз буынды өлеңдермен айтылатын әндерге Абай әндері ұқсамады. Абай тудырған жаңа поэзия лебі оның әндеріне де жаңа лебіз берді.
Абай тудырған жаңа поэзия лебі оның әндеріне де жаңа лебіз берді. Оның үстіне Абайдың «Евгений Онегинді» аударып, «Татьяна хатына» өзінің ән шығаруы, Дельвиг пен Глинканың «Сұрғылт тұманын», Рубинштейннің «Мен көрдімін», Лермонтовтың «Қараңғы түнде тау қалғыбын» аударып, оларға ән шығарғаны Абайдың музыка сөздігін байытуға әсер етті. Тағы бір айта кететін нәрсе — Абай әндері, сөзі, музыкасы біте қайнасып жатқандықтан, өзіне дейінгі қазақтың халық әндерінше, орындаушының көрінген өлеңге жегіп алып, жүре беруіне келмеді. Мысалы, «Қараторғай», «Екі жирен»,«Жиырма бес», «Аққұм» сияқты әндерді бірінің сөзімен бірін айта бересің де, Абайдың «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң» сияқты әндерін бірінің сөзімен бірін айта алмайсың. Қазақтың халықтық ән дәстүрінде бұл да бұрын-соңды кездеспеген жағдай деп айта аламыз.
Абайдың композиторлыққа басқалардан өзгеше жолмен келуі – оның творчествосына заманының алдын орған жаңалықтарының болуы. Абай әндерінің ырғақтық, үндік, мелодиялык, жақтарының өзіне дейінгі қазақтың халық әндерінде болмаған қасиеттерге ие болуының тағы бір себебі — Абай ерекше бір музыкалық ортада болды, бір жағынан, өзінің асқан музыкалық қабілетінің, музыканы жан-тәнімен сүюінің арқасында қазақтың халық музыкасын жақсы біліп, Семей қаласына гастрольге келген артистердің концерттерін тыңдап көру арқылы орыс музыкасымен тікелей танысып отырса, екінші жағынан, айналасына топталған өнерпаздардың кейбіреулері орыс халқының музыкалық үлгілерімен таныс адамдар болды (өз баласы Әбдірахман, скрипкашы Мұқа). Олар Абай шығарған әндерді тыңдаушы ғана емес, бабына келтіріп орындаушы, дос бейілді кеңесшілер еді.
Абайда Мұхит, Біржан сияқты күшті дауыс болмаса керек. Ол тек өз даусының жеткенінше ғана әнді айтып шығарды. Ол — ақын, композитор, орындаушы арасында жетілген еңбек бөлісі жоқ кездегі жағдай еді. Шығарманы бірінші рет орындаушы да, кейін оны халық арасына таратушы да шығарушының өзі болады.
Абайдың:
Адам аз мұны біліп ән саларлық,
Тыңдаушы да аз ол әннен бэһра аларлық, –
дегені осы бір жағдаймен байланысты болу керек. Әннің мәнін түсіне айтатын орындаушы мен оны бағалай білетін, жаңа үнді жаны түсінетін тыңдаушыны арман еткен, бұрынғы қара дүрсіндікпен күресіп келген Абай, жаңа әндерінің көпке баяу тарағанына қын жылады. Алайда идеялық көзқарасында еңбекші халықтың мұңын жоқтауға көшкен Абай өзінің өлеңдерінде де, қарасөздерінде де, әндерінде де осы идеяны қолдап отырды. Поэзияның тілі жетпеген жерде Абай өлеңге ән қосты.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген Абай музыканың да адам өміріндегі өзгеше орнын басқадан ерекше сезген. Абай әнді ермек үшін де, қосымша кәсіп болсын деп те шығармаған. Ол жан сырын халыққа тек поэзия тілі арқылы ғана жеткізуді місе тұтпай, сонымен бірге халқымен музыка арқылы да тілдесуді жөн көрген.
Абай әндері қазір бүкіл елімізге кең тарап кетті, олар көптеген тілдерде айтылады. Абай арман еткендей, айтушы мен тыңдаушы қазір бір-біріне сай. Абай әндерін концерт сахналарынан, радиодан, опера, драма кейіпкерлерінің, көркем өнерпаздар үйірмелерінің орындауынан естиміз. Абай әндері сауық-кештерде, дастархан үстінде шырқалады. Қысқасы, Абай әндері біздің мәдени-өмірімізге тығыз араласты деп айта аламыз.
Абай әндері нотаға түскен күннен бастап фортепианолық сүйемелдермен, жеке дауысқа арналып, хорға түсіріліп орындала бастады. Бертін келе Қазақстан композиторлары Абай әндерін өздерінің шығармаларына тақырып, арқау етіп енгізді. Абай әндері негізінде жеке аспаптарға (ұлт аспаптарына, симфониялық оркестр аспаптарына), шағын ансамбльдерге (трио, квартет, квинтет) және үлкен оркестрге арнап шығармалар жазды. Абай әндері «Абай» операсына молынан кірді. Онда Абай әндері өзінің алғашқы қалпында да, творчестволық дамулы, өзгерісті түрінде де енді (оркестрде, хорда, ансамбльдерде).
Абай музыканы сыртқы дүниенің сәулесі деп топшылайды.
Жақсы ән тыңдасаң ой көзіңмен,
Өмір сәуле көрсетер судай тұнық.-
деп, Абай әннің сыртқы дүниенің сәулесі, бейнесі еркін екенін көрсетеді. Ол сыртқы шындық біздің сезім мүшелеріміз арқылы бастағы миға жетеді. Деген пікір айтады.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Немесе,
Жүрек тербеп оятар бста миды,-
дейді.
Ән – күйдің сана-сезімге, көңілге әсер ететінін айта келіп, Абай: «Салған ән көлеңкесі- сол көңілдің десе», екінші бір жерде
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балша көңілді жақсы уатар,-
дейді.
Әнде көңіл күйі сан түрлі болатынын (музык тілімен айтқанда, мажор, минор) Абай шебер түсіндіреді.
Әннің де естісі бар, есесі бар,
Тыңдаушының құлағының кесесі бар.
Немесе:
Құр айғай бақырған.
Құлаққа ән бе екен,-
Деген өлең жолдарында Абай музыканың жан қылын шерту орнына, жаныңды түршіктіретіні де болатынын айтады.
Данышпан Абай күй жөнінде де өте өткір пікірлер айтты. Күйдің текстсіз айтылатын ән екенін сезген Абай:
Мұңмен шыққан, оралған тітті күйге,
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық,
немесе:
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар,-
дейді.
Бұл жодардан Абайдың күйді жете түсінгендігі көрініп тұр.
Абай орындаушылыққа үлкен мән берген адам. Жақсы шығарылған ән-күй жаман орындаушының қолына түскенде «ауыздан шыққанда өңі қашатын көңілдегі көрікті ойдың» кебін киетінін де Абай білді. Шығарушылық пен орындаушылық екі түрлі қабілет екенін ол жақсы түсінді. Сондықтан жоғарыда айтылғандай, Абай алғашында өз әндерінің шығарушысы да, оларды бабына келтіріп, орындаудың нұсқаушысыда, ән-күйдің, әншіліктің сыншысы да өзі болды.
«Тәңірі қосқан жар едің» -деп басталатын орысты ақыны А.С.Пушкиннің «Евгени Онегин» романынан аударған «Татьяна сөзі» атты Абай әнінің әуенін 1919 жылы тұңғыш рет Ақмола ауданында өнрепаз, қазақтың тұңғыш журналист қызы Назипа Құлжанованың айтуы бойынша, Ақмола губерниясы саяси бөлімінің қызметкері, офицер А.Э.Бэмбиос өнерпаз нотаға түсірген. Бірақ әннің өлеңін нотаға қосып жазып алмаған. Бұл ән нотасы өлеңінсіз «Қазақстанның халық мұрасы» жинағында «Татьянаның хаты» деген атпен жарық көрген. Міне, бұл Абай әндерінің нотаға түскен алған қарлығаштарының бірі еді.
Осыдан кейін тағы да сол өнертанушы А.Э.Бимбоэс 1920 жылы Ақмола қаласында әнші – ақын Мұстафа Нұрбаевтың орындауынан Абайдың «Сегіз аяқ әнін» алғаш нотаға түсіріп, тағы да өлеңінсіз баспа бетіне жариялаған. Бұл Абай әндерін нотаға түсірудің тұңғыш бастамасы болды.
Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін 1922 жылы Серғазы Тәмтеев сынды өнерпаздың орындауынан А.В. Затаевич нотаға түсірген. Бұл ән де «Әр халық әндері» жинағына «Ғашықтық» деген атпен өлеңінсіз жарияланып, нотасымен жарық көрген.
Біздің пайымдауымызша, бұл 1919-1922 жылдары Абай әндері көбінекей өлеңінсіз нотаға түсіріліп, баспа беттерінен жарық көре бастаган. Мұның өзі сол жылдардың өзінде – ақ Абай әндері халық арасына кеңінен тарап, Абай ән мұрасының халықтық сыйпат алғандығын аңғартса керек.
А.В.Затаевич 1930 жылы Мәскеу қаласында жазушы Сәбит Мұқановтың айтуынан Абайдың «Тәңір қоскан жар едің сен» – деп басталатын «Татьяна сөзі» әнінің төртінші түрін нотаға түсіріп, «Әр халық әндері» жинағында «Абай Қүнанбаевтың Татьянаға жазған хаты» – деген атпен өлеңінсіз ән нотасын бастырады.
Абай әндерін нотаға түсірумен ерте айналысқан үшінші өнерпаз – ол Борис Георгиевич Ерзакович. Ол бұл жұмысты 1934 жылы Алмты қаласында әнші өнерпаз Темірболат Арғынбаевтың орындауынан Абайдың «Сегіз аяқ» әнінің үшінші түрін нотаға түсіруден бастайды. Сол сияқты «Ата-анаға көз қуаныш» деп аталатын Абай әнін де нотаға түсіріп, этнографиялық жинақтарға бастырды.
Абайдың философияға толы романсы – «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын». Бұл романсты біздерге түңғыш жеткізуші ұлы жазушы Мүхтар Әуезов. Бүл романстың өлеңін Абай орыстың ақыны В.А. Крыловтан еркін аударған.
Мұхтар Әуезовтың айтуы бойынша А.В. Затаевич те, Б.Г. Ерзакович те Абайдың ән мұрасын жинақтап, ел арасында Абай әндерін айтатын өнерпаздарды іздеп тауып, әндерді нотаға түсіруде көп еңбек сіңіргендігін байқай аламыз.
Абайдың музыкалық мұрасы тек совет өкіметі тұсында ғана жиналып, нотаға түсіріле бастады. Қазақтың халық музыкасын жинаушы А. Затаевич 1925 жылы Абайдың бірнеше әнін нотаға түсіріп жариялады. А. Затаевичтің игі қызметінің бірі – ол әндердің бір түрін (вариантын) ғана қағазға түсірумен қанағаттанбай, қандай басқа «бұтақтры» болса да шөмшектеп тере білуі.
30 жылдарда композиторлар Б. Ерзакович және Л. Хамиди Абайдың 20-дан аса әнін нотаға түсірді. Бұл әндердің бірқатары Абайдың екі томдық өлеңдер жинағында да басылды. 1939 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамы Абайдың немересі Мәкен Тұрағұлқызы Мұхаметжанованың орындауымен Абайдың 16 әнін нотаға жаздырды. Бірқатар білімпаздардың ұйғаруынша, Мұхаметжанованың орындауындағы Абай әндері автордың оригиналына жақын болуы керек. Қазақтың халықтық музыка үлгілерін жинаушы кейбір мекемелерде, жеке адамдардың архивтерінде сақталып жатқан Абай әндерін шамамен есептегенде, түрлі варианттарын қосқанда, жалпы саны қырыққа жуық болады.
Абай әндерін тыңғылықты нотаға түсіріп, жариялаудың, ел ішінен іздеп, жинақтаудың үшінші кезеңі 1933 жылдардан басталады. Бұл жылдары музыка зерттеушілер мен композиторлардың қатарына жаңадан тың леп келіп қосылады. Композитор Е.Г.Брусиловский Абай әндерін зерттеп, жинауды, нотаға түсіруді одан әрі жалғастырады. Абайдың «Біреуден біреу артылса», «Қор болды жаным» деп аталатын екі әнін әнші Әміре Қашаубаевтың орындауынан нотаға түсіреді.
Ал Қазақстанның белгілі композиторы Латиф Хамиди өзінің музыкалық зерттеу жүмысын Мұхтар Әуезовтің кеңесі бойынша Абай әндерін нотаға түсіріп, өңдеуден бастайды. Ол 1934 жылдары Семей қаласында еңбек етіп, Абай әндерін орындаушылардың ортасында болады. Абай әндерін нотаға түсіру ісіне Абайдың туған інісі Ысқақтың немересі Кәкәтайүлы Әрхам өзінің айтулы үлесін қосады. Ел арасына көп тарамаған Абай әндерін Абай ауылынан Семейге әкеліп, Л.Хамидиге нотаға түсіртеді. Әрхам Кәкітайүлының 1935- 1939 жылдары Л. Хамиди арқылы нотаға түсірткен Абай әндері негізге алынып, күні бүгінге Әрхам арқылы жеткен Абай әндерінің түрлері шырқалып, ел арасына кеңінен таралып, баспаларға басылып, композиторлардың тарапынан өңделіп келгендігі белгілі болып отыр.
Латиф Хамидидің Абайдың ән мүрасын іздеп тауып, оны нотаға түсіріп, зерттеп, өңдеуден өткізудің нәтижесінде композитор Ахмет Қуанұлы Жұбановпен бірігіп еңбектеніп, қазақ өнерінде түңғыш рет 1944 жылы «Абай» операсының дүниеге келуіне мүмкіндік туды. Бүл музыка әлеміндегі қос өнерпаздың Абай әлемін танудағы ерекше еңбегі еді.
Латиф Хамиди Әрхам Кәкітайүлымен бірге Абай әндерін ел арасында насихаттап жүрген бірнеше өнерпазды тауып, олармен жақын қарым-қатынаста болады. Мәселен, атақты әншілер Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебековтің орындауларынан «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қарашада өмір түр» деген екі әнді нотаға түсіріп, өңдеген. Ал Мұхтар Әуезовтің орындауынан 1939 жылы нотаға жазып алған, жоғарыда аталған Абадың «Мен көрдім ұзын қайың құлағынан» романс нотасы кезіндембаспа бетін көрмеген.
Абайдың музыкалық мұрасын ел арасынан іздеп тауып, оны нотаға түсірудің соңғы кезеңі 1984-1986 жылмен аяқталады деп ой түйеміз. Өйткені, бұл жылдары Абай әндерін ел ішінен іздеп, магнит таспасына жазып алушы өнерпаздарға Абайдың немересі, жоғарыда аты аталған Мәкен Тұрағұлқызы Мұхаметжанова Абай әндері туралы тың мағлұматтар береді.
Жерлесіміз, Қазақстан журналистер Одағы мүшесі, абайтанушы, халық композиторы, «Рухани жол» атты төрт томдық шығармалар жинағының авторы Арғынбек Ахметжанов Абайдың 40 аса өлеңдеріне ән жазған.
Қорыта айтқанда, Абай дарынды композитор болды, өзінің нота сауатынан хабарсыздығына қарамастан, ән шығару ісінде айта қаларлықтай жаңалықтар тудырды. Оның басты себебі: қазақтың халықтық музыка дәстүрінде ол өзіне дейін болмаған жаңа үнді, жаңа ырғақты ән шығарды. Сонымен қатар ақын, композитор, орындаушы – үшеуі бір кісі болған тұста ол қолынан келгенше, олардың арасында еңбек бөлісінің керектігін сезіп, өз ауылында, айналасында болса да, сол жұмыстың басын бастап кетті.
А.В.Затаевич Абайдың:
- «Сегіз аяқ»
- «Қор болды жаным»
- «Татьянаның Онегинге жазған хаты»
- «Татьяна сөзі»
- «Өзгеге, көңілім, тоярсың»
- «Көзімнің қарасы» – жиыны 6 әнді нотаға түсіріп, 1922 жылдары түрлі жинақтарға енгізіп, жариялаған.
Б.Г.Ерзакович Абайдың 11 әнін 1939-1954 жылдары нотаға түсіріп, өлеңімен түрлі жинақтарға енгізген. Олар:
- «Желсіз түнде жарық ай»
- «Сегіз аяқ»
- «Айттым сәлем, Қаламқас»
- «Татьяна сөзі»
- «Ата – анаға көз қуаныш»
- «Көзімнің қарасы»
- «Сұрғылт тұман дым бүркіп»
- «Бойы бұлғаң»
- «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» /әнші Темірболат Арғынбаевтың айтуынан жазып алған екінші түрі/
- «Қарға мен бүркіт»
- «Сүйсіне алмадым, сүймедім», жиыны – 11 ән. Бұл соңғы әнді де Мұхтар Әуезов өзінің орындауы арқылы 1954 жылы Б.Г. Ерзаковичке нотаға түсірткен.
Әрхам Кәкітайүлының айтуымен Л.Хамиди нотаға түсірген Абайдың 14 әнінің аттарын атай аламыз. Олар:
- «Біреуден біреу артылса»
- «Ішім өлген, сыртым сау»
- «Сегіз аяқ»
- «Қор болды жаным»
- «Сен мені не етесің?»
- «Желсіз түнде жарық ай»
- «Айттым сәлем, Қаламқас»
- «Татьянаның Онегинге жазған хаты». /«Амал жоқ – қайттым білдірмей» деп басталады/.
- «Татьянаның сөзі»
- «Көзімнің қарасы»
- «Сұрғылт тұман дым бүркіп»
- «Бойы бұлғаң»
- «Көңіл құсы қүйқылжыр шартарапқа»
- «Өлсем, орным – қара жер, сыз болмай ма?»
Мәкен Тұрағұлқызы соңғы жылдары Алматыда тұрып, бәрімізге ортақ үлкен іс тындырды. Ол – өз бойындағы, өз орындауындағы Абайдың ән мұрасы еді. Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба және фоножазба бөліміне 1984 жылы магнит таспасына жазғызып, Абайдың мына әндерін өлеңімен тапсырған:
- «Біреуден біреу артылса»
- «Сегіз аяқ»
- «Қор болды жаным»
- «Сен мені не етесің?»
- «Айттым сәлем, Қаламқас»
- «Татьянаның Онегинге жазған хаты» /«Амал жоқ – қайттым білдірмей» -деп басталады/.
- «Онегиннің Татьянаға жауап хаты» /«Таңғажайып бүл қалай хат» – деп басталады/.
- «Татьянаның Онегинге жазған екінші хаты» /«Тәңір қосқан жар едің сен» – деп басталады/.
- «Онегиннің Татьянаға жазған екінші хаты» /«Құп білемін сізге жақпас» – деп басталады/.
- «Онегиннің өлердегі сөзі» /«Жарым жақсы киім киіп» – деп басталады/.
- «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да»
- «Өзгеге, көңілім, тоярсың»
- «Көзімнің қарасы»
- «Сұрғұлт тұман дым бүркіп»
- «Қаранғы түнде тау қалғып»
- «Қарашада өмір тұр»
- Әбдрахманның әйелі Мағышқа Абай шығарып берген жоқтау»
- «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын»
- «Теректің сиы»
- «Есіңде бар ма жас күнің?» жиыны – Абайдың 20 ән-романсы. Бұл ән- ішіндегі «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», яғни, Онегиннің Татьянаның ған хатына жауабы – «Таңғажайып бұл қалай хат» – деп басталатын әні Мәкен Тұрағұлқызынан Ахмет Жұбанов 1939 жылы, жоғарыда нотаға түсіріп, жинаққа енгізген.
Әдебиеттер тізімі:
1.Арғынбек Ахметжанов. Рухани Жол. Абай. Ән мұра. Бірінші кітап. – Семей, 2015ж.
2.
3.Арғынбек Ахметжанов. Рухани Жол. Абай тәлім.Үшінші кітап. – Семей, 2015ж.
- Арғынбек Ахметжанов. Рухани Жол. Абай тәлім. Туындылар. – Семей, 2015ж.
5.Ерзакович Б. Музыкальное наследие казахского народа. – Алма-Ата, 1979.-184с
6.Народная музыка в Казахстане.Сост. В.П.Дернова.-Алма-Ата, 1967.-261с7.Жубанов А.Соловьи столетие.-Алма-Ата, 1967.-412с
7.Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы
8.Ғизатов Б. Абай әндер. / Құрастырған және алғы сөзін жазған Б.Ғизатов.Алматы «Өнер» 1994. – 80 б.
9.Бекенов У. Абайдың музыкалық мұралары:Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай/ //Қазақ әдебиеті.-1993.-11маусым.-4 б.