ХYIII ғасырдың басында Семей қамалы әскери бекініс ретінде салынғанмен Ресей империясы үшін оның маңызды шекаралық нүктеде орналасуы көршілес азиялық елдер туралы тың мәліметтер жинауға, шығыс мемлекеттермен Ресей арасында сауда- экономикалық, саяси және мәдени байланыстар орнатуға қолайлы болды.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан көне шаһар Семейден саяхатшылар, экспедициялар мен сол кездегі басты көлік түйелерге жүк артқан сауда керуендері шартарапқа өтіп жатты. Сонымен қатар Сібірдің бір түпкіріндегі Семей қаласы патшалық Ресей үшін саяси айыптыларды жазалау орындарының біріне айналған.
Әсіресе ХIХ ғасырдың екінші жартысында Семейде жазасын өтеп жатқандардың үлкен бір тобының болуы қаланың мәдени – рухани өміріне тың өзгерістер әкелді. Далалы өлкені ғылымның сан – саласынан зерттеудің негізін қалаған ең алғашкы Семейдегі қоғамдық мекеме Облыстық Санақ Комитеті 1878 жылы құрылды. Ғылыми хатшысы Е.П. Михаэлис басшылығымен зиялы қауым шоғырланған бұл мекеме өлке туралы ресми мәліметтермен қатар тарихи, географиялық, экономикалық тұрғыдан зерттеу жұмыстарын жасады.
Абайдың Семейде жазасын өтеп жүрген саяси жер аударылғандармен дос болуы ақын өмірінде өшпес із қалдырды. Абай әсіресе өзіне ең алғашқы іздену, шығармашылық қалыптасу кезеңінде жол нұсқаушы, Ресей мәдениетінің хабаршысы есепті болған Михаэлиспен өте жақын қарым – қатынаста болды. Абайдың қоғам қайраткері ретінде тұлғасы сомдалуына өзін терең толғандырған сол кездегі туған қазақ халқының саяси-әлеуметтік жағдайының әсері аз болмаса керек.
Семей тарихының жарқын беттері қалада жазасын өтеуші орыс демократтарының есімдерімен тығыз байланысты. Өлкеде болып жатқан жаңа, көңіл қуантар істер қашанда халқының мұң – мұқтажы жанына жақын Абайды бей – жай қалдырмаған. Орыс достары атқарып жатқан өлке үшін де, жалпы Қазақстан үшін де аса маңызды мұндай игілікті іс- шараларға Абай да туған халқының тарихын, мәдениетін, әдет – ғұрпын терең білетіндігімен ақыл – кеңес беріп, баға жетпес көмек көрсетіп отырған. Ғасыр белесінен асып көпшілікті ғылым – білім нұрымен сусындатқан Қазақстанның ең ірі кітапханаларының бірі – бүгінгі Семейдің Абай атындағы әмбебап – ғылыми кітапханасы және өлкетану мұражайы 1883 жылдың қырқүйегінде Е.П. Михаэлис, Н.Я. Коншиндердің қайырымдылық көмек сұрауына қала көпестері Плещеев, Хабаров, Павлодар көпесі Дедов, Красноярлық көпес Юдин ақшалай жәрдем беруімен ашылған болатын.
Бастапқы кезеңде Санақ Комитетінің қамқорлығымен жұмыс жасаған қоғамдық кітапхана мен өлкетану мұражайы жеке ғимараттары болмағандықтан Комитет жалға алып отырған Земляницын үйіне орналасқан. Алғашқы жылы кітапхана қорында 274 дана кітап болып, 130 оқырманға қызмет көрсеткен.
Ең алғашқы мәдениет ошақтарының бірі қоғамдық кітапхананың ашылуы өлкені бірқалыпты, мамыражай тіршілігінен селт еткізіп, ерекше бір серпіліс әкелген, қоңырқай өмірге жарық сәуле түсіріп, ерекше әр берген маңызды оқиға болды.
Кітапхананың алғашқы оқырмандарының бірі болған Абай бұрын қолына түскенін оқитын болса, енді Михаэлистің кеңесімен таңдап, талғап оқитын болған. Тұрақты оқырмандарының қатарын көбейткен Абай қалаға келген сайын кітапханаға ат басын тіреп, өзіне қажет кітап, газет-журналдарын алып, қыста қалада жатып, ал жазда қоржынын толтырып, Шыңғысты жайлаған ауылына алып қайтып, үзбей оқыған.
Абай қалаға келгенде оған арнап бір бөлмесін үнемі жабдықтап, дайындап қоятын, өзі оқуына, үй болуына көмектескен Әнияр Молдабаевтыкіне, не болмаса Қара Қондыбай Нәуітінікіне түсетін болған.
Көпестер мен чиновниктердің, жеке адамдардың сыйға тартуымен біршама толығып қалған кітапхана қорынан Абай тек көркем әдебиеттің озық үлгілерін ғана емес, философия, жаратылыстану, тарих ғылымдарынан кітаптар және әртүрлі ғылым салаларынан энциклопедия, сөздіктер, анықтамалар алатын. Абай назарынан өз балалары мен ауылдастарының сауатын ашуға қажет «Азбука» және басқа да оқулықтар тыс қалмаған. Абай атындағы әмбебап – ғылыми кітапхананың сирек қорындағы кітаптарда кездесетін: «Библіотека Федора Федоровича Трейерова», «В.Н.Коншина», «Товарищ. Курбатова и Игнатова. Пристань Семипалатинская» экслибристері олардың жеке кітапхананыкі екенін білдірсе, бастапқы инвентарлық нөмірлері ең алғашқы кезден сақталғанын дәлелдейді. Кітапхананың Абай заманындағы сирек қор кітаптарының бетіндегі экслибристер оларды кім сыйға тартқанынан мәлімет береді.
Абай «…Сол әдетімен қыстың бір күнінде Семейдің Гоголь атындағы кітапханаға барып, өзі оқып бітірген Толстойдың 1-ші том кітабын қайтарып, 2-ші томын сұрайды. Кітапхананың іші толған – оқушы орыстар екен, басында тымағы бар, аяғында саптама етігі, үстінде қара тоны бар қазақтың Толстойдың кітабын сұрап тұрғанын көргенде отырған орыстар қайран қалады…». Ақын жанына Е.П.Михаэлис келіп танысып, ол таныстық баянды достықпен жалғасады. Абай кітапхана қабырғасынан рухани сусын ғана емес, Михаэлистей дос тапқанын Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов осылай еске алады.
Ол өзі қалаға келе алмаған жағдайда ғажап ертегіші, елгезек, сырға берік атқосшысы Баймағамбет арқылы Е.П.Михаэлис пен Н.Я.Коншиннің жіберген хаттарын, кітаптарын, қоғамдық кітапханадан өзіне керекті шығармаларды ауылға алдырып, өзі оқығанын місе тұтпай, ауылдастарына әңгімелеп беруді әдетке айналдырған.
Сондай бір сәтті М.О.Әуезов: «Ас ішіп болған соң үйдің іші жатпай, күндегі әдеті бойынша «Абайдан тағы бір әңгіме шығар ма екен» – дегендей боп ұзақ отырды… Сонымен түн ортасына дейін міз бақпай, қадала қарап, бұны тыңдаған мәжіліске осы кеште Абай француз жазушысы Александр Дюманың атақты романы «Үш мушкеткерді» қызық әңгіме етіп ұзақ баяндап отырды»- деп сипаттаған.
Абай нәр алған рухани бұлақтың бірі ана сүтімен бойына сіңірген халық ауыз әдебиеті болса, келесі бір сарқылмас қазына – ол Шығыстың сөз зергерлерінің туындылары. Ұлттық және Шығыстық інжу-маржаннан мейірі қана сусындаған Абай үшін ендігі таңсық әлем орыс әдебиеті, сол арқылы қол жеткізген Батыс әдебиеті болды. Белгілі абайтанушылар зерттеулерінен біз оның орыс классиктерінен Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин т.б. шығармаларын терең үңіліп, танысқанын білеміз. Орыс тілі, орыс классикалық әдебиеті арқылы Абай Батыс әдебиетімен сусындап, Гете, Байрон шығармаларын аударған. Абайдың еркін аудармалары арқылы «Татьянаның әні» қырда шырқалып, Лермонтовтың «Теректың сыйы», «Қанжар» сияқты терең сырлы өлеңдері қазақ арасына кең тарады. Қазақ оқырманы Абай арқылы орыс классикалық туындыларымен, Батыс Еуропа әдебиетінің тамаша үлгілерімен таныс болды.
Ғұлама ақын Абай Құнанбаевтың қоғамдық кітапхананың оқырманы болғанын тарихта қалдырып, әлемге әйгілеген 1885 жылы Ресей империясының түрмелерін зерттеу мақсатында Сібір мен Алтайға саяхат жасаған американ публицисі Дж. Кеннан болатын. 1885 жылдың жазында Дж. Кеннан суретші Фрост екеуі Семейге келіп, Сібірдің алыс бір түпкірінде құм басқан қала ортасында, шағын ғана ағаш үйде орналасқан мұражай мен қорында Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Тэйлор, Дарвин, Уоллэс шығармаларымен әлемдік көркем әдебиеттің тамаша үлгілері, ресейлік мерзімді басылымдары бар жап-жақсы кітапхана көргенін, сот мекемесінде қызмет ететін А.А.Леонтьевпен әңгімелесіп кітапхананы жергілікті қырғыздар да пайдаланатынын естіген.
А.А.Леонтьев «… Мен осындағы Бокльді, Милльді, Дреперді оқыған бір қырғызды білемін. Бірінші кездескенде ол менен индукция мен дедукцияның арасындағы айырмашылықты өзіне түсіндіруді сұрады. Ол ағылшын философтарының және аталған авторлардың шығармаларын зерттеп жүр екен»- деп Дж. Кеннанды қайран қалдырады. Өзін таңдантқан Ибрагим Конобай (Ибрагим Құнанбаев) жайлы ол «Сібір және сүргін» кітабында жазады. Американдық саяхатшының Абаймен кездескісі келгенімен оның сәті түспеген.
Семейдің қоғамдық кітапханасынан Дж. Кеннан көрген Спенсер, Тэйлор, Дрепер, Уоллэс, Милль, Шекспир, Гете, Шиллер, Гейне, Байрон шығармалары мен орыс әдебиеті классиктерінің шығармалары Абайдың ой-өрісін кеңейтіп, дүниеге көзқарасын өзгерткен ғылым-білім университеті, таным баспалдақтары болды.
Белгілі ғалым, абайтанушы Қ. Мұхамедханов Семейдің қоғамдық кітапханасының орыс және әлем әдебиеті классиктері шығармалары, әртүрлі ғылым салаларынан кітап қорының мол болып «Вестник Европы», «Русский вестник», «Русская мысль», «Исторический вестник» т.б. ресей мерзімді басылымдарын алып отырған сол замандағы Сібір кітапханаларының ішіндегі ең бай болғанын жазады. Қазіргі кезде Семей қаласындағы Абай атындағы әмбебап – ғылыми кітапханасының сирек басылымдарының алтын қорын құрап отырған: Пушкин А.С. Сочинения. СПБ., 1887; Толстой Л.Н. Сочинения. М., 1889; Уэвелль В. История индуктивных наук. СПБ., 1867; Сочинения Платона. СПБ., 1863; Байрон Сочинения. СПБ., 1884; Херасков М. Эпические творения. ч.1.-М., 1786; ч.2. 1787; Кантемир А.Д. Сочинения. СПБ., 1868; Спенсер Г. Основания психологии. СПБ., 1876 Даль В.И. Сочинения. 1883; Беккер К. Всемирная история. СПБ., 1846; Карамзин Н.М. История государства Российского. СПБ., 1845; Илиада Гомера.-/ Пер. Гнедича Н. СПБ., 1829 тағы басқалары соның айқын айғағы. Бұл кітаптар XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген, әлемдік мәдениеттен шалғайдағы қазақы ауылдың төл перзенті Абай Құнанбаевтың білімге құмарлық шөлін басқан рухани бұлақ бола алды.
Мәдениет орталықтарынан алшақ жатқан Семей үшін қоғамдық кітапхананың маңызы зор болып, ол енді тек қаланың ғана емес, бүкіл Семей өңірінің озық ойлы азаматтары бас қосатын мәдениет ошағына айналып, ақыл-ой дамуына үлес қосты. Кітапхана іргетасы қаланған кезден бастап сақталған, Абай алақынының табы қалған бұл кітаптар Абайдан кейінгі зиялы қауым өкілдері үшін де таным баспалдақтары болып табылады.
Әдебиеттер тізімі:
- Абай» энциклопедиясы. –Алматы. «Атамұра», 1995
- Жиреншин Ә. Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары. Алматы: Қазмембас, 1959. – 267 б.
- Құнанбаев Т. Әкем Абай туралы. Алматы: «Ана тілі», 1993. – 56 б.
- Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. Т5. Мақалалар. Зерттеулер. Алматы: «Ел-шежіре», 2007-344 б.
- Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. Т6. Мақалалар. Зерттеулер. Пікір хаттар. Алматы: «Ел-шежіре», 2008-320 б.
- «Отчет Совета Общества Попечения о начальном образовании в г.Семипалатинск за 1893/1894 гг.
- «Отчетъ Семипалатинского Отдела Русскаго Географическаго Общества с 1 октября 1924 г. по 1 октября 1925 г.» ,-Семипалатинск: Губиздат