Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов
(1885-1962)

Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов  Семей облысы, қазіргі Абай ауданында дүниеге келген. Әрхамның әкесі Кәкітай (шын аты Ғабдұлхәкім), Абайдың туған інісі, Ысқақтың баласы. Кәкітайдың бәйбішесі Салихадан туған тұңғышы Әрхам қазақ салты бойынша атасы Ысқақтың бауырында өсіп тәрбиеленген.

Абайтану мектебінің ірі өкілі Қайым Мұхамедханов өз мақаласында Әрхам жөнінде: «Әрхам 9 жасында ескіше оқуға түсіп, 4 жыл ауыл молдасынан сабақ алып, сауатын ашқан адам. Бірақ, Абайдың өзі оған үлкен мектеп болған», – дейді.

Жасында мұсылманша оқып хат таныған Әрхамды атасы Ысқақ  денсаулығының нашарлығына байланысты орысша оқуға қарсылық білдірген.

Орысша оқытқанның орнына атасы Әрхамды егін егіп, шөп шауып, мал семіртіп сату ісіне баулыпты. Екі ауылдың шаруашылығы Әрхамның мойнында болып, өзі айтқандай «үзіп-жұлып жүріп Абай ағасынан орысша оқып, нан сұрап жерлік» сауатын ашады.

Төрт жасынан бастап алғашқы немересі есебінде Абайдың маңайында болып, жүйрік шешен, дүлдүл әнші-күйшілерді тыңдап өседі. Абай дүниеден өткенде Әрхам он тоғыз жаста. Абай жетік білген батыс және шығыс классиктерінің шығармаларын көкірегіне тоқып, жаттап өсумен бірге әдебиетпен де етене таныс болды.

Абайдың өлең-сөздерін әкесімен бірге жинасып, Кәкітай 1907 жылы Абай шығармаларын Семейге бастыруға барғанда, қасына ерді. Семейден баспахана таба алмаған әкесін Омбыға параходқа мінгізіп еліне қайтады.

1915 жылы әкесі қайтыс болғанда Әрхам 30 жаста болған. Атасы Абайдың өнеге сөздерін, бастан кешкен оқиғаларын, баспа көрмеген кейбір өлеңдерін, жеке бұйым-заттарын жинауға кіріседі.

1920 жылдан 1923 жылға дейін ол азық-түлік комитетінде, 1923 жылдан 1930 жылдарға дейін су шаруашылығы бірлестігінің төрағасы болып, онан соң совхозда участок бастығы болып жұмыс істейді.

1924 жылы М.Әуезов пен інісі Даниялдың көмегімен Шыңғыс тауының күнбатыс жағасындағы құйқалы қоныс – Бақанас, Байқошқар, Қазбала, Жаныбек деп аталатын арналы өзендердің түйіскен жері – Аралтоғайдан 60 үйлі кедейдің басын қосып, артель құрған. Бақанас басынан қала үлгісімен үй, аурухана, монша, су диірмені, май заводын салдырады. 60 үй жатақтың балалары үшін мектеп салдырып, қаладан оқытушы мұғалімдер алғызып, Абай елінде тұңғыш мектеп ашты. Өзі де қоныстандыру жұмысымен қатар, бала оқытты.

Әрхам атаның ісі алға басып, еңбегі жанып, қала көркейіп келе жатқанда, бір «қолы жүйрік» белсенді «Құнанбай ұрпағы, ел билеп, байып отыр», – деп арыз жазған. Бір түнде Әрхам ата Семей абақтысына қамалады. Жазықсыз жан айуандық әрекеттің құрбаны болғанына 60 үйдің адамы шыдап жата алмады. Арыз беріп, абақты алдынан кетпей жатып алған халықтың талабы зая кеткен жоқ. Бірақ, түрмеден босағаннан кейін, Бақанасқа жібермей 1927 ж. Көкпекті ауданына қарасты Үшкөмей деген жерге «Союз-мясо» мекемесінің малын баққызатын «гуртоправ» болып барады. 1929-30 жылы Әрхам атаның жағдайына қанық болған М.Әуэзов Ташкентке жетуіне ықпал жасап, қамқорлық көрсеткен.

1939-40 жылдан бастап Әрхамді Қазақстанда ғылыми-зерттеу қоғамы мен Орталық музей Абай мұрасын жинауға Семейдегі Абайдың мемориалдық музейін ұйымдастыруға ат салысуға шақырады.

Абай музейінің ірге тасын қаласып, шаңырағын көтеру ісінде Әрхам Ысқақов зор еңбек етті. 1940 жылы Абай музейі ашылған күннен бастап ол музей қызметіне орналасады. Сондағы Әрхам Ысқақовқа жүктелген міндет Абай көзі тірі кезінде пайдаланған заттарды жинау, Абайды көрген, естіген адамдардың есінде қалғандарын жазып алу болды. Әрхам Ысқақов Семей облысына қарасты барлық аудандарын түгел аралап, Абай замандастары – қария адамдардың ақын туралы жетпістен астам естелік – әңгімелерін жинап Абай музейінің қолжазба қорын байытты.

Абайдың ақын балалары Ақылбай, Мағауия, Турағұл, Әубәкірлердің шығарған ұсақ өлеңдерін жинап, Шыңғыстау елі жөнінде құнды деректерді, өз әкесі Кәкітай туралы, Ақылбай, Әубәкір жөнінде естелік жазып қалдырды.

1948 жылы Алматы, Жамбыл, Шымкент, Тәшкент қалаларын аралап Абай нәсілінен тараған ұл, қызы, немере, шөбересі, жиенін, келіндерін іздеп тауып солардың 125 фотосуреттерін әкеліп, олардың Абайға жақындығын, жасын, мекен-жайларын өзі жазып музейге тапсырды.

Жидебайдағы ақын қыстауының бастапқы қалпын сақтай отырып, макеттің жобасы негізге алынған.

1950 жылы Ә.Ысқақовтың айтуымен жасалған Абай үйінің макеті, тұтынған мүліктерінің үлгілері мұражай қорында күні бүгінге дейін сақтаулы.

Әрхам Кәкітайұлы Абай оқып, жақын таныс болған орыс, Батыс Европа классиктерінің шығармаларын ел аузынан жазып алып, үнемі музейге тапсырып отырды. Әсіресе, Абайдан естіп, ұғып, үйреніп Баймағамбет ертегі етіп айтатын: Ален-Рене-Лесаждың, Фенимор Куйер Майн Рид, Александр Дюманың шығармаларынан «Ақсақ француз», «Разбойник Сохати», «Шерлок Холмс», «Үш мүшкетер», Бальзактың қазақ арасына ауызша тараған «Шегірен былғары» романдарын қағаз бетіне түсіріп, әдеби бай мұра қалдырды.

Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл-әдебиет институтының шақыруымен, 1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай шығарылған академиялық толық шығармалар жинағын баспаға дайындауға қатысты. Абай сөздері мен кісі аттарына түсінік беруге жәрдемдесті.

Әрхам өткен өмір сырына жетік, ескі дүниеге куә, жаңа заманға айғақ болған адам. Бұл кезде ұлы ақын мұрасын жинауда игілікті жұмыстар атқарумен қатар, «Абайдың өмір жолы»  деген көлемі 200 бет еңбегін 1958 жылы, «Абай өмірінің соңғы жылдары» естелігін 1962 жылы жазады.

Естелікте М.Әуезовтің төрт томдық романына кірмей қалған сол замандағы оқиғалар, рулар арасындағы айтыс-тартыстар, жер, су аттары, ақынның туыстық, құда, жекжаттық, нағашы-жиендік, тағы басқа да байланыстары өзінің атынан баяндалады. Абайдың жақын адамы есебінде ол ақынның балалық, жастық шағына, шыққан ортасына, мінез-құлқына, жазу дағдысына, ағартушылық көзқарасы мен халықпен қарым-қатынасына көбірек көңіл бөліп, өмірінің соңғы жылдарын жүйемен баяндайды. Ә. Ысқақов Абайдың музыкалық мұрасы – әндерін жинауға көп үлес қосты.

Абайдың інісі Әрхам – ақынжанды, нелер құнды тарихи әңгімелерді айту менбірге білікті зерттеуші.

Әрхам өлең де жазған, бірнеше рет ақындар айтысына қатысқан. Көптеген өлеңдері кезінде республика, облыс газет-журналдарында басылып отырды. Әрхам өлеңдерінде табиғатты, өнер-білімді, оқу-ғылымды, ескі дүниенің жарамсыз қылықтарын сынап, жаңа заманның сәулетті өмірін суреттейді.

Әрхамның поэзиядағы елеулі еңбегі – «Жазушы» баспасынан шыққан «Зағипа» атты поэмасы болды. Поэма 1961 жылы жеке кітап болып жарық көрді.

Әрхам Ысқақов сонымен бірге асқан дойбышы болды.

Бүкіл саналы ғұмырын ұлы атасы еңбек еткен іске арнап, берген үлгі өнегесіне дақ түсірмей, ұрпақтық парызын ақтаған Әрхам Кәкітайұлы 1963 жылы 31 қаңтарда, туған елі – Абай ауданында, 77 жасында дүниеден қайтып Қарауылда жерленді.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Кәкітайұлы Ә. Абай өмірбаянына қосымша деректер. // Жалын. – 1993. – №6. – Б. 3-69
  2. Мұхамедханұлы Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. Т. 3. – Алматы, «Алаш». –
  3. -317 б.
  4. Райқұл А. Абай ұрпақтары қалай қудаланды?. //Ана тілі. – 2013. – 30 мамыр – 5 маусым. – Б. 6-7