Сапарғали Әлімбетов
(1888-1956)

Сапарғали Әлімбетов Семей облысы, Жарма ауданында дүниеге келген – айтыскер ақын. Ежелден құтты мекен Жарма өңірінен атағы көпке тараған дарынды ақын- жазушылар көп шыққан. Солардың, ішінде «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, Құрмет грамотасын екі мәрте алған халық ақьшы, белгілі айтыскер – С. Әлімбетов.

Сапарғали Әлімбетов – өз шығармашылық ғұмырында соңына мол мұра қалдырған халық поэзиясының ірі өкілдерінің бірі. Ақынның лирикасы, атап айтсақ, өлеңдерінің жанрлық, тақырыптық аясы аса арналы, мол болып келсе, эпикалық қарымы, поэма-дастандары, тарихи шығармалары кең тынысты, тарихи негізді болып келеді. Сапарғалидың айтыстары реалистік шынайылығымен ерекшеленсе, жыршылық және шежірешілік қасиеттері халық жүрегінен айрықша орын алған.

Ақынның әкесі де өткір тілді шешен болған. Ол жастайынан жазып, ақын бала атанады. Оның шығармашылық жолына бағыт берген ақын -I. Жангүгіров. Сол кісінің қамқорлығы арқасында Алматыға келіп, жұмысқа тұрады. Жазушылар одағынынң жанындағы төрт айлық курсты бітіреді. Ілияс Жансүгіров Сапарғалидың халық мақсатына сай өлең-жыр жазуына кеңес беріп, ақыл айтып, жөн сілтеп жол көрсетеді. Ақын революциядан бұрын қазақ өміріне арналған көптеген өлеңдер жазады. 1914-1915 жылы жазған «Төрткісен» деген термесі Сапарғалидың өз ағайындары тарапынан қуғын-сүргінге ұшырауына себеп болады. Жас кезінде ақын зәбір-жапаны көп көрсе де жауыздыққа деген өшпенділігі жойылмайды. Бертін келе сауатын ашқаннан кейін Абай өлеңдерін құмарлана оқи бастайды. Оны жаттап алып ел арасына таратады. Кейінірек Абай үлгісімен «Татьяна» поэмасын және байларға арналған бірнеше өлеңдер жазады.

1936-1937 жылдары ақын Аягөз ауданына көшіп келіп, Жарма ауданындағы Ақжал руднигіне орналасады. Ұлы Отан соғысы жылдары жалғыз баласы Маманды майданға аттандырып, ақын осы Ақжалда тұрып көп өлеңдер жазады. 1939 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумы қарт ақынның еңбегін зор бағалап, Құрмет грамотасын береді.

Сапарғали ақын талай- талай айтыстарда Жарма ауданының намысын қорғап алда жүрді. Қазақ әдебиетінің үздік үлгілері И. Байзақов, Т. Көбдіков, Н. Баймұратов сияқты ақындармен айтысқа түскен. 1936 жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына, 1943 жылы Семей-Қарағанды облыстары ақындары айтысына, 1945 жылы Абайдың 100 жылдық тойына, 1946 жылы Талдықорған каласында Жамбылдың 100 жылдық мерейтойына қатысып қайтты. Ақынның жекелеген өлеңдері мен толғау, дастандары зор тебіреніспен жазылған, оның «Алтай», «Тарбағатай», «Жарма», «Қалбадағы айқас» туралы жазғандарында бақытты елдің ұлан-байтақ қоныс мекенін, асқар тау, сай-саланы тамаша көрікті табиғатын көркем бейнеде асқақтата жырлайды. Қаламгер «Ақтардың әрекеті», «Қойкелді батыр»,«Бекбосын», «Молдабай палуан» поэмаларын жазды. Соңғы аталған дастаны 1997 жылы «Қазақ палуандары» деген кұрама жинақка шықты. 1962 жылы өлеңдер мен поэмалар жинағы шықты.

Ақын тілге шебер, сөзге бай, алғыр ойлы ақын. Ол халықтың рухани асыл қазынасы – ауыз әдебиетін көп біліп, өзінің ақындық өнеріне үлгі етумен бірге, жазба әдебиетін де жақсы білді. Қандай тақырыптарды жырласа да, акын жалаң сөзге бой үрмай, жанды суретпен көркем бейнелеп беруге, нанымды образды дұрыс қолданып, өлеңнің адамға әсерлі болуына зер салды. Сапарғали ақынның өмірі де, акындық өнері де халық өмірімен біте кайнасып, тығыз байланысқан. Ол қолына домбыра алғаннан бері, халық жырын жырлаудан бір тынбаған, халқының қайғысын, қуанышын куат еткен.
100 жылдық мерейтойын жармалықтар 1988 жылы атап етті. Жарманың орталығы Георгиевка селосының бір көшесі ақын есімімен аталады. Есімі қазақ-совет энциклопедиясына, «Ақын жыраулар», «Қазақстан ақындары» кітаптарына енгізілді. 1956 жылы ақын дүниеден өтті.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Алтынбаев Қ. Ақын талантына бас ию // Семей таңы.- 1988.- 24 тамыз
  2. Алтынбаев Қ. Туған жерден шабыт алған // Семей таңы.- 1988.- 12 тамыз.
  3. Ерменбаев Т. Сапағали ақын // Қазақ әдебиеті.-1989.- 19 тамыз.
  4. Зүкенов М. Ақынның туғанына – 110 жыл // Сарыарқа.-1998,- 8 шілде Серікбаев Н. «Төгемін сөз маржанын сауылдатып,..»: (Ақынның туғанына 110 жыл толуына орай) //Дидар.- 1998.- 7 тамыз.