Ақылбай Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған ұлы. Ол Құнанбайдың тоқалы Нұрғанымның бауырында өседі . Жас кезінде Ғабитхан молдадан 4-5 жыл оқиды. Ақылбай туғанда Абайдың өзі де жас, жаңа отау иесі еді. Сөйтіп, Ақылбай жас күнінен Нұрғаным тәрбиесінде болып, Құнанбай баласы Құнанбайдың кенже тоқалының еркесі атанып өседі.
Ақылбайды Нұрғаным жас басынан бетімен жіберіп, аса шолжың ерке бала етіп өсіреді. Ақылбайды тек 9-10 жас шамасында, Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханға оқуға береді. Ақылбай 4-5 жылдай молдадан оқу оқиды. Одан әрі оқымайды. Ақылбай бір жасынан бастап, Нұрғаным қолында өскендіктен және Абайдың 16 жасында туған баласы сияқты емес, ағайындас Ырғызбайдың бір мырзасы сияқты көрінеді.
Ақылбай Абайға іні ретінде қарап өскен. Оның жас кезі, бозбалалық шағы Абайдан алыс өткендіктен, ол орысша оқи алмай қалады. Оның оқу – білімі Ғабитхан молда берген діни, мұсылманша оқумен шектеледі.
Баласына текті жерден қыз айттырып алғызғанды қалайтын Құнанбай ескіше сауатын ашып болған Ақылбайды өзі атастырып үйлендіреді. Ақылбайдың құда түсіп алған қызы да осал жердің баласы емес еді. «Құнанбай өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының кызы Ізіқанға құда түсіп, Ақылбайды үйлендіреді. «Біржан-Сара» айтысында Сараның аузынан айтылған:
…Құдайдан қорыққан Арғын осал демес,
Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді, – деген сөз бар.
Ақылбай әнші, домбырашы, скрипкашы болып шығады. Ән айтуды, өлең шығаруды машық етеді. Ол жастық, махаббат тақырыбына көптеген өлеңдер жазған.
Ел арасында Ақылбайдың шешесі Ділдәнің ата-бабасының кім екендігін, яғни өзінің нашағы жұртының да осал еместігін масаттана айтқан өлең жолдары сақталған.
«Абайдың үлгі-өнегесімен Ақылбай заманының саналы азаматы, әдебиетке шын берілген ақын болады. Абайдың әдебиет, өнер-білім жайындағы, адамгершілік, мәдениет жайындағы өсиеті Ақылбайдың дүниеге көзін ашады. Әсіресе, орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып өсуі, ақындық талантына кең жол ашады. Ақылбай Абай өсиетін тыңдап қана емес, өз бетімен орыс ақындарын оқуға, терең түсініп ұғуға қолы жетеді. Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ақындары болады. Осындай ұлы ақындарды оқып, өнеге алған Ақылбай қазақ әдебиетінде тұңғыш Кавказды жырлаған ақын»,- дейді абайтанудың білгірі Қайым Мұхамедханұлы.
Ақылбай – Абай айналасындағы шәкірттердің ішіндегі ең таланттысы. Бірде ауылына келген Долгополовқа Абай өзі туралы да, балалары туралы да сын айтуын өтінгенде, ол Ақылбайды: «Жай ұғады, шабан қозғалады. Бірақұққаны мен алғанын қайтып жоғалтпайтын өнімі бар талант иесі. Тек онысын су тубіне кетіріп жүрген – жалқаулығы» дегенді айтады.
Бұл шығармалардың ішінен бізге толық жеткені тек «Дағыстан» ғана, «Зұлыс» поэмасынның басы сақталса, «Жаррах батыр» түгелдей жоғалып кеткен. Ақылбай «Дағыстан» поэмасын өмірінің соңғы кезінде, ақындық қаламының әбден ұшталған кезінде жазған. Поэманың тақырыбы Абай айтқандай «Махаббат пен ғадауат майдаңдасқан» әділет пен жауыздық күресі. Поэманың оқиғасы қарт Кавказда өтеді.
Ақын шығармашылығын зерттеуші Қ.Мұхамедханұлы поэманы алғаш Мағауия жазғысы келгенімен, денсаулығына байланысты ағасына бар мазмұн – мағынасын ұғындырып берген соң, оны Ақылбай 1900 жылдары жазған деген пікір айтады.
Ақылбайдың «Зұлысын» халық жақсы қабылдап, ол қолдан – қолға тез тараған. Оның ел жадында сақталған кіріспе бөлімі 1921-1922 жылдары хатқа түсіріліп, 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 санында жарияланады. 1950 жылы поэманың тағы 140 жол өлеңі табылады. Бұл «Сана» журналында жарияланған поэманың бастапқы бөлімінің жалғасы еді. Сонымен қатар поэманың журналға шыққан бөлімінен қалып қойған бір шумақ өлең де кейін табылады.
Ақылбай Хаггард романының кейбір сюжеттік мотивтері негізінде жазған поэмасын «Зұлыс» деп атайды. Зұлыс – Оңтүстік Африкадағы негрлер тайпаларының бірі.
«Зұлыс» поэмасының оқиғасы ағылшын жазушысы Хаггард, Генри Райдердің «Сүлеймен патшаның қазынасы», яғни «Копи царя Соломона» атты әйгілі романынан алынған.
«Ақылбайдың әні» – Ақылбай шығарған ән. Абайдың кенже ұлы Мекайыл көрші Матай елінен қалындық айттырып, соны ұзатып алып келуге Абайдың әншісі Әлмағамбет бас болып, құдалыққа аттанады. Жолай Ақылбайдың үйіне соғып: «Матайлар өнерпаз ел. Абай әндерін олар да жатқа біледі. Олар естімеген жаңа ән керек. Соны сізден қолқалай келдік. Абай атамның кенже ұлының үйлену тойына базарлық болсын» деп өтініш білдіреді. Сонда Ақылбайдың табан астында шығарған әні кейін «Ақылбай әні» деген атпен қазақ даласына кеңінен тараған. Ән кең тынысты дауысқа арналған.
«Ішік кидім бұлғыннан құндыз жаға,
Жас дәуренді өткіздім бермей баға.
«Ақылжан» деп түрушы ед талай қыздар,
Сұмдық шықты дейтүғын «Ақыл аға».
Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,
Матайды алыc бірталай жер деген соң,
Он минутта ойыма осы ән түсті,
Қапаш-құпаш қолымды сермеген соң», –
деген екі шумақтан турады. Мұндағы «Әлекең» деп отырғаны – Абайдың әншісі Әлмағамбет Қапсалемұлы (1870-1932). «Ақылбай әні» кейіннен ұмытылып кеткен. Әуезов әншілер К. Байсейітова мен Ж. Елебековті үйіне арнайы шақырып, оларға осы әнді үйреткен. Мәкен Мухамеджанованың айтуымен музыка зерттеушісі Б. Ерзакович нотаға түсірген.
Ақылбай әкесі Абаймен бірге 1893 – 1894 жылдар Семей қаласындағы бастауыш білім беру ісіне камқорлық жасайтын Қоғамның толық мүшесі болады. Сөйтіп өз тұсында мәдени-ағарту ісіне де қатынасқаны байқалады.
Ақылбай 1895 жылы Әбдірахман өліміне жоқтау өлең жазған, кейін 1904 жылы інісі Мағауия қайтыс болғанда жазған жоқтауы сақталған.
Ақын өмірінің соңғы жылдары қайғылы болады. Әйелі өмірден озады. 1895 жылы інісі Әбдірахман (Әбіш) қайтыс болса, 1904 жылы екінші інісі Мағауия қайтыс болады. Мағауияның соңынан көп кешікпей 40 күннен соң әкесі Абай қайтыс болады. Халық Абайдың қырқын Семей қаласында берген. Ақылбай Абай өлімінен қырық күннен соң, әкесінің қырқын берген күні, 1904 жылы 43 жасында Семей қаласында кенеттен қайтыс болған.
Ақылбай бейіті қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы, өз қыстауы – Тышқан бұлағының қасында.
Абайдың 150 жылдық мерекесін өткізу шараларына сәйкес 1993 жылы Абай бейітінің басына ұлу тастан ескерткіш-мазар тұрғызылды.
Әдебиеттер тізімі:
- Құнанбайұлы А. Таңдамалы өлеңдері [Текст] / А. Құнанбайұлы = Избранные произведения. – Алматы : Қазақстан көркем әдебиет баспасы, 1936. – 126 б.
- Ердембеков Б. Абайдың Ақылбайы [Текст] / Б. Ердембеков // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2010. – №3. – . 3-10 б.
- Мұхамедханов Қ. Ақылбай Абайұлы Құнанбаев [Текст] / Қ. Мұхамедханов // Жұлдыз. – 1984. – №1. – 158-172 б.
- Әубәкірова Н. Ақылбайдың “Зұлыс” поэмасы [Мәтін] / Н. Әубәкірова // Абай. – 2011. – №4. – 48-52 б.
- Ердембеков, Б.
- Атаңды арғы-бергі түгел айттым… [Текст] : ақылбай Абайұлының туғанына 150 жыл / Б. Ердембеков // Семей таңы. – 2011. – 27 қырк.- 4 б.
- Өмірбекова Н.Абай ұрпақтары [Мәтін] / Н. Өмірбекова // Ана тілі. – 2016. – №1., 7-13 қаңтар. – Б. 7 : фото