Абай тұлғасы сирек басылымдарда

Мұхтар. (М.Әуезов)  Татьянаның қырдағы әні: «Абай» деген романнан бір үзінді // Әдебиет майданы. – 1937.- №4. – Б.57-69.

Ғасырға жуық тарихымен қазақ өркениетінде алар орны бар «Жұлдыз» журналының шежіресі еліміздің мәдениет тарихында әр жылдары «Жаңа әдебиет», «Жыл құсы», «Әдебиет майданы», «Майдан», «Әдебиет және искуство» деген атаулармен халыққа танымал болып, Ғ.Мүсірепов, 3.Қабдолов, Ә.Нұрпейісов, С.Мәуленов, Ш.Мұртаза, Б.Тілегенов, М.Мағауин сынды қаламгерлер әр жылдары бас редакторы болған.

«Әдебиет майданы» әдеби-бұқаралық, қоғамдық-саяси басылым ретінде 1932 жылдан алғашқы редакторы қазақтың біртуар ақыны С.Сейфуллин басшылығымен баспа көріп, қалыптасуына қазақ әдебиетінің классиктері Б.Майлин, I.Жансүгіров, М. Әуезов, С.Мұқанов көп еңбек сіңірген. Журнал қалың оқырманына үзбей мақала жазып, көркемдік сапасын арттыруға мол ықпал еткен М.Әуезовтің «Татьянаның қырдағы әні» деген атаумен болашақ «Абай жолы» эпопеясынан үзіндісімен таныстырады.

 

Букейханов А. Абай (Ибрагим) Кунанбаев: некролог // Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского Географического Общества. Вып. III. – Семипалатинск: Типо-Литография Торг. Дома «П. Плещеев и К», 1907. – С. 1-8.

Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Батыс-Сібір Бөлімінің Семей Бөлімшесі 1902 жылы наурыздың 31-де Семей облыстық Статистикалық Комитеттің негізінде  ашылған. Абай мүшесі болған Статистика Комитеті өлкені зерттеу ісін баянды жалғастырған. Семей Бөлімшесінің жұмысына орыстың атақты жиһанкез ғалымдары П.П.Семенов Тян-Шанский, Г.Н.Потанин, В.В.Сапожников, В.А.Обручевтермен қатар Абай Құнанбайұлы,  Әлихан Бөкейханов  сынды ғалымдар атсалысқан.

Әлихан Бөкейханов Абайдың өмірін зерттеген алғашқы ғалым. Абай дүниеден өткеннен кейін ақын өмірімен, шығармашылығымен орыс тілді оқырмандарды таныстырып, 8 беттен тұратын қазақ тарихындағы тұңғыш «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» қазанамасын  1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде, ал 1907 жылы Семей Бөлімшесі  «Запискиінің…» 1907 жылғы 3-басылымына жариялаған. Сондай-ақ, басылымда  Е.Ф.Шмурлоның, А.Седельниковтың, Б.Герасимовтың және ұлт зиялылары Ж.Ақбаев пен Ә.Бөкейхановтың мақалалары енген.

 

Отчет Семипалатинского отдела Русского Географического   общества с 1 октября 1924 года по 1 октября 1925 года. – Семипалатинск: Губиздат, 1925. – 15  с.

Кітап Императорлық Орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімінің  1924-1925 жж. ішінде өлкемізде атқарған жұмыстарымен  таныстырады. Императорлық Орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімінің есепті басылымында «1924 жылы желтоқсанда Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 20 жыл толуына орай шара салтанатты жиын өткізілді. Бөлім Абайға арналған салтанатты жиналыс ұйымдастырып, онда баяндамалар оқылды. Дала әншісі-қазақ Абайдың бірнеше әндері мен өлеңдерін орындады, оның бір бөлігі өз әуендерімен орындалды. Семей Бөлімшесінің Абай Құнанбайұлын еске алу шарасы Луначарский атындағы театрда өткізілген салтанатты кешпен жалғасып, онда ұлт зиялылары Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезовтың ақын өмірі мен шығармашылығы туралы баяндамалар оқып, ақынның ұзақ жылдары ең жақын досы болған Көкбай Жанатаев естеліктер айтты. Қазақ жастары ақын өлеңдерін оқыды,  әншілер ақынның бірнеше шығармаларын орындады», – деп жазылған құнды дереккөз берілген.

Памятная книжка Семипалатинской области на 1897 г.: с картою области / Сост. В. П. Никитин. – Издание Семипалатинского Областного Статистического Комитета. –Семипалатинск: Типография Семипалатинского Областного  Правления, 1897. – 262 с.

Басылымының  «Адрес календарь» атты үшінші бөліміндегі деректер ғұлама ақынның көзі тірісінде-ақ жазылып, «Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы 1886 жылдың 4 мамырынан Семей Облыстық Статистикалық Комитеттің толық мүшесі» екенін растайды. Ақынның қайраткерлік тұлғасы жайлы бұл тарихи деректі Облыстық Статистика Комитетінің күнтізбелік және анықтамалық ақпараттарымен қатар, далалы өлке тарихынан В.П.Никитиннің, Қоянды жәрмеңкесі жайлы В.И.Маевскийдің мақалалары енген. Абайдың Статистика Комитетінің толық мүшесі болып жүріп, ғылыми-зерттеу жұмысымен шұғылданғанын, музей құру ісіне белсене қатысқанын және бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын қоғамның толық мүшесі болып, оның жұмысына да белсене араласқанын еске алсақ, ағартушы, ғалым Абайдың іс жүзінде атқарған тарихтық еңбегін айқын көреміз.

Памятная книжка Семипалатинской области на 1900 год. Вып. 4. / Подготовлено  Семипалатинским Областным Статистическим комитетом. – Семипалатинск: Типография Семипалатинского Областного Правления, 1900. – 166 с.

Облыстық Статистика Комитетінің басылымының «Адрес календарь» бөлімінде Абай Құнанбайұлының есімі Семей Облыстық Статистикалық Комитеттің тұрақты мүшесі деген ақпараттар енген. Басылымдағы күнтізбелік және анықтамалық мәліметтермен қатар Ф.Зобниннің «Свадебные обряды и обычаи среди казачьего населения Устькаменогорского уезда» этнографиялық мақаласы, Н.Я.Коншиннің «По Устькаменогорскому уезду» – жолжазбасы қамтылған.

 

Сельско-хозяйственный обзор Семипалатинской области за 1914 год. – Семипалатинск: Электро-Типо-Литогр. Торг. Дома П.Плещеев и К., 1915. – 493 с.

Семей облыстық Статистикалық Комитетінің ерікті тілшілер көмегімен жиналған ақпараттары негізінде жария көрген басылым ауыл тұрғындары, мал басы, шабындық пен егіс көлемі жайлы статистикалық деректер болыстық, станицалық және ауыл басқармаларынан да жиналған. Шолуға қосымша Семей биржасы мәліметінен азық-түлік бағасын, Ертіс өзенімен 1913 жылы жүк тасымалдау айналымын, 1911, 1912, 1913 жылдары Зайсан кедені арқылы Ресей мен Алтай округі арасында тауар тасымалдау туралы деректер береді.
Статистикалық жинақтың ең басты құндылығы Абай мен айналасы туралы нақты тарихи деректер ұсынуында. Басылымда кестемен ауыл ақсақалының аты-жөні, руы, отырған мекен-жайы, су ішетін бастауы, малы-жаны, көшпелі не жатақ екені, тұрғын үйі, кәсібі, шаруашылығы, егістігі, шабындығы туралы маңызды мағлұматтар берілген. Шыңғыс болысының №1 әкімшілік ауылының тұрғыны Абай Құнанбаевтың, балалары Ақылбай, Мағауияның, Тұрағұлдың, №2 әкімшілік ауыл тұрғыны Шәкәрім Құдайбердиевтің, №8 әкімшілік ауылының тұрғыны Мұхтар Омарханұлының атасы Әуез Бердіқожаұлының шаруашылығы жайлы деректер кестеде бар. Бұл мағлұматтар Абай өмір сүрген замандағы қазақ ауылының әлеуметтік жағдайымен таныстырады.