Абай заманы өлкетану дереккөздерінде

Белослюдов В.Н. Материалы по этнографии. – 14 с.

Семей жерінде туып-өскен суретші, этнограф, өлкетанушы Виктор Белослюдов өлкетану ісіне айрықша үлес қосқан тұлға.

Дарынды тұлғаның «Материалы по этнографии» еңбегі – Семей облысынан, Змейногорскі уезінен, Том губерниясынан, Семей қаласынан, Көкпектіден, Зайсаннан, Зырьян, Николаевский руднигінен 1911-1915 жылдар аралығында жинаған ауыз әдебиетінің үлгілері – мақал-мәтелдер. Ол  Ертіс өңірін мекендеген  қазақ халқының  тарихы мен мәдениетін зерттеуге бел шеше  кірісіп, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған. Ұлы Абай шығармаларын орыс тіліне аударып, бастыру ісіне араласқан. Семейдегі бастауыш училище мен гимназияда сурет сабағынан берген суретшінің қаламынан туындаған көптеген суреттер, этюдтер, композициялық туындылар  қазақтардың өмірі мен тұрмысына, Шығыс Қазақстанның сұлу табиғатына арналған. Балаларды ерекше жақсы көрген В.Н.Белослюдов олардың ойындарында қолданатын ауыз әдебиеті үлгілерін әр елді мекен балалары аузынан ыстық ықыласпен мұқият жинаған.

Бюллетень Семипалатинского Отдела Русского Географического Общества. №1. Июль 1924 года. – Семипалатинск, 1924. – 22 с.

1924 жылғы шілде айындағы №1 «Бюллетень» Семей губерниясында аталған жылдың 24-30 тамыз аралығында өткізуге жоспарланған 1-Губерниялық Өлкетану Конференциясының ұйымдастыру Бюросының мәлімдемесін, өткізу тәртібін, жалпы мәселелер мен секциялар жұмысы бойынша бағдарламасын ұсынады. «Бюллетеньде» Семей Бөлімінің аталған жылдың 20 сәуірінде болған мәжілісте Бөлімнің мүшесі, ормантанушы  И.М.Евсеенконың «К 30-летию научно-общественной деятельности В.В.Сапожникова» тақырыбында  ғалым-ботаниктің Алтай, Сауыр мен Жетісу, Тяньшанға  жасаған көптеген саяхаттарында  таулы орман флорасын зерттеулері арқылы ғылымға қосқан үлесімен таныстырады. Ағымдағы ақпарат көзі болған басылым П.Соломиннің Семей метеорологиялық станциясының 1923 жылғы ауа-райы бақылау кестесін  ұсынған. Кітапқа енген «Жизнь отдела» мақаласы қаңтар айынан бастап Семей Бөлімінің атқарып жатқан ғылыми-ағартушылық жұмыстарымен таныстырады. «Бюллетеньде» «Умершие члены Отдела» тақырыбымен 1916-1923 жылдар аралығында өмірден озған Бөлім мүшелерінің тізімін жариялаған. «Научная хроника» 1924 жылы Бөлім жоспарлап отырған Бершоғыр таскөмір кені, Іле-Защита ауданына,  Спасск зауыты, Балхаш өңірі, Көкпекті, Тарбағатай, Рахман минереалды қайнарына, Өскемендегі Бұхтарма-Ульбаға, Риддерге, Зырьян кенішіне, Лосиха, Секисовка, Змеиногорск өңірі кеніштеріне ғылыми іс-сапарлармен таныстырады. Басылымның соңында 1924 жылдың 1 шілдесіне Семей Географиялық Бөлімшесінің мүшелерінің толық тізімін берген.

Герасимов Б.  По пасекам   Усть-Каменагорского уезда.  –  55 с

Семей географиялық бөлімшесінің құрылтайшысы, белсенді мүшесі, ұзақ жылдар бойы төрағасы қызметін абыроймен атқарған зерттеуші, ұстаз, ғалым, шіркеу қызметкері Борис Георгиевич Герасимовтың есімі Қазақстанның Шығыс өлкесін зерттеуші ретінде ғылыми әлемде әйгілі. Ол бүгінгі күні «Алтай балы», «Шығыс балы» – атауларымен әлемге танылып, брендке айналып отырған Шығыс Қазақстан балы туралы бірнеше зерттеулер авторы. 1777 жылы Ресей ғалымы П.С.Паллас өлкенің ара шаруашылығына қолайлы екенін жазған. Автор «По пасекам Усть-Каменагорского уезда» көлемді еңбегінде 1800 жылдары Н.Ф.Аршеневский Ресейден 4 ұя ара мен оларды күтіп, бағатын екі маман башқұрт ұлтының өкілдерін әкеліп, Өскемен маңындағы Бобровка ауылына орналастырғанын айтқан. Ол Шығыс өлкесінде омарташылықтың алғашқы кәсіби жетілдірілген түрін  генерал Шайтановтың қалағанын және рамалық омарта түрі әскери старшина Шайтановтың омарталарынан бастау алғандығын баяндап, өңірдегі ара шаруашылығы тарихын таратады.

Шығыстың бай флорасы өлкеде 1812 жылдан Үлбінің ара өсірушілері бірнеше рет Нижегород пен Ірбіт жәрмеңкесіне қатынасып, балдарының дәмі мен тамақтық сапасы жоғары екенін іс жүзінде дәлелдеген. Зерттеуде өлкенің омарталары және, Шығыс өңірі тарихында Е.П.Михаэлиспен қатар «ұтымды омарташылықтың атасы» -деген аты қалған Ресей мен Қазақстанға танымал, американдықтар да әріптестікке шақырған кәсіби омарташы А.Н.Федоровтың ара шаруашылығы кеңінен таныстырылады.

 

Коншин Н. Заметка об одном киргизском джуте.  –  18 с

Николай Коншин «XIX ғасырдың екінші жартысы мен  XX ғасырдың басындағы ғажайып құбылыс» деп ғалым Н.В.Алексеенко атаған Семей өлкетануының негізін қалаған тамаша өлкетанушылар қатарындағы тұлға. Санақ Комитеті мен Семей географиялық бөлімшесінің ұйымдастырушысы, өлкетану жұмысында ересен еңбек етіп, жарқын істерімен қала тарихында аты қалған ғалым, өлкетанушы, тарихшы-этнограф, Семей губерниялық архивінің алғашқы меңгерушісі.

«Заметка об одном киргизском джуте»-зерттеуін жазуға Семей облыстық Басқармасы архивінде сақталған Сібір қазақтарының Шекара Басқармасының 1841-1849 жж. – «О принятии мер к обеспечению участи страждущих киргиз Аягузского и Кокпектинского округов» атты іс қағаздары негіз болған. Істе көрсетілген мәліметтер 1840-1841 жылдары Семей, Қарқаралы, Зайсан, әсіресе Өскемен уездерін кең көлемде қамтыған қатты борандар мен көктайғақ кесірінен болған жұт жайында айтылады. Н.Я.Коншин зерттеуінде Сібір қазақтарын Шекарада  Басқару мекемесінің аталған жылдары Семей, Қарқаралы, Зайсан,  Өскемен уездерінде жұтқа ұшыраған халыққа нәтижесіз көмек ұйымдастыру әрекеттері жайында жазады . Бура-Найманның Көкжарлы, Сарыжомарт, Терістаңбалы, Бақы-Матай, Уақ, Керей, Қарауыл-Жасақтың малы қырылып, күнкөріссіз босқынға ұшыратқан, Шар өзенін жағалап, егін егіп, тек  20-30 жылдан кейін  ғана ес жиып, еліне оралған, қазақ тарихындағы әйгілі «ақ тышқан» жұты архив құжаттары арқылы баяндалады.

Обзоръ Семипалатинской области за 1894 годъ: Приложение ко всеподаннъйшему отчету Военного Губернатора Семипалатинской Области  – Семипалатинскъ: Типография Семип, Обл, Правленія, 1897.  – 110с.

Басылымда Семей облысы алдағы жылдағыдай  442245,2  шаршы шақырым аумақты алып жатқан Семей, Зайсан, Қарқаралы, Павлодар, және Өскемен сынды бес уезден тұратындығы  жайлы жазылған. 1894 жылдың есепті кезеңінде Дала Генерал-губернаторлығының құрамына енетін Семей облысының шекараларында да, әкімшілік аумағында да өзгерістер болмағаны  көрсетілген. Шолу Семей облысындағы есепті жылғы халық саны, халықтың экономикалық дамуы және 1894 жылғы денсаулық сақтау мен  халық ағарту саласының жағдайы туралы статистикалық деректерді қамтиды. Басылымда Семей қоғамдық кітапханасының кітап қорында 1971 кітап, 65 мерзімді басылым болғандығы туралы маңызды мәліметтер берілген.

 

Отчетъ Семипалатинскаго областнаго Статестическаго Комитета за 1895 годъ. – Семипалатинскъ: Типография Областнаго Правленія, 1896. – 24 с

1878 жылы саяси жер аударушылардың ұйымдастыруымен  құрылған Семей облыстық санақ комитеті өңір халқының тарихын, мәдениеті мен тұрмысын зерттеуге мүдделі алғашқы жергілікті мекеме болды.

Комитеттің бірінші хатшысы саяси жер аударылған, қазақтың ұлы ақыны Абайдың досы Евгений Петрович Михаэлис болды. Комитеттің ғылыми қызметі тұрақты шығарылатын жылдық есептерде көрініс тапты. Бұл есепті комитет хатшысының м.а. В. П. Никитин құрастырып, Комитеттің жеке құрамы,  1894 жылғы “Семей облысының шолуы”  статистикалық есебі үшін қажетті статистикалық деректерді жинау, өңдеу жөніндегі комитеттің қызметі туралы мәліметтерді құрайды. “Комитет кітапханасы” бөлімінде әр түрлі мекемелермен алмасу немесе кітапханаға сыйға тартылған басылымдардың атаулары берілген.