Уәйіс Шондыбаев
(1873 – 1923)

XX ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап қазақ әдебиетінде «Абайдың ақындық айналасы», «Абайдың ақындық мектебі», «Абайдың шәкірттері» деген ұғымдар қалыптасты.

Абай қалыптастырған әдеби дәстүрден тыс қалдыруға болмайтын сондай ақындардың бірі – Уәйіс Шондыбайұлы.

Уәйіс Шондыбаев бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Бақанас ауыл советінің «Сартерек» деген жерінде туды. Руы – Керей Қожагелді ішінде Көлібай деген тап» .Уәйіс жасынан әнші, қиссаларды жатқа айтатын және дарынды ақын болған, әрі сазгер. Көрші Тобықты елімен, Қосай, Нұралы ауылдарымен, Найман руының сол кездегі алдыңғы катарлы адамдарымен жиі араласқан, тату-тәтті жолдас болған.. Оның халық арасында кеңінен тараған «Перуайым», «Шұбартау», «Шыңғыстау» т,б. әндері бар. 1894 жылдан бастап Көкбай, Акылбай, Мағауия сияқты дарынды ақындар тобына қосылып, ұлы Абайдың ақындық мектебінен өтеді. Ақын шығармаларының ел аузында, көшірме қолжазбаларда және архив қорында сақталып жеткендері: орыс ақыны П.П.Ершовтың (1815-1869) әйгілі ертегі-дастаны «Конек-Горбунок» оқиғасын пайдаланып жазған «Иванушка-дурачок» поэмасы, «Жошы-Алаша хан» дастаны, «Қырық уәзір» әңгімесінен алынып жазылған «Бір қыздың оқиғасы» атты дастаны мен бірнеше өлеңдері.
Керей Уәйісақынның шығармаларын жинап, алғысөз,түсініктерін жазып, екі кітабын баспадан шығарған («Уақыт өрнегі»,Алматы, «Жазушы»,1988ж. «Абайдың акын шәкірттері», Алматы,1994 ж. 6-том) Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғалым Қ.Мұхаметханов ағамыз.

Ұлы Абай өз мектебінің дәстүрі бойынша, Уәйіске де шығармашылық тапсырма беріп отырған. Соның бір мысалы «Иванушке» аудармасы болса, Абай мен оның балаларын қызықтырған тарихи жыр – «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды» да Уәйіс өзінше жырлап көрген. Осы Уәйіс нұсқасы негізінен сонау Жанақтан бастау алғандықтан, Мұхтар Әуезов оны «Жанақ-Бейсембай» варианты деп, 1936 жылы жеке кітап етіп шығарды.

Уәйіс тыңдарманын сүйсінтіп тастайтын өзіне ғана тән иірім мен нақышы бар асқақ әнші де еді. Ұлы Абай домбыра да екі қолмен де ойнай беретін оның өнерпаздығын да жоғары бағалап, қолдап, тамашалап отырған. Уәйістің әншілігін Абай қадір тұтқан.Ақын да әнші Уәйіс сал-серілік дәстүрден ада болмай, қазақ жерінің түкпір-түкпірінде болып, барған жеріне Абайды дәріптеп, өзі де жаңа ән, жаңа дастандармен сусындап қайтатын болған. Жетісу жерінде «Уәйіс пен үш келіншек» деген сөз қағысы, «Жамбылдың Уәйіске айтқаны» деген бір ауыз өлеңі сияқты ақынға қатысты және оның мұрасына тиесілі дүниелер сақталған. Бодау, Бақтыбай, Жамбыл сынды жыр сүлейлерімен де сұхбаттас, таныс болған Уәйіс ақын Кеңес халық ақындарының атасы, жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевпен кездескенде:

Екі Емелдің ортасын қостым әнмен,

Салдарша салтанатпен жүрдім сәнмен.

Артым жазық, алдым тау өрге шаптым,

Табиғат аямай-ақ бәрін берген, –

деп жырлапты.

Уәйіс ақынның 1916-1921 жылдары жазған өлең-жырлары түгелдей саяси-әлеуметтік лирика жанрында, революцияшыл рухта жазылған. «Кеңшілік кедейлерге заман бар ма?» (1916), «Дүние байқағанға бір кең сарай» атты өлеңдерінде халықты азаттық күреске үндеп, ел қамқоры болған жастарды жастарға үлгі-өнеге етіп ұсынады.

Ақынның алғашқы өлеңдері Ресейдегі төңкеріс, дүрбелең, азамат соғысы күндеріндегі күпті көңіл, қатерлі қауіптен елес берсе, кейінгі өлеңдері – Қазақстанда болыпевизм үстемдігі жаңа орнай бастаған, ел бүлініп, дүние құбыла бастаған кезеңге сәйкес келеді. Ақынның замана ызғырығын айқын сезініп, нақты баға беруі, осы орайдағы күмән мен үрей – XX ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ қоғамының көңіл-күйін айқын аңғартады. Ақын «Қанды ғасыр» толғауында былай дейді:

Көз жетті мына заман оңбасына,

Қара жүрек көбейді қандасына,

Реңсіз жан-жануар, табиғат та,

Кім кепіл қанды ғасыр болмасына.

Үрей шашып тұрғандай даласына,

Күдік көп туысына, баласына,

Өзіңе де сенбейтін заман туды,

Аузыңды ашсаң, қаласың жаласына.

Бұл өлең туралы: «Қанды ғасыр» толғауы –

осы кезеңде Мағжан көшбасшы болған ұлттық әдебиеттің өзгеше бір туындысы деп бағалауға тиіспіз» -деп жазады Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері М.Мағауин.

Ақынның шығармалары 1987 жылы «Жазушы» баспасынан басылып шықты.

XІX ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасырдың алғашқы ширегіне дейін ғұмыр кешіп, Әріп, Әсет, Көкбай ақындармен өмірде замандас, өнерде тұрғылас болған Уәйіс ақын – XX ғасыр басындағы әдебиет өкілі ретінде де, Абайдың ақын шәкірттерінің қатарында да кенже зерттеліп жүрген тұлға. Уәйістің шығармашылық мұрасын ұлттық мүдде тұрғысында тану ұлттық  әдебиеттану ғылымының іргелі саласына айналып отырған абайтану ғылымының ажырамас бөлігі деп  толықтай сеніммен  айта аламыз.

Әдебиеттер тізімі:

Абайдың ақын шәкірттері: //Қ. Мұхаметханов.- Алматы: Дәуір, 994.-336 б.

Жақыпов С. Уәйіс ақын // Жұлдыз. – 1987. – №7.  – 203-206 б.

Жақыпов С. Уәйіс ақын // Семей таңы. –1983. – 22 сәуір.

Қазақ ССР 4-том қысқаша энциклопедия.-Алматы,1989.-638 б.
Сәменбекұлы Н. Керей Уәйіс ақын //Дидар.-2002.-8 маусым.

Мұхамедханов Қ. Уәйіс ақынның шығармалар жинағы жайында // Семей таңы. – 1987. – 27 тамыз.

Мұхамедханов Қ. Уәйіс Сопыұлы. Абай. Энциклопедия. – Алматы: Атамұра, 1995. – 720 б.

Мұхамедханов Қ. Абайдың ақын шәкірттері.  – Алматы: Дәуір, 1994. – 336 б

Уәйіс Шондыбайұлы / ҚСЭ анықтамасы.  – Алматы, 1980.  – 497 б.
Шондыбайұлы У. (1873-1925) Тәуке –Жәкібай: Поэма / Қазақ әдебиеті.- 1992.-18 желтоқсан.