Нұрлыбек Баймұратов
(1887-1969)

Нұрлыбек Баймұратов Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Балапан деген жерде туған.  Ақынға өлең он жасында дарыпты. Сол кездегі тәжірибелі Абайдың хатшысы болған ақын Ахметшәріп баланың бойында булығып шыға алмай тұрған өнердің барын бірден байқайды. Баланы бір айдай қасына ертіп, білгенін үйретеді, ақындық жолға баулиды. Алғашқы ұстазынан осылай тәлім алған ақын 15 жасынан ақындық жолын ұстана бастайды. Нұрлыбектің балалық, жастық шағы жетімдік, жоқшылық құрсауында өтті. Соған мойымай домбыраны серік етіп, дархан еліне еркелеп өсті. Әр ақынның өзін танытатын бір кезеңі болады.
Ақынның өмір тарихында орны бөлек, маңызды кездесулердің бірі – Иса Байзақовпен кездесуі. 1922 жылы Семей қаласында ақын Иса Байзақовпен айтысады. Ол 1925 жылы Семейде шығатын «Таң» журналында басылған.
Ақынның республика жұртшылығына кеңінен танылған кезеңі 1939 жыл. Осы жылдың 21-27 маусым күндері Қазақстан жазушыларының Алматыда өткен 11-ші сиезінде делегат ақын суырып салма шумақтарымен ұлы жиынды құттықтаған. Сол съезд үстінде Нұрлыбек СССР Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданады.

Нұрлыбек ақын – Мұхтар Әуезовтің халық ақындарының ішіндегі ықыласы ауып, ерекше көңілі түскен ақындарының бірі. Нұрлыбек Баймұратұлы мен Мұхтар Әуезов арасындағы шығармашылық байланыс 1920 жылдардан басталады. Мұхтар Әуезов ақынға бағыт-бағдар беріп, талай айтысына сын-пікір айтып,  шығармашылық жолда өсуіне септігін тигізеді.

Нұрлыбек Баймұратұлы  айтыстарымен қоса жазба әдебиетінде де өз қолтаңбасын қалдырған. Ақынның тұңғыш баспа бетін көрген туындысы «Қала сұлуы» поэмасы. Ақын өзінің өмірлік ұстанымын танытатын бұл шығармасы жайлы: «Менің шығармаларымның қағазға түсуіне, «Қала сұлуы» атты поэма жазуыма Мұқаң ерекше әсер етті.  Осы поэмамды жалықпай тыңдап, өте бір ырзалықпен ұнатты», – дейді. Бұл поэма Нұрлыбек ақынның көлемді шығармаларының тырнақалдысы.

1939 жыл – Нұрлыбек ақынның  шығармашылық жолында айтулы кезең болды. Бұл жылы әдебиет саласы елеулі оқиғалармен толығып, ақын мәртебесі көтерілген қуанышты кезеңдерінің біріне айналды. 1939 жылдың 21-22 маусым күндері Алматыда Қазақстан жазушыларының екінші съезі өтеді. Съезге Нұрлыбек Баймұратов Семейден делегат болып қатысады.

1939 жылдары «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілген.

Нұрлыбек Баймұратұлы ақындық өнерімен туған өлкесі Шығыс өңіріне ғана танылып қоймай, кеңес дәуірінің тұсында Қазақстан көлемінде аты шығып, әдеби жиын, айтыс, республика ауқымындағы мереке-той, мәдени шараларға шақырылып, қатысып отырған. Қазақ әдебиетінің даму кезеңінің бір арнасына Нұрлыбек ақынның қосқан қомақты үлесін, поэзия әлемінде алған мәртебелі орнын дәлелдейтін бір дерек ақынның 1949, 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндіктеріне қатысуы болып табылады.

Ақын Нұрлыбек Баймұратұлының алғашында мерзімді баспасөз беттерінде, кейіннен бірнеше мәрте шығармашылық жинақта, өз алдына жеке кітап та болып жарияланып, оқырман ықыласына бөленген, әдебиет сыншыларынан бағасын алған эпикалық туындылары – “Ер Төлеген”  және “Қанды жорық” поэмалары. Екі шығарма да туған халқының өмірінен алынған айтулы тарихи оқиғаларға арналып жазылған. “Ер Төлеген” поэмасы дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғысқа арналып жазылса, “Қанды жорық” поэмасы азамат соғысының көркем әдебиеттегі көрінісі. Ер Төлеген” поэмасының негізгі арқауы – қазақтың батыр ұлы Төлеген Тоқтаровтың ерлігі, жауынгерлік тұлғасы, патриоттық сезімі, қаһармандық бейнесі.

Азамат соғысының оқиғаларын суреттеген «Қанды жорық» атты дастаны 1962 жылы кітап болып шықты.

Нұрлыбек ақын туған халқының ауыз әдебиетімен сусындап қана қоймай, үлгілерін жинаумен айналысып, әдеби мұраны игеруге өз үлесін қосты. Бұл жөнінде сыншы-ғалым Есмағамбет Ысмайылов: «Біздің, Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтының Нұрпейіс пен Нұрлыбектен алмағанымыз жоқ», – деп жазады.  Нұрлыбек Баймұратұлының «Ақбура Боранбай ақынның қартайғанда айтқаны», «Кемпірбай ақыннан Әсеттің көңілін сұрай келгенде айтқаны», «Алаша ханның әңгімесі», «Тәуке батыр», «Қасымбек батыр» тағы басқа жазып өткізген шығармалар бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының қолжазба қорында сақтаулы.

Нұрлыбек ақынның өмірінде жазықсыз жала жауып, тар қапасқа қамап, азап тартқызған күндері де аз болмаған. Қазақтың біртуар марқасқа ұлдары- М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Ә.Қашаубаев т.б. басқалармен қоян-қолтық араласып, халқына қызмет көрсеткен перзенті

2001 жылы ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы деректерді, ел аузынан, көнекөз қариялардан, ақынның туған-туыс, ұрпақтарынан жинастырып, игі істің бастамашысы болған көрнекті ұстаз Уәлихан Түкісовтің «Ұлағат» атты кітабы жарық көрді. Сонымен қатар, Семей өңірі ақындарының бұрын жарияланбаған өлеңдері мен өмірі жайлы мәліметті белгілі жазушы Медеу Сәрсекенің 2000 жылы шыққан «Бес тұғыр» атты кітабынан кездестіруге болады.

Халқына қадірлі ақыны Нұрлыбек Баймұратұлы 1969 жылы 82 жасында Бесқарағай ауданы Башкөл совхозының орталығы болған Жаңа-Николаевка ауылында дүние салған.

1992 жылы Башкөл совхозының орталығы Жаңа-Николаевкада ақынның мұражайы ашылып, басына ескерткіш орнатылды.

Әдебиеттер тізімі:

Баймұратов Н. Өлендер мен поэмалар.-Алматы: Қазмембаскөркемәдеббас, 1957.- 144 б.

Баймұратов Н. Қазына: өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1982.- 240 б.

Баймұратов Н. Ер Төлеген : Поэма.- Алматы : Жалын, 1985.- 25 б.
Баймұратов Н. Қанды жорық: (Поэма).- Алматы: ҚМКӨБ, 1962.- 124 б.
Баймұратов Н. Аттаныңдар: жинақ .- Алматы: 1965.- 97 б.
Түгісов У. Ақиық ақыны еді Семейдің // Арна.- 2000.- 31 наурыз.- 20 б.
Шәріпов Е. Нұрлыбек ақынның мерейтойы (110 жыл толуына орай ) // Семей таңы.- 1997.- 30 қыркүйек.

Иманжапаров М. Халық ақындары мұрасы: Зерттеулер, өлең-толғаулар, поэма-дастандар. 1-кітап.-Семей, 2010.-322 б.

Иманжапаров М. Семей өңірінің ақын-жазушылары: оқу-әдістемелік кешен.-Семей: «Үш биік», 2010.-113 б.

Иманжапар М. Бір суреттің сыры // Ертіс өңірі.-2009.-3 маусым.-12 б.