Мағауия Абайұлы
(1870-1904)

Мағауия Абайдың Ділдә деген бәйбішесінен, әкесінің жиырма бес жасында туған. Ділдәдан төрт ұл, екі қыз болған. Мағауия (Мағаш) Абайдың кенже баласы.

Мағауияны әкесі сегіз-тоғыз жасында мұсылманша оқуға береді. Ауылда, «кішкене молла» деп аталатын Мұхаметкәрімнен төрт-бес жыл оқыған соң, Абай оны қалаға апарып, Семейдегі орысша мектепке оқуға түсіреді.

Оқуға аса қабілетті, зерек, талапты жас шәкірт Мағауия қалада екі-үш жыл оқыған соң, денсаулығы төмендеп, науқасқа шалдыға бастайды. Баласының науқасынан қауіптенген Абай сол кездегі Семей қаласындағы ең тәуір, тәжірибелі дәрігер деп танылған – Становқа қаратады. Мағауияның өкпе ауруына ұшырағанын анықтаған дәрігер, енді оның қалада тұрып оқуына болмайтынын айтады. Сонымен амалсыздан оқуын тоқтатып, Мағауия ауылына қайтады. Бұл – 1886-1887 жылдар еді. Содан бастап үнемі Абайдың өз қасында, әкесінің өз тәрбиесінде болады.

Мағауия орыс мектебінен алған бастауыш білімін әкесінің өнегесімен өз бетімен дамытып, орыс тіліне жетік болады. Абай оқитын кітаптарды – орыстың ұлы ақын, жазушыларының, ғалымдарының еңбектерін Мағауия да зер салып, көп оқиды. 1889 жылы Түмен қаласындағы реальное училищені бітірген соң, Петербургте оқып жүрген Әбдірахманның да Мағауияға көрсеткен көмегі көп еді.

Осы жылдар Абайдың ақындық атағының да кең жайылып, Абай алдына талапты жастар топталып, Абай ауылы өз тұсында мәдениет ордасына айналған кез болатын.

Мағауияның лирикалық өлеңдері, Абай айтқандай: «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін», «айналасы теп-тегіс жұмыр келген» нағыз көркем шығарма екенін көреміз. Мағауия әкесінен үлгі-өнеге, мол тағылым алған, ұлы ақынның жолын қуған, білімді, мәдениетті, саналы шәкірті, талантты ақын. Он алты-он жеті жасынан қолына қалам алып, өлең жаза бастаған. Оның жазғандарынан Абай өнегесі айқын танылады. Айтпақ ойын, сезім-сырын ақын тілімен суреттеп жеткізу, тақырыптан ауа жайылмау, «бөтен сөзбен сөз арасын былғамау» деген Абайдың ақынға қоятын шартын, Мағауия әуелден берік ұстаған ақын.

Ақынның алғашқы жазған шығармаларының бірі – «Ай жарық, жаздың түні ат терлетіп» деп басталатын өлеңі. Ақын бұл өлеңінде, екі жастың жазғы жайлауда, ай жарық бір түнде ел көзінен ұрланып, ауылдан аулақ бір сайда, бірін-бірі аңсап табысқан сәттегі көңіл-күйін, сезім-сырын сипаттайды.

Аз өмірінің ішінде Мағауияның басынан кешкен өмір кезеңдерінің ең қайғылы, ауыр кезеңі – ағасы Әбдірахман (Әбіш) қазасы болады. 1894 жылы Алматыда қатты науқастанып жатқан Әбіш тағдыры Абай ауылын қатты күйзелтеді. Әбіштің науқасын естігеннен бастап, оған арналып жолданған әке махаббатын жеткізетін, Абай жүрегін жарып шыққан сағыныш, тілек жыры туады. Абайдың барлық достары Әбішке туыстық, достық жүректен тілектестік ниеттерін білдіріп, терең сезімді өлең-хаттар жолдайды.

Абай 1894 жылы, Мағауияны Әбіштің қасында бол деп, Алматыға жібереді. Мағауия Әбіштің қасында бес айдай болып, күтіп, сүйікті ағасын өз қолымен аттандырады. Осы ауыр сапар, қайғылы хал, бес ай бойы ағасының ақырғы демін күткен қаралы күндер, ауылдан аулақта жалғыз басқа түскен ауыртпалық – Мағауияны қатты тебірентеді. Осы ауыр халдің үстінде «Бір үміт, бір хауіптің» ортасында өткізген күндер, үзілген үміт ақынның: «Ыңқылдап жатыр екен жаңа барсам», «Дейтұғын сөзің қайта «Мағатайым», «Жалғыз міне отырмын әр нәрсе ойлап», «Бірге туған бауырлас» деген өлең-жырларын туғызды.

Мағауия ақынның қазақ әдебиеті тарихында атын қалдырған еңбегі – оның поэмалары.

«Әкесінің ақындық еңбегін аса қадірлеп, жақсы білген, ұғынған Мағауия өзі де Ақылбай, Көкбай сияқты ақындық еңбекке беріледі… Абайдың мәслихатымен және материал беруін пайдаланып, бірнеше поэма жазады. Ол жазған поэмалары: «Еңлік-Кебек», «Абылай» және «Медіғат-Қасым», – дейді Мұхтар Әуезов.

«Еңлік-Кебек» – Мағауияның ақындық қадамын жаңа бастаған шағында жазған алғашқы поэмасы. Мағауияның өз қолжазбасы сақталмаған. Поэманың бір ғана көшірме қолжазбасы, 1940 жылы, Мұхтар Әуезов өз архивін тәртіпке келтіріп, реттеп жатқан кезде, көп қағаздың ішінен табылады. Поэманы көшіріп жазған Дайырбай Қожанұлы.

 Мағауияның ең көлемді, әрі көркем және оның ақындық ерекшелігін айқын танытатын «Медіғат-Қасым» поэмасы екенін, Мұхтар Әуезов ерекше атап айтқан болатын. «Медіғат-Қасым» Мағауияның ең соңғы поэмасы.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

Мағауия Абайұлы Құнанбаев туғанына 130 жыл (1870-1904) [Текст] : Күнтізбе // Қазақстан zaman. – 2004. – 9 шілде. – 11б.

Абайдың ұлдарына қатысты деректер табылды [Мәтін] // Дидар. – 2015. – 12 маусым. – 2 б.

Мұқамедханов, Қ.  Мағауия Абайұлы Құнанбаев [мәтін] / Қ. Мұқамедханов // Жұлдыз. – 1985. – №4. – 175-181 б.

Мұқамедханов, Қ.  Мағауия  ақынның “Медғат-Қасым” поэмасы [мәтін] / Қ. Мұқамедханов // Семей таңы. – 1986. – 22,25 март.

Абайдың ұлдарына қатысты деректер табылды [Мәтін] // Дидар. – 2015. – 12 маусым. – 2 б.

Жүрекадыр Рухани туынды. [Текст] / Жүрекадыр // Семей таңы. – 2005. – 1 сәуір. –  6 б.

Исаұлы А. Абайдың Мағауияға жазған хаты [Текст] / Исаұлы А. // Арна. – 2000. – 20 қазан. – 3 б.