Абайдың гуманистік ойлары

Абайдың рухани әлемі дүниетанымы ерекше бір тылсым, таптырмайтын құндылық. Оның ойшыл – дана ретіндегі   философиялық орталық мәселесі адам, яғни гуманизм. Абай өзінің азаматтық парызын түсініп, саналы түрде жаңа ізденістер мен ерекше әрекеттер жасап, адамтану адам болу ілімінде көп жаңалықтар ашты. Абай философиясының басты мақсаты адамды барынша жоғары денгейге жеткізіп, кемелдіктің  мәнін ашу. Бүкіл өміріне азық етіп басқаларға да шарапатын тигізу. М. Әуезов Абайдың: «ұстаздық, әлеуметтік талабының түп мақсаты жеке адамдарды жаманшылдықтан арылтып, сол арқылы заманындағы қауым-қоғамын және бар халқын түзетіп өзгертпек болады» – дейді. Бұл тұжырым Абайдың адамгершілік тәрбиеге, оның негізі болатын мораль философиясына орала беретін себебін ашып көрсетеді. Абай қазақтардың өткені мен бүгінін, болашағын, салт-дәстүрі мен рухани мәдениетін жетілдіру, жастарға адамгершілік тәрбие беру жолдарын тынымсыз ойлаумен өтті. Бүгінгі уақыттың талабына сай ой түйіндейтін болсақ, хакімнің ойлау мәдениеті қазақтың менталитеті, болмыс бітімі қандай, оған тән кемшіліктерді қалай жоюға болады, деген сауалдар төңірегінде өрбіді.  Ол өзінің бүкіл болмысын, білімі мен өмірлік тәжірибесін, поэзия мен прозасын, ой-толғанысы мен философиясын адам бойынан таба білді. Ол кісілік қасиеті, білімі мен парасатын елдің қамын ғана емес, адамзаттың мақсат-мүддесін ойлайтын, дүниеге әлем тұрғысынан қарайтын адамды тәрбиелеуге жұмсады. Ұлы данышпанды адам өмірінің мәні, тұрмыс тіршілігі мен болмысы, ар-намысы сияқты мәселелер ерекше толғандырды. Ол былай дейді: Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес, «мені» мен «менікінің» айрылғанын, «өлді» деп ат қойыпты өнкей білмес. Өйткені, қоғамдағы құбылыстар мен процесстердің өзегі адам болмысы болып табылады. Бұл жерде «мен» деген не, «менікі» деген не, деген сауалдарға  жауапты Абайдың өзінен табамыз. ”Мен” дегеніміз ақыл мен  жан. Екеуі де рухани түп негіз. “Менікі” деп сөзді тәнге қатысты айтып отыр. Абай адам баласының жаман-жақсы қасиеттеріне терең мән беріп, философиялық ой толғауларында атап көрсетеді. Отыз сегізінші сөзінде  Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын  үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек дейді. Әуелі надандық, екінші еріншектік, үшіншісі зұлымдық. Үш-ақ нәрсе адамның жақсы қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».

Адам бойындағы осы үш қасиеттің басын қосып, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деген қорытындыға келеді. Ол ғылымды үйреткенде, бақталастық, атақ-данқ үшін емес, айқын мақсатпен, білмек үшін үйрену керектігін баса айтады. Өйткені қай қоғамда болмасын, бақталастық адамды жаман жолға жетелейтіні рас. Абайдың пікірі бойынша адамгершілік нормалары мен принциптерін күнделікті өмір сүру тәсіліне айналдырған адамды ғана нағыз адам деп есептеуге болады. Сондықтан: «адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз…Бес нәрседен қашық бол… (Бес дұшпан – Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шашпақ) Бес нәрсеге асық бол…(Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рақым)» – дейді. Ұлы ойшыл, адам бойындағы ұят пен иман мәселесін қозғайды. Бұл екі ұғым адам мен хайуанның ара жігін ажыратады. «Адам хайуаннан, ақ жүректігімен адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленеді. Ұяты бар адам – иманды.»  Ойшыл Абай адамдық танымдағы ұяттың басымдығын сөз етіп тұр. Жиырма бесінші қара сөзінде: «Қарыны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап – ішуге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уа әртүрлі бәлеге ұрлық зорлық, қулық сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатын нәрсе» деп ой түйіндейді

Отыз алтыншы қара сөзінде: «Ұяты күшті адамдар ұйқыдан тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз  мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты» – дейді.

Ерте жастан мұсылманша оқып, білім алған хәкімнің шығармашылығы ислам негіздерімен қоса өрбіп, батыс философиясымен терең қабысып, Абайдың өзіне тән, адамзаттық деңгейдегі «толық адам» яғни «жауанмәрттілік» ұғымына ұласады. Гуманизм ұғымы жалпы адамзатты сүю, жылы жүрекпен қайырымға келу мағынасына келетін болса, Абай санасындағы махаббат – жалпы әлемге, жаралушы мен жаратушы арасындағы шексіз ғаламға ұласып жатады. Мысалы:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті,

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және сүй хақ жолы деп әділетті»-десе, енді бірде:

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа,

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде одан басқа» – деп, тұрақсыз «Бір Алладан басқаның бәрі өзгеріп» тұратын дүниенің баян табар мысалдарын келтірген. Өзінің ғақлия қара сөздерінде данышпан жүрек категориясын өзгелерден үнемі жоғары қойып көрсетеді. Адам бойын жүрек билеуі керек деген тұжырымға келе, он төртінші қара сөзінде: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» – дейді. «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек» – деуі де, адам баласының рахымшылығы мен мейірбандығы осы бір жұмыр етте жатқанын аңдатады.

Абай қара сөздері мен өлеңдерінде жұрт ішіндегі теріс мінездер һәм алуан қылықтарды сынап қана қоймай, адам құбылысына үлкен философиялық көзқараспен қарап, зерттеп отырған. Теңіздің дәмі тамшыдан білінетіні сияқты, сол замандағы әлі де қараңғылық құшағынан шыға қоймаған қияндағы елінің бойына қарап, ойын салмақтап осы бір тылсым жұмбақтың шешімін тауып кеткендей. «Қалың елім қазағым», «Ұятсыз, арсыз, еріншек», «Мәз болады болысың», «Болыс болдым мінекей», «Сегізаяқ», т.б өлеңдерінде басталған үлкен ашу мен ұлы жанашырлық кейіннен қара сөздерінде толығымен тарқатылып, адамның адамшылығын сақтап қалу жолындағы ойларымен қоса жазылады. Оның бір мысалы он бесінші қара сөзіндегі: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де  білмей қалыппысың?» – деген ащы мысқылмен аяқталатын сүбелі ойлары.                 «Абай – өз халқының ғасырлар бойғы мәдениетінің таңдаулы нәрін алды және бұл қазынаны орыстың және Батыс Европа мәдениетінің игі әсерімен молықтырды. Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы- заман тынысы, халық үні» – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Абай шығармашылығы, ұлы ақынның гуманизмі, үңілген сайын ашыла беретін шет-шегі жоқ ғажайып әлем.  Өз дәуірінің кескін-келбеті, өткен заманның бедерін зерде қойып зерттеушісі, келер заманның шырақ алып, жол бастаушысы – Абай қашанда адамзат ақыл-ойын алдыға жылжытушылардың, парасат падишаларының ішіндегі дарасы болып қала бермек.

Әдебиеттер:

  1. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі . – Алматы:Ана тілі, 1995. – 272 б.
  2. Әділбеков Н. Абайдың азаттық идеясы // Фемида. – 1997. – №8.- Б.62-64
  3. Әуелбайұлы Ж. Абай тағылымы-ар, мінез, ақыл, ғылым // Парасат. – 1995. -12 шілде.- Б. 20
  4. Есім, Ғ. Абайдың хакімдігі туралы // Шәкәрім. – 2006. -№4. – Б. 17-21.
  5. Керейбаев Қ. Абай және адамгершілік тәрбие мәселесі // Парасат. – 1995. – 12 шілде.- Б.12
  6. Қазақ ағартушыларының философиясы / құраст. Т. Ғабитов, Г. Барлыбаева ; ред. Ә. Нысанбаев. – Астана: Аударма, 2007. – 468 б.
  7. Машанов, А.Әл-Фараби және Абай . – Алматы : Қазақстан, 1994. -192 б.
  8. Нұранов Қ. Абайдың тәрбиелік ойлары // Парасат. – 1995. – №5.- Б.6