Абайдың өмірбаяны

Абай 1845 жылы  Батыс-Сібір генерал-губернаторлығы Семей уезінің (1845 ж. бері Семей облысы) Жидебай бөктерінде (қазір Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының әкімшілік бөлімшесі),  Шыңғыстаудың бөктерінде дүниеге келді.  Абайдың өз әкесі Құнанбай, атасы – Өскембай, арғы атасы – Ырғызбай. Жас шағындағы Абайдың тәрбиесі әкеден гөрі жұмсақ мінезді мейірімді шешесі Ұлжан мен кәрі әжесі Зере бауырында өтеді. Абай он жасына дейін ауылда өсіп, елдегі молдадан оқыды. Он жасына келгенде, оны әкесі Семей қаласына әкеліп, медресеге оқуға береді. Абай медреседе үш жыл оқиды. Оқу әрине ескіше, ылғи дін сабақтары. Өзімен бірге оқыған үлкен, кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты, Абай оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін сезімді оқушы болады. Араб, парсы, түрік ақындарының ішінде өзінің әбден сүйіп, таңдап оқыған ірі ақындары болады. Сондай-ақ  шығыстың ұлы ақын-ғалымдары Науаи, Низами, Сағди, Фердоуси т.б. шығармаларымен танысады. Солардың әр сөздерін оқып шығып, талай жырларын жаттап жүреді. Одан соң  – араб, иран, шағатай тілінде жазылған ертегі, дастан, қисса сияқты әдебиет мұралары. Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» түсіп, орысша оқи бастайды. Бірақ мұндағы оқуы ұзақ болмайды. Басы-аяғы үш-ақ аймен бітеді. 13 жасқа толғанда әкесі Абайды оқудан шығарып әкетеді. Ел билеу жұмысында өзіне серік қылмақ болып, жаңа міндетке арнап, сол жолға баули бастайды.

Жасы отыздан асқан соң, бұрыңғы азды-көпті білімін есіне түсіріп, орыс кітабын мықтап оқиды. Едәуір тіл біліп алған соң, енді көп нәрлі кітаптар оқуға кіріседі. Әдейі қала кітапханасының кітаптары үшін Семейде қысқы айларда ұзақ жатып алатын болып, өз-өзінен  ізденіп, қарамана бастайды. Осымен 35-36 жастардың шамасында кітап қарастырудың жолында жүріп, Абай 1870 жылдарда Петербургтен айдалып келген революционер жас Михаэлис деген кісімен таныс болады. Михаэлис арқылы 80 – жылдарда айдалған басқа демократтармен да танысады. Соның ішінде – Гросс, жас доктор Долгополов, Леонтьев сияқтылар  болған. Осылардың кейбіреулері Абай ауылына қонаққа барып, досы болады.Бұрын қолына  түскеннің бәрін талғаусыз, ретсіз оқып жүрген Абай, бертіндегі оқуын Михаэлистің ұсынысы бойынша үлкен тәртіпті ретке қойып, көркем әдебиет, сын, философия, табиғат ғылымдары т.б. жоспармен оқитын болған.

Абайдың ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтіп, шырқау биікке көтерген, әрине орыстың А.С.Пушкин, М.Ю. Лермонтов, Л.Н.Толстой, Е.Салтыков-Щедрин, Н.А.Некрасов, И.С. Тургенев, И.А. Крылов секілді ең көрнекті жазушы, қоғам қайраткерлерінің шығармаларын оқып, олардың озат ой-пікірлерімен тікелей танысуы екенін атап айтқан жөн. Сонымен қатар, сыншыл ойшыл демократтардан: Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Еуропа ақындарынан: Гете, Байрон,  философ білгіштерінен: Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сияқты талайларды оқыған. Ақынның шығармашылықпен еркін араласуы 1860 жылдар болды. Ол кезде Абай өлеңдерін басқа аттармен жариялаған, тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыры», сонымен қатар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің сол кездегі әлеуметтік жағдайларды түсіну үшін маңызы зор.

Абай  Крылов, Лермонтов, Пушкин, Гете мен Байронды қазақша сөйлетті. 1882 жылдардан бастап, осы 85-86 жылдарда ол Пушкин, Лермонтовтан бірен-саран өлеңдерді қазақшаға аудара бастайды.  Сонымен, Абай 1886 жылдан 1889 жылға дейін, өзі жазғаны бар, орысшадан аударғаны бар, көп өлең жазады. Дәл 1889 жыл Абайдың барлық шығармашылығы үшін ең өнімді, ең жемісті жылы болады. Бұл кездегі өлеңдері тек өсиет болып келмей, сонымен қатар махаббат жайында, табиғат суреттері, өлең, ән-күй туралы, өзінің бас қайғысы, ішкі сыры туралы болады.

Абайдың нәрлі еңбегін айтқанда, ылғи ақындығын сөз қылып келмей, осымен қатар, одан қалған мәдениет мұраларының ішінде үлкен, елеулі орны бар әншілік (композиторлық) еңбегін де атау керек. Абай ән-күйге талай-талай сұлу мағыналы жырларын арнайды. Абайдан қалған 16-17 ән бар. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т. б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған. Сол тәрізді Пушкиннен аударған Татьяна, Онегин хаттарына да арнаулы ән шығарады.

1890 жылдардан бастап ұстаздық, үгітшілдік жолына түскен соң Абай өлеңді аз жазса да, «қара сөзбен» айтатын өсиетті көп жазды.  Абай – қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салды. Абайдың 170 өлеңі және 57 аудармасы, поэмалары, «Қара сөздері» бар.

1904 жылы 23 июньде өзі туған сахарасында қайтыс болады. Ақынның сүйегі Жидебайда өз қыстауының жанына қойылады. Абайды мәңгілік есте қалдыру үшін Қазақстанның әдебиет саласы бойынша Мемлекеттік сыйлығы берілген. Көптеген әкімшілік аудандар көшелер, театрлар, кітапханалар Абай есімімен аталады.

Әдебиеттер:

Абай. Энциклопедия.- Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, Атамұра, 1995. – 720 б.

Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 272 б.

Әлімқұлов Т. Жұмбақ жан: Әдеби-сын зерттеу .- Алматы:Жазушы,1993. – 221 б.

Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар. – Алматы: Санат, 1995. – 339 б.