Тәңірберген Әміренов
(1907- 1985)

Тәңірберген Әміренов айтыскер ақын ретінде танылған шабытты ақын.

Семей облысы, Абай ауданы, Саржал  елді мекенінде дүниеге келген. Шаған болысының  Қарабұжыр  ауылы. Руы – Тобықты, оның ішінде – Мотыш.  Бекмырзақызының тәрбиесінде өседі. Ақынның нағашысы- Тәуке батыр. Өз заманындағы қазақ балалары сияқты ауыл молдасынан жеті жыл оқып, хат танып, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жаттап, домбырасын серік еткен.

Ақынның баспасөз бетін көрген  алғашқы шығармасы – 1930 жылдың басында аудандық газетте, кейін облыстық «Екпінді» газетінде жарияланады. Екінші шығармасы –сол жылда жарық көрген. Өз ауылнда көпшілік бірігіп қазған тоған туралы «Қазан тоған» деген терме-жыр. «Жұмбақтас» атты өлеңдер жинағы 1967 жылы жеке кітап болып басылып шықты, 1973 жылы жеке кітап болып, «Қанды қанжар» поэмасы шықты, ал 1977 жылы «Жол мұраты» атты жеке өлеңдер мен поэмасы көпшілік оқырмандар арасына тарады. Отызыншы жылдарда өзінің туған жерінде, кейінірек Семей қаласында әр түрлі жұмыстар атқарады. Жергілікті, аймақтық айтыстарға қатыса бастайды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында жас Тәңірберген ақынның шабыты шарықтай көтеріліп, аты республика көлеміне жайылады. 1944 жылы Абай ауданындағы Құлмен, Саржал ауыл кеңестеріне қарасты колхоздар мал шаруашылығын өркендету жөніндегі социалистік жарыстың қорытындысына арнап айтыс ұйымдастырады. Айтысқа екі ауылдан Тәңірберген Әміренов пен Сыбанғали Серікбаев түседі. Сол айтыстан үзінді «Екпінді» газетінде 1944 жылғы 8 қазанда «Асыл сөз, ағынды жыр жеңіс үшін» деген тақырыппен жарияланғанын айтып, дәлел ретінде айтыс үзіндісін келтіре кеткеніміз артықшылық етпес.

«Тегінде халық ақындарының ел көзіне ерекше түсіп, талантын танытып, халыққа аты әйгілі болатын сәтті шақтары болады. Ол шақ – ақындық айтыс майданы. Солардың ішінде ұмытылмайтын, ерекше есте қалатын Тәңірбергеннің ақындық өнерін республика жұртшылығына айқын танытқан 1943 жылы желтоқсан айында Алматыда өткізілген республикалық ақындар айтысы. Осы айтыста Тәңірберген Әміренов өзін айтыскер ақын екенін мойындата білген жүйріктердің бірі.

1943 жылы желтоқсан айында Алматыда өткізілген республикалық тұңғыш ақындар айтысы болды» – деп жазды белгілі әдебиетші-ғалым Қайым Мұхамедханов. Ұлы Отан соғысының үшінші жылында өткен республикалық айтысқа Қазақстанның атақты халық ақындары Төлеу Сапарғали, Нұрлыбек, Тәңірберген т.б. қатысады. Семейлік ақындар қарағандылық Шашубай, Маясар, Жолдыкей сынды белгілі халық ақындарымен сөз сайысына түспек. Тұңғыш республикалық айтысқа түспес бұрын Қарағанды ақындары Семейге келіп, Семей ақындары Қарағандыға барып,екі облыстың ауыл шаруашылығы, өндіріс, мәдениет, тұрмыс саласындағы табыстарымен танысып, кемшіліктерін де аңғарған. Ақындар қажетті мағлұматтар жинап үлкен дайындықпен айтысқа қатысқан еді. Дүбірлі айтыс Алматының опера және балет театрында өтті.

Айтыс төрешілері әр облыстан екі-екіден ақын қатысуына рұқсат еткен. Семей ақындары ақылдаса келе, кәріден белгілі майталман, айтыс шебері, төкпе ақын Нұрлыбек Баймұратовты шығарды. Оны толықтырушы, серігі ретінде ол кезде қайратты дауысы да үнді, бұрын айтысқа түспеген Тәңірберген Әміреновты атайды.

Сол 1943 жылы Қарағанды облысының өндіріс, шаруашылық саласындағы көрсеткіштер Семей облысынан жоғары болатын. Семейлік айтыскерлердің көрсеткішті салыстырып айтысуы мүмкін емес-ті. Бар мақсат – ақындық өнер бәйгесін берік сақтау. Тәңірберген ақынның рухы көтеріліп, шабыттана жырлап, ерекше көзге түсіп, үлкен абыройға ие болады. Тәңірберген ақын үшін сәтті кезең сол айтыстан туған. Оның саңқылдаған ашық даусы, домбырада ойнауы, музыкалық сарыны, тапқырлығы мен батылдығы сайма сай келіп айтыс үстінде ерекше көрінеді.

Айтыс төрешілері Қарағанды облысының озық көрсеткіштерін еске алып, Семей ақындарының ақындық өнерін, сөз саптаудағы тіл шұрайлығын бағалап, екі облыс ақындарына да бірінші орынды беруді ұйғарды. Тұңғыш рет ең үлкен айтысқа түсіп, Тәңірбергеннің ақындық өнер бәйгесінде тұңғыш бәйгеден келгені де осы жол еді. Міне, осы уақыттан бастап 36 жастағы Тәңірберген айтыс ақыны ретінде мәлім болып, халыққа танылады. Республикалық айтыстағы Тәңірбергеннің өлеңі 1943 жылы ақындар айтысының жинағында басылып шықты.

Семей өңіріндегі айтыс дәстүрі соғыс жылдарымен шектеліп қалған жоқ, одан кейін де, жалғасын тапты. Жеңіс лебі соққан 1945 жылы 9 наурызда Семейде өткен екі күндік айтыс қазақ театрында өте тартысты өтеді. Сол жолы Т.Әміренов Жаңасемей ауданы атынан, Рахымбай Дүйсекеев «Ворошилово» есімді колхоздың атынан сөз сайысына түседі. Екеуі де айтыстағы ерен жүйріктер. «Рахымбай мен Тәңірбергеннің айтысы» «Екпінді» газетінде (1945 ж. 18 март №55) жарияланады.
Жыр дүлдүлі Т. Әміренов 1957 жылы күз айында Ұлы Октябрьдің 40 жылдығына байланысты Семейде өткен айтыста Қалихан Алтынбаевпен айтысқа түседі. Тәңірберген Жаңасемей ауданынан, қарсыласы жас Қалихан Жарма ауданының атынан жыр додасына қатысады.
Сонау қырқыншы жылдардың қырқасында туған «Бақыт», «Аттандым елім егіске», «Қызыл керуен» тәрізді жырлар осындай ізгі мақсаттың жемісі дер едік. «Батырлар туралы жыр» толғауында Ұлы Отан соғысы барысындағы кеңес адамдарының қан майдан мен тылдағы қаһармандық ерлігі мен еңбегі баяндалады.
Айтыс өнерінде шыңдалып, әйгілі болып, елге танылған шабытты ақынның артында әдебиетіміздің озық үлгілерінің қатарынан орын алатын тамаша мұралары қалды.

Т.Әміреновтың өлеңдері, айтыстары мына жинақтарға басылып шықты: «Ақындар айтысы» (1958), «Ақындар шықты айтысқа» (1960), «Пернедегі термелер» (1965), «Айтыс» 3 — том, 1967 жылы «Жұмбақ тас» өлеңдер жинағы, 1977 жылы «Жол мұраты» атты өлеңдер жинағы шықты.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы өлеңді серік етіп, халық өміріндегі үлкенді – кішілі оқиғаларға өз үнін косып келе жатқан ақын шығармаларының ішінде : «Жұмбақ тас», «Сары атан», «Батыр» дастандары көлемі кіші болғанмен, айтар ойы қомақты. 1973 жылы шыққан «Қанды қанжар» дастаны халық жауларының қолынан каза тапқан Зейіт деген жігіттің ерлігін, азаматтық парасатын дәріптейді. «Батыр» дастаны Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаев туралы. Халық алдында сіңірген еңбегі бағаланып «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен әдеби еңбектері үшін марапатталған. 1962 жылдан СССР Жазушылар Одағының мүшесі.

Абайдың ақындық дәстүрін өз дәрежесіне дамытушы, қазақ сахарасын «дала театрын » айналдырып, дүбірлетіп өткен әнші, ақын, композитор, шежіреші Тәңірберген Әміреновтің ой-санасы мен дүниетанымы, ақындық позициясы мен идеясы, суреткерлік қарымы мен ақындық диапазоны шығармаларынан, өнерпаздық өмір жолынан айқын көрінеді.

Тәңірберген Әміренов-халықтық поэзияның туын биікте ұстау мақсатында кемеңгер Абайдың шыншыл да, сыншыл өлеңдерінен бір сәт қол үзбей, оның әдебиеттегі дәстүрін өз шама-шарқынша жалғастыруда аянбай еңбек еткен қаламгер.

Тәңірбергеннің айтыскерлік шеберлігі туралы жазушы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері М.Сәрсеке: «Айтыс ақыны дегенде Тәкеңді туған жерін, ауданын, облысын жөнді-жөнсіз, әйтеуір мақтау беру керек деген нобаймен сөз қисындастырып төпей беретін сөзуар ақындардан бөлек атауымыз керек. Оның айтысы- жалаң үгіт, даурықпа терме емес, немесе жеке  өз басының, атақ абыройына  құрылған мақтан емес, терең мазмұнды бай теңеулермен сомдалған ұтымды желісі бар . саяси ұстамды, дербес әдеби шығарма- деп өз бағасын берген.

Әдебиеттер тізімі:

Абайдың ақындық дәстүрі  және Т. Әміренов лирикалары// Шәкәрім шығармашылығы қазақ және әлем әдебиеті контексінде. Халықаралық ғылыми-техникалық конференция материалдары.Семей,2008.-282-289 б.

Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. Алматы: Ана тілі,1995.-272 бет
Әміренов Т. Арнау: (өлең) // Семей таңы.- 1980.- 25 октябрь.
Әміренов Т. Алты асудан асты халқым : (өлең ) // Семей таңы .- 1980.- 8 апрель
Әміренов Т. Жетсін деп жаңа табыс биігіне : (Өлең) // Семей таңы.-1979.-20 октябрь.

Әміренов Т Тарлан талант: ( Ақын Ә. Тәжібаевқа арналған) // Семей таңы. – 1979.- 7 апрель.

Әміренов Т. Жол мұраты: Өлеңдер мен поэмалар. Алматы: Жазушы.-1977.-136 6.
Әміренов Т. Әр жылдар ескерткіші: (Бірнеше өлеңдер) // Семей таңы.-

1977.- Іб ноябрь.
Әміренов Т. Жұмбақ тас: Поэма // Семей таңы .-1975 .- 13 , 14 май.
Әміренов Т. Қанды қанжар: (Дастан) // Семей таңы .-1970.- 20 июнь.
Әміренов Т. Кемел ойлы кемеңгер: (Абайға арн.) // Семей таңы,- 1968.- 21 сентябрь.
Әміренов Т. Туған елім // Семей таңы .- 1967.- 26 ноябрь.

Әміренов Т. Ақынның деке архивіндегі қолжазбасы

Еспенбетов А. Уақыт өрнегі.Алматы: Інжу-маржан,2005.-515 б.

Жолдасбеков М. Жүз жыл жырлаған жүрек.Алматы: Жазушы,1992.-320 б.
Иманжапар, М. Бір суреттің сыры // Ертіс өңірі. – 2009. – 3 маусым. – С. 12

Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры.-Астана: Күлтегін, 2002.- 528 бет,

Сәрсеке М. Ертістің егде жыршысы // Семей таңы,-1977.-18 қараша

Тәңірберген өлеңдеріндегі Абай тұлғасы// Алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңістігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі кезең. Халықаралық ғылыми- практикалық конференция материалдары. Семей,2008.-267-270 б.