Әріп Тәңірбергенұлы
(1856-1924)

Әріп Тәңірбергенұлы (азан шақырып қойған аты Мұхамедғаріп) қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы,Үшбиік ауылына қарасты Еңірекей елді мекеніңде дүниеге келген. Руы – Сыбан ішінде Жанкөбек. Әріптің арғы аталарының есімдері тарихта қалған белгілі адамдар болған. Жанкөбектің бір баласы – Нар дауысты Нарынбай XVII ғасырдың аяғында қазіргі Ташкент Жеті қақпа аталып тұрған кезде, бір қақпасына бек болған адам. Нарынбайдан – Қу дауысты Құттыбай, Құттыбайдан – тарихтан белгілі он жеті ақын тараған Байғара би, Байғарадан – Ақтайлақпен бірге Байсал тарайды. “Дұт” атанған осынау ұрпақтан әйгілі он жеті ақын шыққан. Олардың көбінің мұрасы бізге жетпеген. Бір ұрпақтан бір кезеңде шыққан он жеті ақынның мұраларын жинап ел игілігіне жарату – болашақ әдебиетшілердің үлесінде.

Найман шежіресін тарата келіп Бердібек Сұлеймен би:

Байсалұлы Әліден — Тәңірберген,

Оның ұлы Әріпті Найман білген.

Тұсында Әріп ақын атаныпты

Ақындық Байғарадан үзілмеген,  –

дейді. Көсемдігі мен шешендігі тең ұлы ата ұрпағынан шыққан Әріптің нағашы жұрты да осал еместі. Ақынның шешесі Жаңғақ шешендігімен көзге түскен сөзге ұста адам болған.

Ол – «Абай жолы» романында кеңінен сөз болатын Тобықтының Көкше атасынан шықкан Қаратай шешеннің інісінің қызы. Әріптің Абаймен жақын танысуының бір себепкері осы нағашы жұрты, оның ішінде ақын досы – Көкбай Жанатайұлы.

Әріп ауыл молдасынан ескіше сауатын ашқан соң, 11-12 жасында Семей қаласындағы миссионерлік мектепте оқыды. Жасынан орыс оқуын терең меңгерген Әріп араб, парсы, қытай тілдерін де жетік біледі.

1876-1878 жылдары Семей қаласындағы уездік училищеде өте жақсы бағамен оқығандығы туралы мұрағат деректер бар (Қазақстан орталық мұрағаты  491-қор. 1-тізбе. 8-іс). Оқуын бітірген соң алғашқы кезде мұғалім болып бала оқытады, кейінірек қытайдағы Шәуешек қаласында орыс консульствосында бірнеше жыл тілмаш қызметін атқарады.

Сонан соң Алматы, Бішкек қалаларында әр түрлі қызметте болады.

Жетісу, қырғыз жерлерінде болған жылдарында Жамбыл бастатқан ақындармен араласып, жақын жүреді. Ауызша айтып, жаздырып қалдырған естелігінде Жамбыл: «… Сол отырғандардың ішінде бір қызылшырайлы сары жігіт менің сөзімді ден қоя тыңдап отырған тәрізденді. Әлгі қызылшырайлы сары жігіт Әріп екен. Алматыда қызмет істейді екен өзі. Сөз әлпетіне қарағанда, бұл да бір кесек ақын-ау деген ойға келдім.

Таныса жүрейік деген соң сол топта мініп жүрген жақсы ерімді бердім оған. Бұдан кейін де әлденеше жолығып жүрдік.

Өзі көбінесе өлеңін жазып айтатын ақын екен. «Біржан-Сара» айтысының кейбір жерлерін жатқа айтып беріп жүрді.

Өзі тұтқиылда сөзге тапқыр жігіт екен…» деп Әріпке жоғары баға берген. Жамбылдай ұлы ақынның бір көрген адамына осыншама ықыласы түсіп, астындағы мініп жүрген «жақсы ерін» сыйлауы тегіннен-тегін емес.

Үлкен таланттардың бірін-бірі жазбай танығандығының мысалы.

Әріп Тәңірбергенов танымал сөз шеберлері Біржан мен Сараның айтысын жазып алып кейінгі ұрпаққа қалдырған.Әріп қолына қалам алған күннен бастап Абайдан көз жазбаған, Абай дәстүрін бойына жастай сіңірген аса ірі ақындардың бірі. Әрқашан Абайға ұқсауға талпынып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, Абай ағасынша «екі жаққа бірдей үңіліп», батыс-шығыс әдебиетінің озық үлгілерінен көп үйренген.

Өз үйінен балалар үшін мектеп ашып, мүмкіндігінше оларға орыс тілін үйреткен. Әріп қазақ оқырмандарын орыс классиктерінің, ең алдымен А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың  шығармаларымен таныстыруға тырысқан. Әріп Тәңірбергеновтың революцияға дейінгі шығармашылығы білімге, ғылымды оқуға шақырады. Қазіргі орыс және батыс европалық поэзиялардың білгірі болды. Оның кең танымал болған поэма – хиссалары: «Ходжа – Гафан», «Зияда –Шахмурад».

Әріп ғылым қуу жолына мықтап түседі. 1882-1884 жылдары Аякөз уезінде, 1884-1887 жылдарда Қытай Халық Республикасында Ресей консулы Николай Балкашиннің тілмашы міндетін атқарады. Сондай-ақ, Верный, Бішкек қалаларында заң орындарында, байланыс саласында жұмыс істейді.

Сондықтан да дүние салғанда оны шәкірттері Төлеу Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов, Есенсары Құнанбаев, Шәкір Әбеновтер күңірене жоқтаған.

Өмірдің талай-талай соқпағын, тайғақ кезеңдерін бастан кешірген, ел арасындағы зорлықшыл топтардың қиянатын да көп көрген, надандықпен Абай ұстазынша алысып өткен ақын 1924 жылы 68 жасында Еңірекей бекетіне таяу Жыланды деген жерде қайтыс болған. Сүйегі сондағы өз қыстауы Қарабұлаққа жерленген. 

Әдебиеттер тізімі:

Айтұлы Н. Ұмытпаңдар мені // Егемен Қазақстан.- 2006.- 13 маусым.- Б.2

Байқадиұлы С. Алаштың әйгілісі // Ертіс өңірі.- 2006.- 6 қыркүйек.

Бейсенбаев М. Әріп ақын туралы жаңа деректер // Семей таңы.- 1978.

7 сәуір

Ерденбеков Б. Ақынымызды ардақтай білейік // Қазақ әдебиеті.- 2006.-

9 маусым.

Карменова Г. Абайдың ақын шәкірттерінің бірі – Әрәп Тәңірбергенұлы / Г. Карменова // Қазақ тілі мен әдебиеті.- 2015.- №9.- Б.103-113.

Серікбаев С. Арқаның ақиық ақыны // Дидар.- 2001.- 2 маусым.- Б.12