Тұрағұл Абайұлы
(1876-1934)

Ұлы Абайдың Әйгерімдей аяулы жарынан туған тұңғыш баласы Турағұл (Тұраш). Ақын, аудармашы.

Тұраш жас шағынан әкесі Абайдың қолында болып, өнегелі тәлім-тәрбиесін көп көріп өскен. Турағұл бала жасынан өте зерек, ұғымтал, зерделі болған.

Ұлы ақын әкесінің қадір-қасиетін ерте түсініп, табиғи ақындық қуатын ерте танып өскен, Абайдың ең талапты, әрі талантты баласының бірі.

Жасында ауыл молдасынан мұсылманша оқып, сауатын ашқан. Кейіннен өздігінен ізденіп, орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген.

Бойы ортадан жоғары , кең маңдайлы, шешесіне тартқан сымбатты Тұраш озық дүниеге өте құштар болған адам.

Ырғызбайдың ұрпағы қазынашыл қарт ардагер, Ниязбек Алдажаровтың естелігінде «Мен өз басым осы күнге дейін ер адамда Турағұлдай сымбаттыны көргем жоқ. Мен көргенде ол кісі ұзын бойлы, денелі, қызыл шырайлы, қою қара сақалды, қара мұртты өте сымбатты кісі. Турағұл сөзге шешен, майда тілді, биязы сөйлейтін өте қабілетті, парасатты адам болған. Абайдың балаларының ішінде орны ерекше дейтін, шынында да солай» – деп  жазғаны бар.

1904 жылы Кіші-Тобықты еліне болыс болып сайланып, 1905 жылы өз еркімен босатылған екен.

1917-1920 жылдары Семей өңіріндегі Алаш қозғалысына белсене араласып, әртүрлі қызмет атқарған. Тұрағұл жасынан әкесінің қолында тәрбиеленгендіктен Абай өлеңінің қай кезде жазылып, кімге арналғанын жақсы білген. Ол Кәкітай Ысқақұлымен бірге 1909 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын Петербургте басып шығарған. Турағұл Абай мұрасын жинастыруда, аса құнды мағлұматтар жазып, қалпына келтіруде көп еңбек сіңірді. М. Әуезовке «Әкем туралы» деген көлемді еңбек жазып берген. Турағұлдың осы еңбегін жазушы М. Әуезов жоғары бағалап: «ғұлама ақынның өмірбаянына қатысты мол мағлұматтарды осы кісіден артық ешкім берген жоқ, оларды керекті жеріне кірістіріп, түгел пайдаландық» деп, жазып кеткен еді.

Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, талантты жас шәкірттерінің сезім тербиесін толтырмақ болып, 1889 жылы музыка үйретпекші болғанын, сол мақсатпен Көкен еліндегі (Қaзіргі Семей облысы Жаңасемей ауданы.) Мұқа деген скрипкашыны аулына алғызғанын Мұхтар Әуезов атап айтады. Абайдың осындай тәрбиесінің арқасында бала жасынан өнерге бейім Тұраш, домбыра, скрипка сияқты музыка аспаптарын еркін меңгерген, шебер музыкант, өз шешесі Әйгерімге тартқан әнші де болады. Турағұлдың  бала жасынан зерек, ұғымтал, зерделілігімен  қоса өнерден де құр алақан емес, ол сонымен қоса ақын, аудармашы болған.

Турағұлдың  А.М.Горькийдің «Челкаш» атты аудармасы (1925), «Әкем Абай туралы» естелігі, зерттеу мақаласы «Абайдың ақын шәкірттері» жинағында (1993) жарық көріп, «Әкем Абай туралы» естелігі Б. Байғалиевтің құрастыруымен жеке кітапша болып шыққан (1993).  Ақын Джек Лондонның «Эскимос Киш» атты әңгімесін, «Балалық туралы ертегісін» (1927),  орыс жазушылары М.Горкькийдің «Челкаш», А.Неверовтың «Ортақшыл Мария», «Мен өмірге жерікпін» (1927) атты әңгімелері мен Б.Прустың «Әнтек қыран» деген шығармасын қазақ тіліне аударған. Көркем аудармадан бөлек А.Бельцерден «Қолдағы малдардың, құстардың құрт ауруы болмағы жайы» (1926), С.П.Пиридолиннен «Мал шаруашылығының насихаттары» (1926), Г.Сперанскийден «Балалы әйел не білу керек» (1927) деген ғылыми-медициналық кітапшаны т.с.с. кітаптарды да аударған. Мәскеудегі КСРО халықтары Кіндік баспасынан шыққан көптеген аудармаларында Тұрағұл өзінің аты-жөнін көрсете алмаған кездері  де болған. Сондай-ақ Тұрағұл Абайұлының Джек Лондоннан тәржімалаған «Мартин Иден» атты қолжазбасы сақталмаған. Тұрағұл «Алладан мен қапа боп, тілеген күн», «Хат», «Әбішке», «Жауап хат», т.б. өлеңдер жазған. Өз ағасы Әбдірахманға арнаған тағы басқа өлеңдері Абайдың қорық-музейі қорында сақтаулы.

Турағұл Абайұлының Алаш қайраткерлерімен байланысы Абай қайтыс болғаннан кейін басталды. Азаттық алу жолында  талмай күрескен, тәуелсіздікке жетуді басты мақсат еткендердің басында  Алаштың арыстары Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Турағұл сияқты ұлт жанашырлары тұрды. Алаш қозғалысы қуанышқа толы үмітпен басталып, қасіретпен аяқталды. Оның көсемдері елім деп еңіреген, ұлты үшін күрескен, халықтың жоғын жоқтаған аяулы тұлғалар еді. Аққан жұлдыздай аз ғұмыр сүрсе, алаш кезеңі – қазақ даласындағы өшпес тарих болып қала берді.

1916 жылдың 25 маусымындағы ақ патшаның майданға қара жұмысқа (тыл жұмыстарына) қазақтан адам алу жөніндегі жарлығына  бұхара халық қарсы шығып, Алаш қайраткерлері қарусыз халық босқа қырылып қалмасын деп қатты алаңдайды. Осыған орай Әлихан, Ахмет, Міржақып үшеуі «Қазақ» газетіндегі «Алаштың азаматына» мақаласында «қазақ шын қарсылық қылатын болса, ел-елге отряд шығады, онда бас пен малға бірдей әлегі тиіп, елдің іргесі бұзылады» дегенді айтып, елді бейбіт келісімге үгіттейді. Ұлт тағдыры таразыға түскен осындай қысылтаяң уақытта Тұрағұл Абайұлы Алаш қайраткерлерін қолдап шығады. 1916 жылдың маусым айының соңында Семей уезіне қарасты Шыңғыс, Шаған, Мұқыр, Қызыладыр, Беген, Семейтау, Бұғылы тәрізді жеті болыс елдің ақсақалдары Семей қаласында бас қосып жиын өткізеді. Осы мәжіліске Турағұл Абайұлы төрағалық етеді.

Белгілі ғалым Қ. Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт  томдық кітабында 1917 жылдың күзінде Семейде алғаш Алаш партиясының облыстық комитеті құрылған кезде Тұрағұл Абайұлы оған мүше болып енеді. Алайда оның Алашорда үкіметіндегі қызметіне байланысты мәселенің түбегейлі зерттелмегенін ескертеді. Турағұл Абайұлының Алаш тілегінде болып, оны ашықтан-ашық қолдап шығуы 1916-1917 жылдардағы Ресейдегі саяси оқиғалар кезінде айқын байқалады. Ұлт тағдыры үшін Тұрағұл да шет қалмаған. 1917 жылы Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа 43 адамның ішінде Семей облысынан Тұрағұл Абайұлының кандидатурасы ұсынылғаны «Қазақ» газетіндегі «Қазақ депутаттары»  мақаласында айтылады.

Турағұл Абайұлы Алаш партиясының басшылары Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасовтармен бірге Семей облысының уездері мен аудандарында Алаш партиясының ұйымдарын құруға белсене араласқан. Турағұл Абайұлы Алашорда үкіметіндегі саяси маңызы зор істерге үнемі араласып отырғанына оның Алаш атты әскерін құрудағы қызметіне қатысы дәлел болады. Семейде Алашорда үні болған «Сарыарқа» газетінде Алаш атты әскерінің алғашқы жеңістері туралы: 1918 жылы Алтай губерниясы бағытында большевиктерді өкшелей қуған Алаш әскерінің жеңіспен оралғаны, бұл әскерге Тұрағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Қаражан Үкібаев тағы басқалары қатысқанын айтады.

1918-1919 жылдары ел іші ақ пен қызылға бөлініп, азамат соғысы жүріп жатқан кезде Алашорда үкіметінің атты әскері мен милициясы қара халықты көптеген қантөгістерден қорғап қалуға көмек болғанын қазіргі алаштанушы ғалымдар ашық айтады.Сонымен қоса 1918 жылы Алтай губерниясы бағытында большевиктерді өкшелей қуған Алаш әскерінің жеңіспен оралғаны, бұл әскерге Турағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенов, Қаражан Үкібаев  және тағы басқалардың басшылық жасағаны да деректерде айтылады.

1922 жылы Семейде Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов тұтқынға алынғанда, Турағұл да түрмеге жабылып, төрт айдай отырып шыққан. 1927 жылы Турағұл Абайұлы екінші рет қамауға алынады. Түрмеден шыққан соң көп ұзамай мал -мүлкі кәмпескеленіп, Шымкентке жер аударылады.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Досжан Д. Абайдың рухы. (Ғұмырнамалық ой толғау). – Астана: Фолиант, 2008. – 432 б.
  2. Құнанбаев Т. Әкем Абай туралы. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 56 б.
  3. Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері: Бірінші кітап. – Алматы: Дәуір, 1993. – 224 б.
  4. Мұхамедханов Қ. Абай мұрагерлері. – Алматы: Атамұра, 1995. – 208 б.
  5. Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы Т. 3. – Алматы: Алаш, 2005. – 328 б.
  6. Алдажаров Н. Әйгерім балалары // Абай. – 2016. – №2. – Б. 43-48
  7. Әс-сем. Тұрағұл Абайұлын айыптау құжаттары // Абай. – 2007. – №1. – Б. 86-87
  8. Ердембеков Б. Абай және Тұрағұл  // Жалын. – 2012. – №4-10. – Б. 34-38
  9. Еспенбетов А. Тұрағұл естелігіндегі Густав Әмір кім? // Семей таңы . – 2015. – 18 тамыз. – Б. 6
  10. Кенемолдин М. Тұрағұл және Алашорда үкіметі // Семей таңы. – 2008. – 24 сәуір. – Б. 3
  11. Қадырова Л. Тұрағұлдың тәркілеуге түскенін айғақтайтын құжаттар табылып отыр // Дидар. – 2010. – 29 мамыр. – Б. 5
  12. Құмар А. Тұрағұл Абайұлы хақында // Абай. – 2011. – №1. – Б. 67-70
  13. Құмар А. Тұрағұл туралы үш дерек // Абай. – 2013. – №2-3. – Б. 91-94
  14. Махметов С. Тұрағұлдың шөбересі // Семей таңы. – 2019. – 17 қыркүйек. – Б. 4
  15. Мұқанов С. Абайдың ақын шәкірттері туралы // Абай. – 1992. – №4. – Б. 57-70
  16. Өмірбекова Н. Абай ұрпақтары  // Ана тілі. – 2016. – 7-13 қаңтар. – Б. 7
  17. Райқұл А. Абай ұрпақтары қалай қуғындалды? // Ана тілі. – 2013. – 30 мамыр – 5 маусым. – Б. 7
  18. Төртенова Г. Тұрағұлдың шөбересі // Ертіс өңірі. – 2017. – 17 қаңтар. – Б. 11
  19. Төртенова Г. Тұрағұл Абайұлы Алаш партиясына мүше болған ба?  // Дидар. – 2017. – 11ақпан. – Б. 20
  20. Шалқар К. Тұрағұлдан қалған тұяқ еді // Абай. – 2015. – №3. – Б. 40-48