Тас мүсіндегі Абай

Мүсін – Қазақстан бейнелеу өнерінің ең жас салаларының бірі. Қазақстан Республикасының монументальды скульптурасының дамуы тарихында айрықша орын алатын өнер туындылары – қазақтың біртуар тұлғасы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштер, яғни тас мүсіндегі Абай бейнелері болып табылады. Сондықтан, скульпторлар Абай бейнесін сомдауда ақынның өмір белестерінен өтіп, халық қамқоршысы, ел ағасына айналған кезін, толыққан, салиқалы бейнесін жасаған. Абай бейнесі халқымыздың бейнелеу өнері мен мүсін жанрында, ән өнері мен поэзия жанрында талай тума таланттардың таңқаларлық туындыларына арқау болды. Монументті салада Абай образын сомдау өткен ғасырдың 50-жылдарында бастау алды. Ақын ескерткіштерін жасау жобасына арнайы конкурс жарияланды. Қазақстан Республикасының монументальді скульптура дамуының жарқын көрінісі X.Е.Наурызбаев сомдаған еліміздің мәдениеті тарихында айшықты орын алған  мүсін 1960 жылы Алматы қаласында салтанатты ашылған Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіші болып табылады.

Ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры қызыл граниттен қаланған. Тұғырдың алдыңғы бетіне «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев (1845—1904)» деп жазылған. Мүсінші X. Е. Наурызбаев ақынның өмір белестерінен өтіп, халық қамқоршысы, ел ағасына айналған кезін, толыққан, салиқалы бейнесін жасаған. Ескерткіште басында тақия, иығына өңірі ашық желбегей шапан жамылған Абай сол қолына кітабын қысып ұстаған күйі терең ой үстінде ілгері басып келеді. Сәулетші И. И. Белоцерковский де ескерткіш тұғырын, ақын тұлғасын мазмұн жағынан байыта түсетіндей, Абайдың шыққан биігін символдық тұрғыдан бейнелей алатындай көлбеу өрлеткен. Сәтті сомдалған Ұлы Абай бейнесі қала сәулетімен үндесіп – Абай даңғылы ақынның поэзияда салған ұлы сүрлеуі сынды ерекше ансамбль құрып тұр., Абайдың шыққан биігін символдық тұрғыдан асқақтата бейнелей алған. Мүсінші ақынның ескерткішін жасау барысында М.О.Әуезовтің кеңесі бойынша Абай елі Шыңғыстауға барып ұлы ақынның жерлестері мен туыс жамағатымен жақын танысып, олардың мінез-құлқын, бет әлпеттерін, кескіндерін зерттеп бейнелік мол мағлұмат алған. Мүсінші X. Е. Наурызбаев пен сәулетші И. И. Белоцерковский ұтымды шешімін тапқан мүсін ақын тұлғасын мазмұн жағынан байыта түсетіндей.

Семей қаласының көрікті жерлерінің бірі – Абай ескерткіші. 1972 жылы Семей қаласында Абай алаңында Абай ескерткіші ашылды. Мүсінші қазақтың ұлы ойшылының бейнесін бейнелеудің мәнерлі шешімін тапқан.  Абай толық бойында, қазақтың әдет-ғұрпы бойынша кең шапанда киінген, басында қазақи тақия. Сол қолындағы  кітабы әдеби-ағартушылық қызметтің нышанын танытатындай,  ал  оң қолын кеудесіне басқан қимылы кескіннің шынайылығы әсерін күшейтеді. Бастың сәл қисайған жері Абайдың маңдайының  күрт доғаларды айқын  суреттейді. Мұнда  Абай халыққа бет бұрып, өзінің ішкі ойларын білдіретін сияқты. Ескерткіштің мәнділігі мүсіндік және сәулеттік бөліктердің дұрыс табылған арақатынасымен анықталады. Тұғырда Абайдың: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген сөзі жазылған. Материалы – тас. Авторлары: мүсінші Д.Г. Элбакидзе, сәулетші – Шингарев.

Ұлы Абайдың 160 жылдық мерейтойында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Мәскеу жеріне ұлы тұлғаның мүсінін орнату туралы ұсынысынан туындаған ескерткіш 2006 жылы Ресей астанасы Мәскеудің  «Чистые пруды» бульварында Қазақстан Елшілігі маңайында  ұлы ақынның  даналығы мен философиялық келбетін аша түсетін ой үстінде отырған, жан дүниесі рухани байлыққа  толы  тұлғасын сомдаған ескерткіш ашылды. жалпы ескерткіштің биіктігі– 2 метр, 60 см болды. Ескерткіштің екі жағына  қазақ халқының өзіндік салт – дәстүрін аша түсетіндей Тянь – Шань бөктерінен жеті қарағайды орналастырған. Орындаған авторлық ұжым: мүсінші М.Айнеков, дизайнер Т.Сулейменов, суретші Э.Дробицкий, сәулетші В.Романенко.

2010 жылы Астанадағы Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысында орналасқан Туризм және спорт министрлігінің алдында хакім Абайдың айшықты ескерткіші бой көтерді. Хакімнің жаңа ескерткіші стилобаттан, тұғыр мен мүсіннен тұрады. Оның жалпы биіктігі 14 метрден асады. Ал жеке Абай мүсінінің биіктігі – 7, 550 метр. Жоба авторы – алматылық мүсінші Болат Досжанов.

2011 жылы Әзербайжанның  Баку қаласында  Баку мемлекеттік университетінде ақын Абай Құнанбайұлы атындағы орталық ашылып, сол жерге ұлы ойшылдың бюсті қойылды.Орталық мамандары ұлы ақынның шығармашылығын қазақ тілінен тікелей әзербайжан тіліне аударумен айналысады.

2013 жылы Ташкент қаласында  ҚР елшілігінің жаңа ғимаратының Абайға арналған ескерткіш орнатылды. Ақын бейнесі арқылы  бүкіл қазақ халқының дархан көңілі мен ұлы ойшылдың дана тұлғасы сомдаған  ескерткіштің авторлары – белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев. Ескерткіштің биіктігі – 9,2 метр. Ескерткіш орнатылған Ташкенттегі Шайхантахур ауданындағы басты көшелердің бірі де Абай атамыздың есімімен аталады.

2014 жылы Қытайдың  Бейжің қаласында  “Цзинтай” көркем музейінде Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылған. Мүсінші Юань Сикунь.

2016 жылы Францияның Ренн қаласында қазақ ақынына бюст орнатылған. Абай Құнанбайұлының қола мүсіні Францияның Ренн қаласының Алматы бағында орнатылды. Алматы мен Ренн қаласы осыдан 25 жыл бұрын туыстас қала атанған, ұлы һакімге  орнатылған ескерткіш екі ел арасындағы достықты нығайтудағы маңызды кезең болып табылады.

2016 жылы Мысырдың Каир қаласы Абайдың бюсті Каирдің орталық саябақтарының бірінде орнатылған. Мысыр астанасында Абайға ескерткіш қою – мегаполистің маңызды оқиғасы екенін және қазақ пен мысыр халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсетеді. Бюстке қаражатты мысырлық меценат Хусейн әл-Шафии шығарған. Ал мүсін авторы мысырдың танымал мүсіншісі Усама әл-Серуи. Ашылу салтанатында Абайдың қара сөздері мен өлеңдері араб тіліне тәржімаланған кітаптар таратылған. Бюстің  авторы египеттік мүсінші Усама Аль – Серуи.

Қазақ халқының ұлы перзенті философ әрі ойшыл  Өскемен қаласында Абай Құнанбаевқа орнатылған ескерткіш. Ескерткіш авторы –мүсінші Е.Сергебаев және Б.Әбішев. (2009 ж).

2019 жылы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында орнатылған  ұлы Абайдың еңселі ескерткіші. Туындының авторы – тарбағатайдың тумасы, есімі селге белгілі суретші Әлібек Шоқанов. Жүрек тұсында – оң қолы, сол қолында кітабы бар данышпанның ойлы кейпіндегі бейнесін сомдаған мүсіннің биіктігі – 7 метр. Ескерткіш ұлы ақынның атындағы орталық алаңда орнатылған.

Сәулетті «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 1995 жылы ашылған. Абай-Шаһкәрім мавзолейі Жидебай жерінде орналасқан. Кесенелердің келбеті мұнара тәрізді, бір-бірінен пластикалық қасбетімен және күмбездерінің қалай біткендігімен ерекшеленеді. Абай мұнарасының биіктігі 32,5 метр, ал Шәкәрім мұнарасының биіктігі 31,5. Кесененiң iргетасының ұзындығы – 200 метр. Көлдеңiнен (енi) – 65 метр, биіктігі – 5м. Қабірлер арасы – 140 м. Бұл – қазiр әлемде үлкендiгi жағынан бiрiншi орында тұрған алып космостық құрылыс. Өйткенi, жер бетiнде мұның ауқымындағы ескерткiш жоқ екен. Бүгінде Жидебай – әдеби Меккеге айналған, үлкен тағзым етер орын. Жоба авторлары – КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі, Жапония мен Болгариядағы  Халықаралық конкурстардың лауреаты Бек Ибраев басшылық еткен сәулетшілердің шығармашылық тобы. Мемориал тұжырымдамасының негізіне қазақтардың дүниетанымын толыққанды да барынша білдіретін дәстүрлі космогониялық түсініктері алынған. Сәулетшi өз идеясында, тұтас кесене Сарыарқаның кең даласының төсiнде поэзия айдыныда баяу жүзiп бара жатқан Абай мен Шәкәрiмнiң қос желкендi кемесi сынды болып көрiнуi керек деген шешiмге келген болатын. Бұл кесененiң кеме сияқты жақсы көрiнiс беретiнi, күн қатты ысыған кезде далада сағым көтерiледi. Көрген адамға осы сағымда алыстан теңiз толқығандай болып тұрған заматта, Абай-Шәкәрiм кесенесi сол сағым-теңiздiң үстiнде үлкен бiр ой құшағында қалықтап тұрған, ойдың алып кемесi сияқты әсер етедi.

 «Ұлылар мекені» атанған киелі жер – Абай ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай,  Абайға аудан орталығынан қоладан ескерткіш орнатылды.  Аудан жұртшылығы, ауданда туып-өскен  белгілі азаматтар мен жеке кәсіпкерлер демеушілік жасаған ескерткіштің  айналасын абаттандыру жұмыстарына қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген. Ауданның ажарын арттырып, сәулетіне сән беретін, рухани күш сыйлайтын көрнекті, заманауи ескерткіштің авторы –  кәсіби мүсінші, абайлық Нұрбол  Қалиев. Қоладан сомдап шыққан  ескерткіштің биіктігі 4 метр 60.

2018 жылы Ақтау қаласында мүсінші Бағдаулет Еркінбековтың авторлығымен Абай ескерткіші «Абай» атындағы мәдени демалыс кешенінің алдына орнатылды. Биіктігі 5 метр, ені 3,3х3,6 см.

 2019 жылы  Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласында  Аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы мен Абай Құнанбаевқа арналып ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің биіктігі – 4 м. Мүсін таза мыстан жасалған, ескерткіш мешіт жанында орнатылған. Өйткені, Алла үйін 1851 жылы Қарқаралы уезінің аға сұлтаны болған Құнанбай Өскенбайұлы салған. Мүсіндік композицияның авторы – Сәкен Дәулетбаев.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Абай. Энциклопедия /Бас редакторы Р.Н. Нұрғалиев.-Алматы, «Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясы, «Атамұра» баспасы,1995.-720 б.
  2. Астана: монументы и скульптуры/Составитель Б.Болатұлы.-Астана: Фолиант, 2018.-208 с.
  3. Байсымбекова Ж.Абай ескерткіші Мәскеуде орнатылуда. // Қазақ әдебиеті.-2006.-10 ақпан.-б.-1.
  4. В Москве-памятник Абаю//Спектр.-2006.-6 апреля.-с.2
  5. В честь великого поэта. Бескарагайский район// Рудный Алтай.-2014.-27 августа.-с.3
  6. Қасым А. Еңселі ескерткіштер сап түзеді. // Егемен Қазақстан.- 2017.-25 шілде.-б.-3
  7. Миллер И. Французский вояж // Экспресс К.-2016.-18 октября.-с.2
  8. Осипов В. Памятник Абаю в Каире // Казахстанская правда.-2016.-18 октября.-с.2.
  9. Осипова И. Вечен творец бессмертного слова // Рудный Алтай.- 2015.-23 апрель.-с.- 13.
  10. Памятники истории и культуры Казахстана. Выпуск 2-й: Научно-популярный и информационный сборник/Центрального совета Общества охраны памятников истории и культуры Казахской ССР.-Алма-Ата, Казахстан,1986.-120с.
  11. Памятники истории и культуры Восточного // Научно-популярный и информационный сборник/Центрального совета Общества охраны памятников истории и культуры Казахской ССР.-Алма-Ата, Казахстан,1986.-120с.
  12. Райқұл А.Ескерткіштері еңселі Ақорда. // Егемен Қазақстан.-2016.- 15 маусым.-Б.-3.
  13. Французский вояж Абая. // Экспресс .- 2016.-18 октября.-с.3.