Кәкітай Ысқақұлы
(1869-1915)

Кәкітай Ысқақұлы – Абай мұрасын тұңғыш рет жеке кітап етіп бастырған адам. Ол жөнінде Мұхтар Әуезов: «Қазақтың мәдениет тарихына, Абай мұрасына ерекше еңбек сіңірген. Абай өзі тәрбиелеп, баулыған жас жұртшылықтың көрнекті өкілі болған Кәкітай Ысқақұлының еңбегін айрықша айту керек», – деп баға беріп, ерекше ілтипатпен жазған еді.

Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев Шыңғыс тауының бауырында Ақшоқы деген жерде туған. Әкесі Ысқақтың тұңғыш баласы. Әкесінің қойған шын аты – Ғабдулхакім, бірақ шешесі еркелетіп Кәкітай деп атап кеткен. Кәкітай Ысқақтың екінші әйелі Тектіден туған тұңғыш баласы.

Сегіз жасында ауыл молдасынан сабақ алады. Жасынан ұқыпты, пысық Кәкітай сабақты жақсы ұғып, 2-3 жылдың ішінде түрікше, арап, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды оқитын болады.

Бірақ бұдан ары оқи алмай, ауылдағы шаруашылықпен айналыса бастайды.
Абай баласы Мағауия мен Кәкітай құрдас болғандықтан екеуі жас бала күнінен үнемі бірге ойнап-күліп, тату-тәтті құрбы, айрылмас дос болып өседі. Екеуі де ауыл молдасынан сабақ алып, сауатын ашады. Бірақ Мағауия он төрт жасында Семейдегі орыс мектебіне оқуға түседі де, Кәкітай белгілі бір себептермен ауылда қалып қояды.

Жасынан оқуға қабілетті, зерек, талапты Кәкітайды Абай жақсы көріп, одан үлкен үміт күтеді. Сөйтіп, бала жастан Кәкітайды өз қамқорлығына алып, тәлім-тәрбие береді.
«Әлдеқалай себептермен қалаға барып оқи алмай қалып, өз маңайына жиналған іні, бала, ағайын-туысқан сияқты жастардың тәрбиесін қатты ескергендіктен, Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, бұлардың сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны алғызады.

Тағы сол жылы Әсет деген ақынды да сақтайды», – дейді Мұхтар Әуезов.
Кәкітай ес біліп есейген шағынан бастап Абай өмір сүрген ортаның қыры мен сырын танып, ақын өмірінде орын алған елеулі оқиғалардың бәріне де тікелей араласты.

Көптеген Абай шығармаларының дүниеге келу сыры мен жазылу себептерін өз ортасында кімнен болса да анағұрлым жетік білді. Абай өлеңдерінің қай жылы жазылғанын анықтау жолында да көп еңбек сіңірді.
Кәкітай Ысқақұлы жазған Абайдың тұңғыш қысқа түрдегі өмірбаяны өз заманында елеулі қызмет атқарып, соңыра абайтану тарихынан лайықты орны мен бағасын алды.

Кәкітай Абай қайтыс болған соң, ұстазының асыл мұрасын жинап, 1909 жылы бастырады. Бұл Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы еді. Абай жинағының соңында ақынның өмірбаянын береді.

«Мектепке барып оқу оқи алмаса да, Абайдың саналы шәкірті болған Кәкітай орысша, мұсылманша хат таниды. Үлгілі кітаптарды көп оқып, көп ізденіп сана-сезімі ерте оянып, өз замандастарының ортасында білімді, мәдениетті адам болған. Абайдың үлгі-өнегесін, тәлім-тәрбиесін алып, өскен шәкірті. Кәкітай – Абай өлеңдерін, ғақлия сөздерін қолжазба арқылы елге таратушының бірі. Сонымен қатар өзі де өлең жазатын болған. Кәкітай жазған өлеңдер өз дәуірінде баспаға шықпағандықтан, толық сипатталмаған. Кәкітайдың Әбдірахман науқастанып жатқанда жазған екі өлең-хаты сақталған», – дейді белгілі абайтанушы Қайым Мұхаметханов.
Кәкітайға біткен зор қасиет адалдық болған. Бүкіл өмірінде досы болсын, дұшпаны болсын Кәкітайдың жаман қасиеттерін ешкім айта алмаған. Кәкітай қайтыс болғанда Әубәкір жоқтау өлең шығарып: «Айнадай ақ көңілді қайран Кәкем, сен тұрғанда өзгені неге айтамын», – дейді. Кәкітай өмірін бейқамдықпен, салақтықпен өткізбейтін. Ол туралы Мағауия: «Біздің Кәкең ұстаудағы адам сияқты ұйқыны да сағатпен ұйықтап, тамақты да сағатпен ішеді, жұмысты да сағатпен істейді», – деп сын айтады екен.
Абайдың жанында 24 жыл бірге жүрген Кәкітай Ақынның жұмсауымен, ақылымен жер дауы, жесір дауы мәселелеріне араласып, сәлемін жеткізіп тұрады. Жанашыр туысы, жанын түсінер досы бола біледі. Ұлы ақын басына қастандық әрекеттер ұйымдастылығанда оған сенімді серік бола білді.
Бұған Абайдың сенатқа жазған хатында Ғабдұлхакім Ысқақовтың есімін атап, куәға тартуы дәлел бола алады.

Абайдың жылы өткен соң, Кәкітай мен Тұрағұл Абайдың өлеңін, қара сөздерін жинап, бастыруға талаптанды. Ұлы ұстаздарының мұрасын баспаға әзірлеуге ақынның барлық шәкірттері де, әрбіреуі өз мүмкіншіліктеріне қарай аянбай атсалысқан. Бірақ осылардың бәріне ұйытқы болып, басшылық еткен Кәкітай болды.
«Мен Абайдың қарызын ұмытпай, шамам келгенше қызмет етуді өз борышым деп біліп, арттағы жастарға қалдырған өсиетін, қазақ халқына істеген еңбегін баспаға бастырып, көпке таратуды міндетіме алдым», – дейді Кәкітай.
Көзі тірі кезінде Абай жазғандарын реттеп, кітап қып жиғызбаған. Бір-екі бет қағазға жазып ел қолына тарап кеткен. Көшіріп жазып алып, кейбіреулері жаттап алатын болған. Сол бытырап кеткен өлеңдерді жинау, оны реттеу оңай болған жоқ. Егер Кәкітай Абайдың сол өлеңдерінің көбін о баста оқып, талайын жаттап алған шәкірті болмағанда ақынның осы кезге жеткен шығармалары да бәлкім қалмаған болар еді. Көптеген өлеңдері мен қарасөздері сақталмай жыртылып қалған.
1906 жылы жаз шыққанда Кәкітай Мүрсейіт молданы шақырып алып, жиналған Абай өлеңдерін реттеп жазуды тапсырып, оңаша қосқа отырғызады. Мүрсейіт асықпайтын, сұлу жазатын адам еді, біріншісін тұтас екі бетке жазып, одан кейінгісін бір жағын ақ тастап қайта көшіртіп дайындайды. Осы күнгі Мүрсейіт қолжазбасы деп аталып жүрген сол Кәкітай жинап жаздырған кітаптың көп көшірмелерінің бірі.
Абай шығармалырының көшірмесі дайын болысымен 1907 жылы Кәкітай Омбы қаласына аттанады. Ол кезде Омбыда Әлихан Бөкейханов тұратын еді. Кәкітай мен Әлихан 1900 жылдан таныс болған. Әлихан өз естелігінде: «Әуелі Кәкітайды 1900 жылы күздігүні көрдім. …1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылғы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып Омбыдағы маған келді… Кәкітай біздің үйде бірер жұмадай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-майрам болдық. Анық таныстық». Сөйтіп Кәкітай Абай шығармаларының қолжазба жинағын Әлихан Бөкейхановқа апарып тапсырған.
«Ә.Бөкейханов 1905 жылы Абайдың өмірбаянын орыс тілінде жазып, Семейде шығып тұратын «Семипалатинский листок» атты газетте жариялайды. Сол мақаласы «Абай (Ибрагим) Құнанбай (некролог)» деп аталған. Екінші рет, 1907 жылы, «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русскогогео графического общества» деп аталатын кітапта басылып шықты. Мақаланың соңында: «Биографические данные для этого некролога доставил племянник Абая Какытай Скакович Кунанбаев» деп жазылған», – дейді Қайым Мұхамедханұлы.
1905 жылдан баспаға әзірленген Абай өлеңдерінің жинағы төрт жыл бойы жарық көре алмай, тек 1909 жылы Петербургтағы Илияс Бораганский баспаханасында басылып шығады. Бұл Кәкітай Ысқақұлының ерінбей еткен еңбегінің нәтижесі еді.
Кәкітай тек Абай шығармаларын жинап бастырушы ғана емес, сонымен бірге өте ұқыпты текстолог болды. 1945 жылы Абай шығармаларының академиялық баспасының мәтінін анықтауда Кәкітай мәтінінің көп жәрдемі тиді.
Кәкітай жазған Абайдың бірінші өмірбаяны жинақтың аяғында басылды. Кәкітай ақынның өмір тарихын оның үшінші атасы, қолбасы батыр, елбасы, бай болғанын, Ырғызбайдан бастап, оның соңғы атасы, халық ортасында әділ би атанған Өскенбай туралы мағлұмат берді. Абайдың өз әкесі Құнанбай қажының мінезін, адамшылық қадір-қасиетін қысқаша баяндап, шешесі Ұлжанның Қаракесек, Бошан руының белгілі биі Бертістің тұқымы екенін жазады. Сөйтіп, Абайдың өзін терең түсіну үшін ең алдымен оның ата-тегін, тәлім-тәрбие алып өскен ортасын білу қажет деп түсінді.
Абайтанудың білгірі Қайым Мұхаметханов: «Кәкітай Абай мұрасына ерекше зор еңбек сіңірген мәдениет қайраткері ғана емес, ол сонымен қатар, өз заманында, саяси-әлеуметтік іске белсене атсалысқан, қоғам қайраткері ретінде абыройлы азамат болған», – деп Кәкітайдың еңбегіне зор баға берген.

 Әдебиеттер тізімі:

Мұхамедханов Қайым.  Абай кітабына алғаш шығарған Илияс Бораганский [Текст] = Ильяс Бораганский- первый издатель книг Абая / Қ Мұхамедханов. – Алматы : Центр образования и культуры имени Каюма Мухамедханова, 2009. – 64 б.

Ысқақұлы Кәкітай.  Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі [Мәтін] / К. Ысқақұлы // Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл. – 2016. – №1(81). – Б. 2_

Байтоқова А.  Кәкітай [Мәтін] / А. Байтоқова // Ертіс өңірі. – 2015. – 29 сәуір. – 8 б.

Ахметов Дархан. Талғамы бөлек танымдық кеш [Мәтін] : кәкітай Ысқақұлының туғанына -145 жыл / Д. Ахметов // Семей таңы  . –  2014. – 19 желтоқсан. – б. 2._

Мұхамедханұлы Қ.. Абайдың ақын шәкірттері. – Алматы: РГЖИ «Дәуір». – 1994. 336 б.

Абай туралы естеліктер. – Семей. – Абай мұражайы кітапханасы сериясы. – 2011