Абай бейнесі бейнелеу өнерінде

Ақын және ағартушы, ұлы Абайдың бейнесі  тұлға ретінде әр түрлі уақыт кезеңдеріне көптеген көрнекі суретшілерге қызығушылық танытты.

Қазақстанда және одан тыс жерлерде танымал болған көптеген суретшілер өздерінің шығармашылық жұмыстары барысында жылдар бойы еңбек етіп, ойшыл өмірінің әр түрлі кезеңдерінде Абай образын жасады.

Абайдың бейнесі көрнекі зерттеу және салыстыру арқылы әртүрлі техникада жасалған. Мысалы, қарындаш, акварель, кенепке майлы бояулар, мүсіндер арқылы көруге болады.

Бүгінгі таңда  ұлы Абайды және ақын шығармашылығын бейнелеу өнері арқылы жұртшылыққа жеткізуге  тырысқан  суретшілер Абай мен оның шығармашылығы тақырыбына жүгінді, ақын бейнесі кескіндеме, графика, мүсін өнерінде сақталған. Үш жүзге жуық  суретші Абайға, оның туыстарына, шығармаларының кейіпкерлеріне, өзі өмір сүрген табиғатқа арналған мыңнан астам туындылар жасады.

Ұлы Абайдың тұлғасын  суретшілер терең түсіне, түйсіне отырып суретпен нақты жеткізе білді.

Қылқалам шеберлері ұлы ақын бейнесіне 30-шы жылдардың ортасынан, әсіресе 40-шы жылдардың басында назар аудара бастады. Алайда ақынның бейнесін сомдап, шығармашылығын суретіне арқау ету кез келген суретшінің қолынан келе бермейді және Абай фотосуреттерінің некен-саяқ болуы. Солардың бірі, әуесқой суретші Павл Лобановскийдің 1887 жылы ақын бейнесін жүзбе-жүз отырып салған суреті. (Абай, 1887 ж.қарындаш). Лобановскийдің қазіргі уақытқа дейін 7 суреті сақтаулы, солардың бірі – ұлы ақынның қарындашпен салынған портреті. Уақыттан сарғайған қалың қағазға жай ғана қарындашпен салған портреттің маңызы зор, себебі ол Абайдың көзі тірі кезінде салынған жалғыз портрет.

Орыстың әуесқой суретшісі, әскери қызметкер, «Халық еркі» тобына қатысқандығы үшін сотталып, Ростовтан Семейге жер аударылып (1884-1887) келіп, Абаймен танысқан. Ол Абайдың өз бейнесін көріп отырып портретін салған (қарындаш) бірден-бір автор. Суретші кейіпкерін ешқандай әсірелеусіз шынайы бейнелеуге күш салған. Абайдың басында тақия, дөңгелек бет, селдір мұрты мен сақалы қысқа да жинақы. Үстіне кигені қазақы шапан, терең ойға шомып, әлдебір алыстарға ой жүгіртіп отыр ма дерсің. Нағыз қазақи қалып П.Д.Лобановскийдің салған суреті қазақтың ұлы ақыны, қоғам қайраткері Абайға деген достық – сүйіспеншілік ниетінен барып дүниеге келген өнер туындысы деп тануымызға әбден болады. Қарындашпен салған Абайдың портретіне «Семей уезі Шығыс болысының қазағы. Қазақ даласына ерекше белгілі Құнанбай Өскенбаевтың  баласы. Өзі де жеткілікті мөлшерде әйгілі адам, өз халқының  әдет-ғұрпының білгірі, қазақтар ортасында үлкен ықпал иесі. 45 жаста» деп жазылған автордың қолтаңбасы қойылған өте құнды құнды жазба қалдырған. Лобоновскийдің Абай туралы жазған түсініктеме – жазбасы да  Абайдың көзі тірісінде жазба әдебиетінде жазылған алғашқы лебіз болып табылады. 1887 жылы бұл портрет  Сібір – Орал ғылыми – өндірістік көрмесіне қатысады.

Шығарма ағартушы ақынның тұлғасын өзінің көзі тірісінде бейнелеген асақұнды тарихи құжат болып табылады (портрет Абайдың әдеби-мемориал музейі қорында).

Кәсіби суретшілердің ішінде Абай портретін алғаш салған Николай Иванович Крутильников еді. Суретші 1924 жылы кенепте майлы бояумен Абайдың көлемді портретін салып бітірді. Портретте  Абай Шыңғыс тауының көрінісін, аспандағы алашабыр бұлттың көшіп бара жатқан бейнесін беру арқылы ақын көңіл күйіне нанымды бір келісі тапқандай, ішкі әлемін аша түсерліктей көріністі бергісі келген. Абай портретін жасауға ақынның фото – бейнесінен алшақтап кетпегенін, ұлы ақынның табиғи бейнесін бергісі келгенін байқауға болады.

Суретші 1947 жылы Абайдың туған жеріне, Шыңғыстауға келген. Осы сапарының нәтижесінде «Шыңғыстаудағы жаз», «Қарауылтөбе», және басқа уындылар легі дүниеге келген еді. Суретші ізденісінің нәтижесінде туған бұл суреттерден үлкен талант иесінің өз шығармашылығының әр кезеңінде данышпанды жаңаша сомдағанын көре аламыз.

Абай тұлғасы қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, классикалық жанрдың негізін қалаған Ә.Қастеевтің сүйікті кейіпкері болды. Суретшінің қылқаламынан туындаған «Абай киіз үй алдында», «Жас Абай», «Абай жаз жайлауда» шығармалары осыған дәлел. Ә.Қастеев Абай еліне екі рет келіп, ұлы ақын жайлы мәліметтер жинап реалистік тамаша еңбектер қалдырды. Қастеевтің «Киіз үйдің жанындағы Абай» (1938 ж, акварель)  картинасында өзінің туған ауылы, кең қазақ даласы аясында – өзінің  адал ұстазы А.С. Пушкиннің кітабымен бірге суреттеген, онда  суретші анықтыққа, руханиятқа, білімге деген бұрын-соңды болмаған құштарлықты ерекше атап өтті. Ал суретшінің   қазақ ағартушысын өте жас студенттік кезеңіндегі  Абайдың даналығы, ілімпаздығы, ізденгіштігі қолына қалам, қағаз ұстап тұрған күйін   суреттеген «Жас Абай» (1945 ж,  акварель) туындысында байқауға болады.

Қиялы Абайдың жеке тұлғасы мен тағдырын жаулап алған суретші, кеңес графигі Е.Сидоркин  болды, ол графикалық өнер шығармасын көркем бейнесіне де жақын етіп көрсете білді. (1960, 1970 жж, литография).  Суретші 1960 жылы Мұхтар Әуезовтің шоқтығы биік «Абай жолы» шығармасын көркемдеуге ақ-қара линогравюраны таңдайды, арада он жыл өткеннен кейін 1970 жылы екінші рет оны автолитография тәсілінде орындап, өз дәуірінің энциклопедиясы аталған осы үлкен эпопеядағы ең басты оқиғаларды қамтып, романның мазмұны бойынша ғана емес, сонымен қатар оның көркем бейнесіне де жақын етіп көрсете білді. Талас туғызбайтын шығармашылық табыстарына «Құнанбай», «Тəкежан», «Жұт», «Əйелдер бейнесі», «Қалыңдық», Əуен», «Бейіт басында» парақтарын атауға болады. Əрбір сурет үшін Е. Сидоркин шығарманың сюжеттік негізіне сүйене отырып, жеке композициялық шешім таба білді.

Абай тақырыбына  қазақ кескіндемешісі және кино суретшісі, кәсіби сурет өнерінің классигі Айша Ғалымбаева да көп еңбек сіңірді. 20 ғасырдың 60-жылдары кино өнеріндегі ең алғашқы, әрі дипломдық жұмысы «Абай әндері» киносценарийіне декорациялар, костюмдер мен кадрлар көрінісінің эскиздері «Абай әні» кинофильмі желісіне арналған кескіндемелік шығармалар топтамамаларын («Билер соты», «Үйлену тойы», «Той», «Айтыс», «Кездесу», т.б.) салды. Сонымен қатар болашақ фильмнің сюжеттік арқауына драмалық жағдайлар да қоса өрілді: «Жазалау», «Қорғанда», «Абай далада», «Абай киіз үйде» шығармалары, «Айтыс». Суретші Абайға тəн орта мен тұрмыстың ерекшеліктерін жəне жалпы ХІХ ғасырдың соңында қазақтардың өміріне тəн жағдайды сүйіспеншілікпен, əсірелемей жеткізе білді.

Хакас халқының тұңғыш кәсіби суретшісі, «Жібек жіп шебері» атанған Григорий Аткнин зайыбымен бірігіп, Абай портретін кестемен өрнектеген. Абай бейнесін,  талғаммен таңдап алынған жіп түстерін, киген киімін асқан ұқыптылықпен кестемен өрнектеп жеткізе білген еңбектің де сәтті  шыққан  туындылар қатарынан орын алуына мүмкіндік берді.

Бейнелеу өнеріндегі Абай тақырыбын кеңейтуге кеңес суретшісі, Қазақ КСР халық суретшісі (1974). Семейдің қоғамдық кітапханасының тұрақты оқырманы болған Л. Леонтьевтің  туындысын айтуға болады. Суретші «Кітапханадағы Абай», (1969 ж. қағаз, көмір, қарындаш) картинасында Абай образын үлкен даналықпен суреттеп, психологиялық иірімі мол, бояуы қанық, ақын жүзінде ерекше салмақтылығымен бірге, оның ақыл-ойы мен ерік-жігерін ажыратуға тырысты.

Абай бейнесін   шығармашылығының желісі бойынша сурет салған суретшілер бірі    Исатай Исабаев. Суретші Абай мен оның замандастарының бейнесін нақпа-нақ жеткізуді көздемеген. Мейлінше, ақын өмір сүрген ғасырдағы тірлік тынысын және тарихи оқиғаларды оқырманның көз алдына әкелуге талаптанған.

График – суретші   К. Я. Баранов  «Абай»  (1981 ж, қағаз, автолитография) туындысында ұлы ақынның  бейнесін литография әдісімен салған. Суретші  (Абайдың ішкі бейнесінің жинақылығын, оның шығармашылық тұлға екендігін белгілі дәрежеде көрсете білген.

Шығармашылығының өзіндік мәнері қалыптасқан шебер суретші, кескіндемеші Жұмақын Қайрамбаев (1951)  қара сөздің атасы, ұлы ақын Абай образын философиялық терең мазмұнға бай суреттеген. Жасыл түсте шешім тапқан ақынның иыққа дейін бейеленген портреті рамаға сыймай тұрғандай. Суретшінің пікірі бойынша мұндай шешім ақын Абай тұлғасының қазақ халқының маңдайына сыймайтын, таланты мен дарыны өлшемге келмейтін ұлы даралығын меңзейді.

Кескіндемеші, мүсінші, графикалық суретші, фотограф Урманче Бақи   1945 жылы киіз үйде бейнеленген Абай бейнесін қайта жасады (Абай портреті, 1982 ж.).Суретші киіз үйде жұмыс үстінде отырған Абай бейнесін бейнеленген,  сурет  ұстамды, ауқымда боялған.

Қазақстан суретшісі, кескіндемеші Тоғысбаев Тоқболат туған ел табиғатын бейнелеуде өзінің қайталанбас қолтаңбасын айқын аңғартты, заман мен адамды асқақ жырлаумен ұлттық бейнелеу өнері тарихында терең із қалдырды. Тоғызбаевтың кескіндеме, монументалды және декоративті-қолданбалы картиналары – шығыс және батыс мәдениеттерінің  өнерімен үйлесімін тапқан. Ол «Ойшыл Абай» (1971 ж.),  «Абай Құнанбаев» (1982 ж.) еңбектерін салды.

Кескіндемеші, қазақ монументті кескіндеме өнерінің негізін салушылардың бірі,  ҚР ҰҒА-ның академигі Қанапия Темірболатұлы Телжановтың әр жылдары қаламынан туған «Амангелдi Иманов», «Алғашқылар», «Жамал», «Әмина әже», «Домбыра әуендерi», «Атамекен», «Көкпар», «Шопандар», «Бүркiтшi», «Қыз қуу»,  «Абай»  және өзге де картиналарынан қазақ батырларының өршiл  тұлғасы, аналарымыздың мейiрiм-шуағы, аруларымыздың нәзiк жаратылысы, ауыл тұрғындарының дархан мiнезi табиғи қалпында   суреттелген. («Абай», 1969 ж).

Қазақстан Республикасының халық суретшісі Нағым-Бек  Нұрмұхаммедов бейнелеу өнеріне деген қызығушылық пен ынта-жігермен үлкен тарихи картиналарды да, қазіргі өмірдің экспрессивті сәттерін бейнелейтін картиналарды да, портреттерді, ресми және психологиялық, пейзаждарды суреттейді. 1971 ж.)  Абайдың портретін салған.

График-суретші Кисамединов Мақым Мұстақұлы  диплом жұмыс ретінде М.Әуезовтың «Абай жолы» романына иллюстрациялық топтамасын  дүниеге әкелген. Осы романға арнап әңгіме ретінде баяндалатын  иллюстрациялар жасап, оның «Абай», «Жас Абай» линогравюраларында одан әрі дамытты. Суретшінің басты туындыларының бірі –  «Абай» портретінде ақын киіз үйдің айқара ашылған есігінен шығып келе жатыр. Иығына шапан жамылған ақын тұлғасы көрнекті, иілген есік жақтаулары ұлттық өрнекпен көмкеріліп, шығармаға асқақ сезім мен монументтік қалып береді.

Қазақстан суретшісі, кескіндемеші Шаяхметов Камил Махмудұлы «Бала Абай орыс мектебіңде» (1969), «Жігіт Абайдың портреті» (1971) туындыларын жасаған. Ол ерекше жылулықпен Абайдың орыс мектебінде сабақ оқып отырған ойлы бейнесін  суреттеген.

Қазақ суретшісі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, тәуелсіз “Тарлан” сыйлығының лауреаты Үкі Әжиев 1969 ж.),  «Бала Абайдың оқудан ауылға оралуы» туындысын, М.Әуезовтің портретін салды. Оның портреттері шыншылдығымен, нақтылығымен көрініп, суретші талантының жан-жақтылығын танытады.

Шығыс Қазақстан өңіріне танымал суретші Нұрбұлан Өтепбаев бірнеше жыл бойы Қасқа-Бұлақ ауылында тұрып, ұлы ақын Абайдың туған жерімен, туыстарымен, достарымен танысты, әдеби-тарихи материалдарды зерттеді. Нәтижесінде суретші Абайдың туыстары мен ақынның портреттерінің сериясын жасады. Сурет виртуоздық шеберлігімен, көркемдік әрімен таңқалдырады.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Абай. Энциклопедия. Алматы, «Атамұра», 1995.-Б.-720.
  2. Айтбаев С. М,Советский художник, 1978.- 70 с.
  3. Әжиев Үкі : монография / сост. Б. Қ. Барманқұлова. – Қазақстан
  4. бейнелеу өнерінің шеберлері. – Алматы : Өнер, 1984. – 155 с.
  5. Баранов К. : Альбом / К Баранов ; құраст. Р Әміров. – Алматы : Өнер, 1986. – 136 б.
  6. Барманкулова Б. История искусств Казахстана. В 3- х т.-Алматы: «Өнер», 2011. Том3.: Живопись.Графика. Скульптура-192 с.
  7. Бейнелеу өнері / З Айдарова, Л Дирксен. – Астана : Фолиант, 2010. – 216 б.
  8. Бейсенбаев М. Абай суретін алғаш салғандар.// Абай.- 1993.-№7.- Б.-29.
  9. Вандровская Е. По залом галереи./ Алматы, «Жазушы». – 62 с.
  10. Вандровская Е. Абылхан Кастеев. /М, «Совет художник».- 1955.-61 с.
  11. Ғалымбаева А. : Альбом / құраст. И Рыбакова . – Алматы : Өнер, 1981. – 107 б.
  12. Жолбосинова Р. Молодые художники Казахстана. /Алма – ата, «Жазушы».-1972.-48 с.
  13. Леонтьев Л.: Альбом. – Алматы : Өнер, 1983. – 144 б.
  14. Исабаев И.Жанымды сыйладым халқыма .Фотоальбом /Алматы: «Асыл сөз» баспасы, 2016.-240 б.
  15. Кенбаев М. : альбом. Қазақстан бейнелеу өнерінің шеберлері / құраст. Н Полонская. – Алматы : Өнер, 1983. – 132 б
  16. Қазақстанның бейнелеу өнері А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік кітапханасы. – Алматы : , 1982. – 35 б.
  17. Қайрамбаев Ж. Альбом.-Алматы: «Өнер баспасы, 2008.-160 б.
  18. Қастеев Ә.: монография / Ф Дінисламов. – Алматы : Көркем әдебиет баспасы, 1964. – 100 б.
  19. Мастера изобразительного искусства Казахстана./ Ергалиева Р.А., Алматы, «Жибек жолы».-2009.-200 с.
  20. Туруспекова Х.Х., Шарипова Д.С. и др. – Алматы: ИД «жібек жолы», 2009,-200 с.
  21. Нурмухаммбедов Н. Искусство Казахстана. М, Искусство, 1970.- 160 с.
  22. Өтепбаев Н. Өнердегі философия. // Семей.-2018.-Б.-6.
  23. Сурет әлемінде : Альбом / М Палаткин. – Алматы : Балалар әдебиеті, 2007. – 72 б.
  24. Тельжанов К. – Алматы : Өнер, 1982. – 118 б.
  25. Тоғысбаев Т. : Альбом / құраст. Р Жангужин. – Алматы : Өнер, 1989. – 103б.